Кәсіпкерлерге арналған көмекші құрал жайында білгім келеді
– Мен кәсіпкерлік саласында жұмыс істеймін. Жақында таныстарымнан кәдімгі қалта телефонына орнатылған мобильдік қосымша арқылы кәсіпкерлерге көмек беретін көмекші құрал жайлы естіген едім. Сол туралы нақты ақпарат берсеңіздер екен.
Архат Бошаев
Зайсан ауданы.
Сауалға Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасының бастығы Мұрат Құсайынов жауап береді:
– Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 2017 жылы 31 наурыздан бастап кәсіпкерлерге көмек үшін «Qamqor» мобильдік қосымшасын жасады.
Тарқатып айтар болсақ, мәселен, қызметіне тексеру тағайындалған кезде, кәсіпкердің ұялы телефонына «Сізге тексеру келеді» деген мәтінде Puch-хабарлама келетін болады.
Бұл қосымшада тексеруге қатысатын тұлғалар, мерзімі, құқықтық негіздері, тексеру нысаны туралы мәліметтер көрсетіледі.
Кәсіпкерге тексерудің басында да, тексеру барысында да онлайн режимінде арыз жолдау мүмкіндігі ұсынылған.
Жіберілген бұзушылықтар туралы хабарламалар тез арада Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне жедел жауап беру үшін түсіп отыратын болады.
Сондай-ақ қосымшада «сұрақ-жауап» жолы және кәсіпкер онлайн режимде сұрақ қоя алатын арнайы чат қарастырылған.