Семейде футзалдан мектепаралық турнир өтті
Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары кезекті істің жаршысы болып отыр. Сәуір айының басынан бері бұл мектепте үстел теннисі, футзал, баскетбол, волейбол түрлерінен қалалық фестивальдер толассыз өткізілуде. Жақында ғана дәл осы білім ордасында шағын футзалдан қалалық турнир ұйымдастырылып, оған жалпы саны бес команда қатысқан болатын.
Жарыстың басты ерекшелігі – қатысушы командалардың барлығы қала біріншіліктерінде жүлделі орындарды иеленіп жүргендер. Турнир барысында аладопты аяғында ұршықша үйіріп, қалада өздеріне қарсылас шақ келтірмеген № 11,23,26 орта мектеп пен Зияткерлік мектептің қос бірдей командасы өз араларында кіл мықтыларды анықтады.
Жарыстың қорытындысына сәйкес, Нұржан Жақсыбаев пен Бауыржан Құдайбергенов дайындаған Зияткерлік мектептің жас футболшылары жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, кубокты қанжығаларына байлады. Сондай-ақ, өздерінің шапшандығымен ерекшеленген №11 орта мектептің командасы 2-ші орынға лайық деп танылса, ал №23 орта мектеп аяқдопшылары 3 –ші орынға жайғасты. Үздік ойын көрсеткен ойыншылар да назардан тыс қалмады.