KZ
Өскемен
+16°
переменная облачность жел 2 м/с, В
475.39 513.37 5.4

Өскемендегі тозығы жеткен №17 кәріз коллекторы жөнделеді

Бүгін, 09:02 14 Айжанат Бақытқызы

Облыс орталығындағы қысымды кәріз коллекторы апатты жағдайда болғандықтан үнемі бұзылып қалатын. Соның салдарынан Ертіс өзеніне және Куратов, Машуков көшелеріндегі жеке тұрғын үйлерге су жайылатын. Алайда тұрғындармен болған кездесуден кейін бұл мәселе облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралып, биыл шешілетін болды, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Кетеуі кеткен коллектордың жағдайын көріп, сол маңдағы аудан тұрғындарымен сөйлескен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов мәселенің тезірек шешілуіне ықпал ететінін айтқан. Көп ұзамай кеше ғана кәріз коллекторын жөндеуге қажетті қаражат бөлу туралы облыстық деңгейде шешім қабылданды.

Өскемен қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша, 2021 жылдан бастап учаскеде 17 апатты жағдай болған, соңғысы биылғы мамыр айында болыпты. Бұл жағдай 250 мың адам тұрып жатқан қаланың оң жағалау бөлiгiн сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Өскемен жылу электр орталығының жұмысына кедергі келтіреді, сондықтан тозған кәріз коллекторын дереу жөндеу керек.

– Коллекторды жөндеу жобасы әзірленіп, сараптамадан өткізіліп, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мақұлдады. Жобаның құны - 2,6 млрд теңге, - деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Тәнекенов.

Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпараты бойынша, қаражат жақын арада бөлінеді. Жоспар бойынша коллекторларды қайта қалпына келтіру екі учаскеде жүргізілмек. Біріншісі - Ертіс өзені арқылы өтетін «Понтон» көпірінің астында орналасқан Пограничный және Тоғас көшелерінің қиылысында болса, екінші учаске №17 кәріз сорғысы станциясынан Куратов көшесіне дейінгі аралық.

Жоспарға сәйкес сыртқы және ішкі оқшауланған құбырлар ауыстырылады. Қайта қалпына келтіру жұмыстары жуықта басталады. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив