KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 1 м/с, В
491.71 529.97 5.05

«Qamqor» – халықтың қамқоршысы

20.12.2017, 09:03 133

Өскемендегі «Тамерлан» сауда үйінде Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыстық басқармасының ұйымдастыруымен екі бірдей акция өтті.

Оның біріншісі «Qamqor – бизнесіңді заңсыз тексерістерден қорға» деп аталды. Облыстық басқарманың прокуроры Динара Игенованың айтуынша, осыдан біраз бұрын еліміздегі кәсіпкерлердің түрлі заңсыз тексерістерден қорғануына мүмкіндік беретін «Qamqor» мобильдік қосымшасы іске қосылған. Осының арқасында бүгінге дейін облысымызда бірнеше заңбұзушылықтың беті ашылған.


– Көп жағдайда кәсіпкерліктің дамуын заңсыз тексерулер тежеп жататыны жасырын емес. Осыны ескере келе, еліміздің Бас прокуратурасы заңсыз тексерістердің алдын алатын жаңа бағдарлама әзірлеп, іске қосты. Енді «Qamqor» мобильдік қосымшасына тіркелу арқылы кез келген кәсіпкер алдағы тексерістер туралы хабарлама алып отырады. Сондай-ақ бұл қосымшада инспекцияның заңдылығын да анықтауға болады. Егер тексеріс тіркелмеген болса, онда кәсіпкер бірден прокуратура органдарына шағым түсіре алады, – дейді Динара Игенова.

Аталмыш мобильдік қосымшаны Playmarket немесе AppStore жүйелері арқылы смартфонға жүктеп алуға болады. Артынша қосымшаны жүктеп, тіркеуден өткен кәсіпкерлерге қатысты тексеріс тағайындалған жағдайда, оның телефонына «Сізге тексеріс келеді» деген мәтіндегі push-хабарлама түседі. Онда тексеріске қатысатын тұлғалар, оның мерзімі, құқықтық негіздері мен нысаны туралы толық мәлімет көрсетіледі. Бұл кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуды тоқтату, сондай-ақ бизнеске әкімшілік қысымды төмендету мақсатында істеліп отырған жұмыстар, дейді мамандар.


Сондай-ақ бұл күні прокуратура қызметкерлері «Qamqor азаматтар үшін» атты тағы бір акция өткізді. Оның мақсаты да алдыңғы акциянікіне ұқсас, тек, аты айтып тұрғандай, кәсіпкерлерге ғана емес, барлық тұрғынға арналған.


– Ел азаматтарына арналған «Qamqor» мобильдік қосымшасы - тұрғындар мен мемлекет арасында жедел диалог орнатуға мүмкіндік беретін жоба. Қосымша кез келген азаматқа белгілі бір мәселеге қай мемлекеттік орган жауапты екенін білмесе де, өтініш жіберуіне мүмкіндік береді. Ол үшін проблема жөнінде қысқаша мәтін жазып, оған мүмкіндік болса фотосурет бекітіп, хабар жолдаса жеткілікті. Сондай-ақ құқықбұзушылықтың куәгері болған жағдайда да, өтініш жолдай аласыз. Диспетчерлік орталық құрамындағы уәкілетті қызметкерлер сіздің өтінішіңізбен танысып, тиісті органдардың қарауына жібереді, – деген статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің облыстық басқармасының аға прокуроры Динара Түленбаева аталмыш мобильдік қосымшаның көмегімен тұрғындардың түйткілді мәселелерін шешу мерзімі анағұрлым қысқаратынын да жеткізді.

Акциялар барысында ұйымдастырушылар сауда үйіне келген сатып алушыларға тегін буклеттер таратып, «Qamqor-дың» артықшылықтарын түсіндірді.


Айта кетейік, облыс аумағында «Qamqor азаматтар үшін» мобильдік қосымшасының қанатқақты жобасы үстіміздегі жылдың қараша айынан бастап қызмет көрсетіп келеді. Оның негізгі мақсаты тұрғындардың өтініштеріне назар аударудың тиімді тегершігін құру, сондай-ақ халықтың үкіметке деген сенімін арттыру болып табылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив