KZ
Өскемен
+21°
небольшой дождь жел 4 м/с, ОШ
475.39 513.37 5.4

Облыстық сот цифрландырылып жатыр

15.01.2018, 06:11 225

Облыстық сот республика бойынша сот жүйесінде сандық технологияны қолданудан алда келеді. Өңірдегі қалалық және аудандық соттардың барлығы да бейнебайланыс режиміне қосылған. Сондай-ақ электронды нұсқада азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдау, қарау, іс жүргізу көрсеткіші де айтарлықтай артқан. Бұл жөнінде облыстық сотта 2017 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтылды.


Өңірдегі БАҚ өкілдерімен басқосу барысында облыстық сот төрағасы Нұрлан Қайырбеков былтыр басы қайырылған шаруаның бәрі Мемлекет басшысы айқындап берген Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамдағы»  соттардың жұмысына бағытталған бірнеше негізгі міндеттер аясында іске асқанын айтты.


 – Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген он негізгі міндеттің тоғызыншысы тікелей біздің жұмысымызға байланысты. Президент атап көрсеткендей жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамайды, заңның үстемдігі әрқашан салтанат құрады. Бұдан бөлек Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып қалады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс. Жолдауда айтылғандай, сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. Бұдан бөлек адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды. Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет, - деді Нұрлан Қайырбеков.

Баспасөз мәслихатында айтылғандай, 2017 жылдың 12 айында облыс соттарымен барлығы 73 474 азаматтық, 6 865 қылмыстық және 34 659 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралған. 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сот істерінің жалпы саны 7,5% -ға немесе 8 033 іске артқан. Бұл көрсеткіш негізінен азаматтық істерге қатысты көбейіп отыр.



Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиевтің түсіндіруінше, 2016 жылға қарағанда қаралған істердің көптігіне азаматтардың соттарға деген сенімінің және құқықтық сауаттылықтарының артуы басты себеп болып отыр. Атап айтқанда, 2017 жылда азаматтық істер бойынша апелляциялық және кассациялық тәртіппен өзгертілген және тоқтатылған шешімдер санының пайызы және шешімдермен қаралған істердің жалпы саны 1,3%, бұл 2016 жылға қарағанда  0,2%-ға төмен. Сондай-ақ азаматтық істердің 70 пайызы жеңілдетілген тәртіпте қаралып, бұл уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берген, сондай-ақ азаматтардың құқығын қорғауға білікті заңгерді дұрыс таңдауға кеңес беретін арнайы жадынама шығарылып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) жергілікті филиалдарына таратылған.


Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қайрат Шақпантаев сот шешімдерінің сапасы туралы талдау деректердің нәтижелерін жариялап, соған сәйкес қаралған істер бойынша адамдардың санына қатысты  сот үкімдерінің апелляциялық және кассациялық тәртіппен бұзылуы мен өзгертілуі, жалпы қаралған істер бойынша  2017 жылы 1, 6%-ды құрағанын, бұл 2016 жылға қарағанда 1,4% -ға аз екенін айтты. Оның айтуынша, есепті жылдың екінші жартысында төрт қылмыстық іс, 54 материал санкциялауға электронды форматта түскен. Алдағы уақытта қағазбастылық біртіндеп жойыла түспек.


Соттардың заманауи сандық технологияларды енгізуі әрі пайдалануы -  бұл сот істерін қарау уақытын қысқартып қана қоймай, сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдетуге, сонымен қатар, бюджет қаражатын және процеске қатысушылардың қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.


Бұл ретте «Сот ісінің анықтамалығы», «Сот кабинеті», бейнебайланыс режимі, сот отырыстарын аудио, бейнежазбаға жазу, SMS-хабарландыру сияқты қызметтер тұрақты жолға қойылған.


– Бүгінгі уақытта облыс орталығындағы және қалалар мен аудандардағы 36 соттың барлығында бейнебайланыс режимі орнатылған. Жиналыстардың, семинарлардың, өзге де жиындардың бәрі осылай өтеді. Былтыр 1254 іс түзеу мекемелерінде онлайн режимде өткізілді. Өткен жылдың екінші жартысында төрт қылмыстық іс сандық электрондық форматта түсіп, қаралды. Бұл республикадағы үздік көрсеткіш. Одан бөлек сот отырысында судьяның жұмысы да Жоғарғы сот арқылы тікелей онлайн бақыланады. Жалпы, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып сот жүйесінде цифрлық технологияны енгізіп отыр. Мұның бәрі бірінші кезекте мемлекеттік шығындарды азайтады және азаматтардың уақытын үнемдеуге жол ашады, - деп атап өтті облыстық соттың төрағасы Нұрлан Қайырбеков.


Ал азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы, облыс соттары судьяларының әрекеттеріне жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштерді қарау бойынша топ жетекшісі Бақытжан Шарнаева былтыр судьялар әрекетіне қатысты түскен 52 шағымның тек үшеуі ғана қанағаттандырылғанын жеткізді.


Облыстық соттың судьялары - бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі үйлестірушілер Назгүл Рахметуллина мен Кәкен Сейітов облыстық соттардың қызметі туралы ақпараттар тұрғындарға қолжетімді болуы үшін облыстық соттың арнайы сайты жұмыс істейтінін, фейсбук әлеуметтік желісінде парақшасы ашылғанын, БАҚ-пен байланыс үшін де сот жүйесі қызметі барынша жариялы екендігін мәлімдеді. Олардың айтуынша, өткен жылда сайтта жеті мыңнан аса ақпараттық материал жарияланған.


Баспасөз мәслихатында бұдан бөлек тілшілерді қызықтырған сұрақтарға судьялар нақты әрі жан-жақты жауап берді.


 


 


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив