Семейде республикалық пікір-сайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды
Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде "Шығыс жастары" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Семей қаласының әкімінің кубогына арналған «Астана орындалған арман» атты республикалық пікір –сайыс турнирі өтті.
Екі күнге созылған додаға Қазақстанның әр түкпірінен келген жалпы саны 30-ға жуық фракция қатысып, өз араларында кіл мықтыларды анықтады. Тартысқа толы өткен турнирдің іріктеу және финалдық ойындары Британдық Парламенттік форматында (БПФ) ойнатылды.
Сөзді бірде салқындатып, бірде оттай жалындатып, тапқырлықпен сөз суретін салған қатысушылар «БП "Рухани жаңғыру" бағдарламасы өз миссиясын орындауда деп есептейді», «БП жұмыссыздықтың жоғары жағдайында, минималды еңбек талаптарын төмендетеді» деген сынды тағы да басқа көптеген тақырыптарды талқылап, финалға шығуға бар күштерін салды.
Жарыстың қорытындысына сәйкес, Семей дебат қозғалысына үлкен серпіліс әкелген «Конгресс» интеллектуалды дебат клубының жас буындары Елдос Оразханов пен Қуаныш Орманбеков жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, кубокты қанжығаларына байлады. Ал ойнау стильдерімен ерекшеленген Курчатов қаласының намысын қорғаған Мирам Тұрысбеков пен Әмір Әзімхан
ІІ орынға лайық деп танылса, өскемендік пікірсайысшылар - Ильяс Дәулетин мен Наргиз Айтмұхаметова үздік үштікті қорытындылады. Сондай-ақ, төрт раундтың көрсеткіші бойынша ең жоғары ұпай жинаған 16 спикер арасында Линкольн-Дуглас (ЛД) форматында үздік өнер көрсеткен Елдос Оразханов «Ең үздік спикер» номинациясын жеңіп алды.