KZ
Өскемен
снегопад жел 6 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Әлемнің мейірімді адамы Тарбағатайда тұрады

29.12.2017, 04:02 145

«Өмірде ақшаға сатып ала алмайтын құндылықтар бар. Қанша жерден бай болып тұрсаң да, жүрегіңде иманың, бойыңда адамгершілік қасиетің болмаса, мұның бәрі далбаса емес пе?! Мынау бес күндік жалғанда қамкөңіл жандарға көмек көрсетіп, оларға бірауыз жылы сөз арнасақ, одан қай-қайсысымыздың да кем болып қалмайтынымыз анық» , - деп бастады әңгімесін тарбағатайлық кәсіпкер Құлмұхамбет Қожахметов.


Бүгінде Тарбағатай ауданындағы «Ақсуат» мейрамханасы мен «Сырдария» базары сияқты бірнеше сауда дүкендерін басқарып отырған кәсіпкер көмек сұрап келген ауылдастарының мәселелеріне немқұрайлы қарайтындардың қатарынан емес. Аудан көлемінде атқарылып жатқан талай игілікті шаралардың басы-қасында жүретін Құлмұхамбет Қожахметовті жерлестері мақтан тұтады.


Міне, осы азамат биыл жылдағы дәстүрі бойынша өз қаражатымен Ойшілік, Кіндікті, Көкжыра, Жантікей, Екпін, Сәтпаев, Танамырза, Көктүбек, Құмкөл ауылдарында тұратын 55 балаға шырша мерекесін ұйымдастырып, оларға қажетті қысқы киім-кешектерін әперіп, тәтті-дәмділерін тарту етті. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерді ұмыт қалдырмайтын кәсіпкерге тарбағатайлықтар дән риза. Бұдан бөлек, жыл сайын «Мектепке жол» акциясының аясында 50 оқушыға қаржылай қолдау көрсететін Құлмұхамбет Қожахметов мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау күні мен балаларды қорғау мерекесінен де шет қалып көрген емес. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша,  кәсіпкер жылына бір рет Ақсуат ауылдық округінде тұратын 23 мүмкіндігі шектеулі балаға бағалы сыйлықтар табыс етіп, олардың қал-жағдайларын біліп тұрады.


– Құлмұхамбет Қожахметовті «Алтын жүрек» қайырымдылық сыйлығына ұсынуды жоспарлап отырмыз. Мұндай жомарт азаматтар өздеріне лайықты бағаларын міндетті түрде алулары керек, - дейді мамандар.


«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың нақыл сөзін өмірлік ұраны еткен Құлмұхамбет Қожахметов 2013 жылы «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Әлемнің мейірімді адамы» медалінің иегері атанған. Бұдан бөлек, кәсіпкердің халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі зор екенін айта кеткен орынды.


– Қайырымдылық жасау, мейірімділік пен жанашырлық таныту біздің рухани дүниемізді жақсартып қана қоймай, әлемді жақсы жағына қарай өзгертуге мүмкіндік береді. Жалпы, «Байлық деген – қолдың кірі» деп қазақ бекер айтпаса керек-ті. Сол себептен, бірде бар, бірде жоқ ақшаның соңынан қуамыз деп туған-туысты жат қылғанша, алысты жақын етуге тырысайық. Бір-бірімізден жан жылуымызды ешқашан аямайық, - дейді Құлмұхамбет Қожахметов.

Бүгінде зайыбы Нұргүлмен бірге төрт бала тәрбиелеп, отбасылық бизнестерін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің алға қойған жоспары көп. Ол алдағы уақытта мал шаруашылығын дамытуды қолға алмақ. Сонау тоқсаныншы жылдардың соңында кәсіпкерлікке бет бұрған Құлмұхамет Қожахметов 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.


– Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары қиын кезеңді бастан өткердік. Бірақ қиыншылыққа мойымадық. Елбасының салиқалы саясатының арқасында ұлттық экономикамыз қарыштап дамып, тарихымыз түгенделді. 1995 жылы жеке кәсіп ашуға кіріскенде талай қиыншылықты көрдік. Бастапқыда, келіншегім екеуміз ауылда дүкен аштық. Кейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан несие алып, мейрамхана бизнесін қолға алдық. Осылайша, ақырындап кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп келеміз, - дейді Құлмұхамет Қожахметов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив