Әділ «Үміт сұлтаны» атанды
Дана халқымыз қашанда отбасындағы ұл баланың тәрбиесіне көңіл бөліп, ер баланы адамгершілікке, батылдыққа, ептілікке баулыған. «Ұлға отыз үйден тыйым, он үйден сын» демекші, ер азаматқа қойылар талап та жоғары болған. Бұл орайда «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында өткен «Үміт сұлтаны» сайысының тәрбиелік маңызы зор. Тұңғыш Президент күні және Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай Металлургтер мәдениет сарайында өткен тартысты сайыста «Үміт сұлтаны» анықталды.
Биыл «Галстуктер әлемінде» деген ерекше тақырыппен өткен сайыстың алғашқы кезеңінде алты қатысушы өлең жолдарымен өздерін таныстырып өтті. Тыңғылықты әзірлікпен келген «Үміт» балғындары көрермендерді галстуктердің әлемде кең тараған «Регат», «Аскот», «Бабочка», «Шарпей», «Лавальер», «Боло» деген түрлерінің тарихын үш тілде баяндап берді.
Сайыстың екінші, үшінші кезеңдерінде спорттық дода және қатысушылар галстук байлау өнерімен сынға түсті. Жапонияда кеңінен тараған спорт түрі – Сумо күресінде қатысушылар бір-біріне дес бермей, күш сынасты. Галстук байлау шеберліктері де бір-бірінен асып түседі екен. Соңғы, шешуші өнер сайысында қатысушылардың бірі ән шырқаса, енді бірі би билеп, бар өнерін ортаға салды. Әсіресе, Рустам Зыгмант нақышына келтіре орындаған «Жоррон Жорро» моңғол биі ерекше шықты.
Сайыс барысында Х-Фактор жобасының жеңімпазы Евгений Выблов, Мәскеуде өткен халықаралық «Ты супер!» телевизиялық жобасының қатысушысы, «Я люблю тебя, Париж!» халықаралық фестивалінің бірінші орын иегері, Испанияда өткен «Ола, Барселона» байқауының бірінші орын иегері, Сочидегі «У самого Черного моря» байқауының бас жүлде иегері Владислав Лоскутов, «Жас қанат» республикалық байқауының жүлдегері Эльдар Уадинов, «Шығыс жұлдызы» акробатикалық би тобы, әнші Виктория Зайцева, Максим Королев өнерлерін көрсетіп, ән-жырдан шашу шашты. «Қансонарда» биін орындаған «Аққу-Үміт» ансамблінің бишілеріне қол соқпаған жан болмады. Жалпы, «Үміт» балалар үйінің қандай шарасы болса да жоғары деңгейде өтеді. Осы орайда балғындарды жастайынан өнерге баулып жүрген ұстаздарға мың алғыс.
Сайысқа қатысушылардың өнерін әділ бағалаған қазылар алқасының шешімімен ұлты қазақ болмаса да мемлекеттік тілде сайрап тұрған Рустам Зыгмант «Қайратты», кез-келген бәсекеде қабілетін көрсеткен Руслан Байжуменов «Инабатты», өнері мен сәні сай келіп тұрған Александр Абакумов «Өнерлі», бойына сай ойы бар Иван Кислов «Сымбатты», өр мінезді Данил Войтенко «Парасатты» атанса, ғарышкер болуды армандайтын Әділ Салихов сайыстың ең басты жүлдесі - «Үміт сұлтаны» атағын жеңіп алды.
-Бүгінгі заманның Көшбасшысы, бүкіл әлем мойындаған қайраткер, елінің аманатын арқалаған тірегі - Тұңғыш Президент күнімен баршаңызды құттықтаймын. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасында патриоттыққа тәрбиелеудің негізі – туған жерге деген сүйіспеншілік екенін атап көрсетті. Балғындардың бойына осы тамаша қасиеттерді сіңіріп, саналы тәрбие беріп отырған «Үміт» балалар үйінің басшысы Майра Бейсеқановаға айтар алғысымыз шексіз,-деген Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар үлестірді.