Абай шаңырағы – жылдың үздік музейі
Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газеті мен республикалық «Уақыт Таңдауы – Выбор Времени» агенттіктерінің бірлескен жобасы аясында Жаңа жыл қарсаңында дәстүрлі жыл таңдаулылары анықталды. Республикадағы үздік облыс, үздік жоғарғы оқу орны, кітапхана, музей сайысында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі – «Жылдың үздік музейі» атанды.
Абайдың мемлекеттік музейінің сексен жылға жуық тарихы бар. Тарих тереңінен тамыр тартатын музейдің жеті бөлімінің бір шеті орталықтан 600 шақырым, екінші қиыры 270 шақырымда шалғай орналасқан. Бұлай деуіміздің себебі, Ұлылар елі – киелі Жидебайдың қорық алқабы – 6400 гектар жер көлемін қамтиды. Бөрліде, Семей қаласында төл мәдениетімізді танытатын 31 тарихи ескерт¬кіш шоғырланған. Абайдың мұражай-үйі, «Абай-Шәкәрім» кесенелер кешені, Би-ата мазары мен Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйі көпшілік ерекше қастер тұтып, зиярат ететін киелі орындар.
-Музей қорына алынған жәдігерлер саны мен сапасы, құрамы мен құндылығы жағынан қолжазбалар, құжаттар, ескі басылымдар, этнографиялық заттар, бейнелеу өнері туындылары және фотосуреттер болып табылады,-дейді музей директоры Болат Жүнісбеков-қазір мұнда 20 791 жәдігер сақтаулы, оның 11 797-і негізгі қорды құрайды. Ғылыми кітапхана қоры – 14 мыңға тарта кітаптан тұрады. Атап айтқанда, ұлы ақын Семейдің өлкетану музейіне тапсырған тұрмыстық заттар (17 дана), ұрпақтары сыйлаған дүниелер, Абайдың тұңғыш жинағы, ақынның ұлдары Ақылбай, Турағұлмен (1896 ж.) және отбасымен (1903 ж.) Семейде түскен суреттерінің түпнұсқалары, ұлы ақын білім алған Ахмет Риза медресесінің 252 кітабы, қолжазбалар мен естеліктер, сирек кітаптар, Абайдың ұлы Мағауияға жазған хаты – ақынның көзіндей, ұлттық құндылықтар сақталған.
Бұған қоса, музей қызметін қамтамасыз ету бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Елордамызда биыл өткізілген «ЭКСПО-2017» көрмесі Абай музейінде де үлкен серпіліс туғызды. Халықаралық көрме аясында Абайдың мемлекеттік қорық-музейі Астана қаласындағы Қазақстан Респуб¬ликасының Ұлттық академиялық кітапханасында үш тілде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты көрме ұйымдастырылып, көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар, биыл қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл, Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл, «Алаш» партиясымен автономиясының құрылғанына 100 жыл толуына байланысты тұрақты және жылжымалы көрмелер, конференциялар ұйымдастырылып, ғылыми зерттеу еңбектері шығарылды.
Ұлы даланың Ұлы ақынының музейінің ұжымы Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылығын насихаттауды өзінің абыройлы да ардақты борышы санайды.