KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Міндетін орындамағандар жерге жоламауы керек

5.07.2024, 09:23 188 Жанаргүл Мұқатай

Облыста алтын тәрізді түрлі кен орындарын зерттеп, игеріп жатқан жер қойнауын пайдаланушылар өз міндеттерін орындамай жатқаны рас па? Олардың бүлдіріп кеткен жерлері қазір қандай күйде, қашан, қалай қалпына келтіріледі? 

«Ауыл» партиясы атынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин Глубокое ауданының Солнечное ауылындағы «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС ұжымымен, партия белсенділерімен, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен кездесті. Мәжілісмен депутаттардың заңнамалық жұмысына егжей-тегжейлі тоқталып, өткен кезеңнің қорытындысын шығарды.
Мәжіліс депутатына «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің өкілі Данияр Абитаев шаруашылықта жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларды таныстырды. Шаруашылықтағы жұмысшыларға қолдау көрсету, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ауылда балабақша, жайлы тұрғын үйлер, жұмыс кеңсесінің маңындағы қос тоғанның жанынан көрікті аллея салынбақ.
Шаруашылықтағы жас отбасыларға арналып қос қабатты төрт пәтерлі  екі «таунхаус» тұрғын үй салынған. Онда сегіз отбасы тұрып жатыр. Тағы екі үйдің іргетасы қаланып даяр тұр.

– Бұл тұрғын үйдің бағасының 20 пайызын алдын ала төледік. Қалған құнын ешқандай қосымша өсімсіз төлеп жатырмыз. Солнечный ауылындағы осы шаруашылыққа хабарландыру арқылы жұмысқа тұрған едім. 2020 жылдан бастап жүргізуші, механик болып жұмыс істеп жатырмын. Шаруашылықтың жас жұмысшыларды, мамандарды қолдауының арқасында баспаналы болып, қос қабатты таунхауста тұрып жатырмыз. Екі балам бар, – дейді Ерасыл Тұрсынханов.

«Агробанк» құрыла ма?


 Депутат жиналғандар назарын «Ауыл» партиясы бастамашылық еткен «Агробанк құру туралы» және «Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігі туралы» Заң жобаларына аударды.  
Қарастырылған екі бағыт ауылдық аумақтарда қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлік субъектілеріне қызмет көрсетуге уәкілетті мамандандырылған салалық банкті құруды және ішкі агроазық-түлік нарығын қамтамасыз етуді, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін және оны түбегейлі өңдейтін отандық өндірушілерді қолдау жолымен жағдай жасауды көздейді.
Депутат кездесуге қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, айтылған ұсыныстарды тыңдады.
Қазақстанда «Агробанк» тақырыбының биік мінберден көтеріліп жүргеніне он жылдан астам уақыт өтті. Агросаланы тиімді несиемен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығын өркендетуге бірден-бір ықпал етеді деп отырған «Агробанк» құрыла ма, жоқ па?

– «Агробанк» құру жөнінде «Ауыл» фракциясының мүшелері Үкіметке әлденеше рет депутаттық сауал жолдағанын білесіздер. Соның нәтижесінде елімізде «Агробанк» құру бойынша жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта Мәжіліс, Сенат депутаттарынан, құзіретті органдар өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Комиссия келіп түскен, айтылған ұсыныстарды қарап, қорытынды шығарады. Нәтижесі алдағы бір-екі айда белгілі болады, – деді  Аян Зейнуллин.

Өңірге жұмыс сапары барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының ұжымымен кездесті. Кездесуде халық қалаулысы Парламент Мәжілісінің заң шығару жұмысына, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі қызметтің негізгі бағыттарына, әсіресе жастардың ел дамуындағы рөлінің маңызына тоқталды. 
Депутат жастарды мәдениетке баулу, руханият пен адамгершілікті қалыптастыру барлық уақытта, әсіресе бүгінгі күні ерекше мәнге ие болып отырғанын жеткізді. Жастар кітапхана, театр, мұражайға сирек барады. Сондықтан жастарды кітапханаларға тарту, кітап оқуды белсенді ілгерілету бойынша жұмыс жүргізу қажет.
«Ауыл» партиясы атынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин «Қазақ саңыраулар қоғамы» Өскемен оқу-өндірістік кәсіпорнының ұжымымен жолығып, өтініш, тілектерін тыңдады.
Есту қабілеті нашар адамдарға қоғамда өз орнын табу қиынға соғып келе жатқаны жасырын емес. Бұл бірлестік нашар еститін және саңырау адамдарға білім алуға, жұмысқа орналасуға көмектесіп, қолдау көрсетеді. Осы ұйымда есту қабілеті нашар адамдар тігінші немесе аспаз мамандығын меңгеріп, компьютерлік сауаттылық курстарынан өтіп жатыр. 
Кездесуде саңыраулар қоғамын толғандырып отырған тұрғын үй беру, жұмысқа орналасу, білім беру және тағы басқа бірқатар мәселелер талқыланып, қатысушылар пікір алмасты және аталған мәселелер бойынша одан әрі жұмыс жоспары анықталды.

Кен байлығы, қалдық қоймалары


Парламент Мәжілісінің депутаты Глубокое ауданының Прапорщиково ауылындағы «Глубокое-Агрокредит» кредиттік серіктестігі» ЖШС ұжымымен кездесуде осы ауданның фермерлерінде туындаған бірқатар өзекті мәселені талқылады. Глубокое ауданының «Ауыл» партиясы атынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Айгүл Мырзықанова, аудан диқандары ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін жетілдіру қажеттігіне назар аудартып, осы мәселеге қатысты ұсыныстарын жолдады.  
Халық қалаулысымен кездесуде Глубокое ауданындағы «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің бас директоры Фарид Абитаев депутат назарын өңіріміздің экологиясына, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудартты. 

– Аймағымызда жер қойнауын пайдаланушылар көп, оның ішінде алтын, мыс басқа да кен орындарын барлаушы, өндірушілер жерді пайдаланып болған соң өз міндеттерін орындамайды, пайдаланған жер учаскелерін қайтадан қалпына келтіру жұмыстарын, рекультивация жүргізбейді. Мен бұл мәселені жер учаскелерін пайдалануға беру жөніндегі комиссияның өткен шақырылымында комиссия құрамында болғандықтан айтып отырмын, өкінішке қарай қазір жоқпын. Осындай жауапсыз табиғат пайдаланушыларға өз міндеттерін орындамағанына қарамастан оларға қайтадан жер учаскелері бөлініп беріліп жатыр. Себебі, осы бағытта жұмыс істейтін комиссия алдымен жер қойнауын пайдаланушыға лицензия береді, ал қолына лицензиясын алған тұлға заңға сәйкес міндетті түрде жер пайдалану құқығына ие болады. Лицензиясы бар адамның жерді пайдалануға құқығы бар. Бір-біріне қайшы. Рұқсат беруді жерден бастау керек, лицензияны жерді қалпына келтіргендерге ғана беру қажет деп есептеймін.  Болашақта осы жайт тәртіпке келтірілсе, – деді Фарид Абитаев. 

Осындай түйткілді мәселенің туып отырғанынан облыстағы жер қойнауын, табиғатты қорғауға жауапты құзырлы органдар хабардар ма?

– Өте орынды көтеріліп отырған мәселе. Алдымен жер қойнауын пайдаланушы пайдаланған жерін, нысанын қалпына келтірмейінше, оған ешқандай лицензия берілмеуге тиіс. Еліміздің Ата Заңында көрсетілгендей жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі. Жер қойнауын пайдаланудың түйткілді тұстары көп. Біз бұл мәселені Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жеткізіп, жеке қарастырып, оңды нәтижеге қол жеткізуге күш саламыз. Көтеріліп отырған мәселені «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан сайланған Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Анас Баққожаевқа  жеткізіп, бірлесіп шешеміз, – деп сендірген депутат Аян Зейнуллин міндетін орындамағандар жерге жоламауға тиіс екендігін айтты.

Мәжіліс депутатымен жолыққан жұрт облыстағы қалдық қоймаларының қоршаған ортаға тигізіп отырған зияны туралы айтып, аталған мәселені шешуге ықпал етуін сұрады. Ірі металлургиялық өндірістердің қалдық қоймаларында жатқан ауыр металдар жер қыртысына сіңіп, су көздерін ластап, тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр. «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС бас директоры Фарид Абитаев осыған орай, тәуелсіз сарапшылар, комиссия арқылы қалдық қоймаларының қазіргі жағдайы тексеріліп, оларға талдау жүргізілсе, экологиялық мәселе әрі қарай нақты шешімін тапса деген ұсынысын айтты.

– Экология – біздің елдің, халықтың болашағы. Осында келгелі бері экологиялық проблемалардың бар екендігін көпшілік жұрт маған айтып жатыр. Бұл мәселелер Мәжілістің бақылауында. Мәжіліс депутаттарының өңірге келгендегі мақсатының өзі – жергілікті жердегі осындай күрмеулі мәселелерді Үкімет деңгейінде шешуге күш салу.  Қазір экологиялық мәселелерді шешу бағытында Мәжілістегі Экология және табиғат пайдалану комитеті тыңғылықты жұмыс істеп жатыр. Өзім осы комитеттің мүшесімін. Биыл төрт өңірде: Теміртау, Жезқазған, Екібастұз, Атырау қалаларында өзінің көшпелі отырысын өткізді. Енді Шығыс Қазақстан облысында осындай шара өткізіп, атқарушы билікпен, қадағалаушы органдармен, өндіріс орындарымен бірге жергілікті жердегі жағдаймен тереңірек танысып, қажет деп табылған талаптарды беріп, экологиялық мәселелерді шешудің жолын қарастырамыз, – деді халықпен кездесуде Аян Зейнуллин.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу