KZ
Өскемен
+6°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
441.58 480 4.86

Шығыс Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жобасы жұмыс істейді

23.04.2013, 18:00 302


Дидар» газеті қалыптасқан дәстүр бойынша және оқырмандардың көкейкесті сауалдарына нақты жауаптар қайтару мақсатында облыстық деңгейдегі департаменттер мен басқармалар басшыларымен болатын тікелей байланысты бастады. Бұл жолғы тікелей байланыстың сауалдарына облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Аркадий Исаев жауап берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Айман ШӘРІПЖАНОВА, Семей қаласы:
- Балалар құқығының сақталуы туралы ақпарат беретін жиындар өте аз өтеді, мектептерде ұйымдастырылса, оған мұғалімдер ғана қатысады. Оған оқушылардың да қатысуына бола ма?

- Әр мектепте мектепішілік жұмыс және оқу-тәрбие жоспарына сәйкес, тақырыптық жиналыстар өткізіледі. Мектептерде сонымен қатар, Дүниежүзілік бала күніне орай (20 қараша) да оқушылардың құқықтарының сақталуы туралы әр түрлі шаралар өткізілуі тиіс. Ол жиналыстарға және осы тектес басқа да шараларға оқушының қатысуына болады.

Асан ӘУКЕБАЕВ, Семей қаласының тұрғыны:
- Балалардың бос уақыты дұрыс өтуі үшін түрлі үйірме, спорт секциялары жұмыс істегені абзал. Бірақ, қазір бәрі ақылы, осыны жеңілдетуге не тегін жасауға болмай ма?

- 2012-2013 оқу жылының басынан бері облыс мектептерінде балалардың сабақтан бос уақытында айналысуы үшін 2458 спорт секциясы ұйымдастырылып, оған 53788 (32%) бала қамтылған. Ал Семей қаласының мектептерінде 67 спорт залы, 47 спорт алаңы бар. Спорт мектептерінің ұлттық спорт түрлері мен «Спартак» футбол клубының үйірмелеріне балалар тегін қатыса алады.

Сондай-ақ, мекенжайы бойынша бос уақытты тиімді ұйымдастыру үшін қала-аудандарда 112 аула клубы құрылса, 11966 бала түрлі үйірмелермен тегін қамтылған. Оның 22-сі (19,6%) Семейде, оған 2500-дей семейлік бала қатысады. Ал қаладағы 29 жеке меншік спорт нысандарындағы үйірмелер ақылы.

Берік САҒЫНТАЕВ, Ұлан ауданы:
- Мен балалар үйлері бойынша оңтайландыру жүретіні туралы естіп едім. Олай болған жағдайда ондағы балалар мен оқытушы-тәрбиешілердің тағдыры қалай болмақ?

- Иә, интернаттық мекемелер жүйесінде қайта құру (деинституциализация) жүргізіледі. Соңғы үш жылда балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің саны 20 пайызға кеміді. Ал ол мекемелерде қызмет ететіндердің бұл мәселеде алаңдап отырғаны шындық. Алайда, бұл барлық балалар үйі мен интернаттар жабылады деген сөз емес. Олардың біразы отбасы мен балалықты қорғау орталығына, отбасылық үлгідегі балалар үйіне және басқа да мекемелерге айналдырылады. Сондықтан балалар үйіндегі жұмысынан босаған оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесін облыстық білім басқармасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып шешетін болады.

С.АЛТЫНҒАЗИН, Абай ауданы, Саржал ауылының тұрғыны:
- Сынақ аймағында туған денсаулығы жарымжан жеткіншектердің құқығы қалай қорғалатыны туралы білгіміз келеді. Бұл мәселе полигон туралы заңда көзделген бе?

- Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы «Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңымен ата-анасы сынақта зардап шеккен және өздері ауру болған балалар да қорғалады. Мемлекеттік органдар ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтардың денсаулығы мен мүлкіне келтірген зиянның өтелу құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
Осы Заңның 10 бабына сәйкес, келесі жағдайда балалар ядролық сынақтардан зардап шеккен болып саналады:
1966 және 1990 жылдарда жерасты ядролық жарылыстар жасағанда осы аймақта тұрған, жұмыс істеген не әскери қызметін өтеген азаматтардың, 1949 – 1990 жылдарда жеңілдігі бар әлеуметтік-экономикалық мәртебелі аймақтарда тұрған, жұмыс істеген не әскери қызметін өтеген азаматтардың балалары, Заңда көрсетілген аймақта тұрған ата-аналарының біреуі денсаулығы нашарлап ауырған не мүгедек болғанда балалар ядролық сынақтардан зардап шеккен болып саналады. 14 бабына сәйкес, ядролық сынақтардың әсерінен зардап шеккен аймақтарда тұратын 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер шипажай-сауықтыру мекемелерінде (медициналық көрсеткіштері бойынша) тегін сауықтырылуға құқылы.

Асылғайша ЖӘРКЕМБАЕВА, Абай ауданының тұрғыны:
- Туғаннан денсаулығы кемтар баланы күтушіге мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалады деп естиміз. Осы жәрдемақыны кемтар баланың әке-шешесінің бірі алуына бола ма?

- Туғаннан кемтар бала үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді, оны баланың (18 жасына дейін) күтімімен айналысатын анасы, не әкесі, не заңды өкілі ала алады.

Одан басқа балаға арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
18 жасқа дейінгі кемтар баланы тәрбиелеуші анасына, не әкесіне, я болмаса қамқоршысына жәрдемақы төленіп, ол бала 18 жасқа толғанда тоқтатылады. Мәселені толығырақ облыстық зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталықтың филиалынан (т. 8-7232-56-04-05) толығырақ білуге болады.

А.ШАЛҒЫНБАЕВ, Бесқарағай ауданы, Борас ауылының тұрғыны:
- Бесқарағай ауданының орталығында жас мамандарға салынып жатқан 16 пәтерлік екі қабатты тұрғын үйден екі жетім балаға пәтер беріледі деп естіп отырмыз. Бұл мәселе облыста қалай шешілмек?

- Өткен жылы балалар үйлерінің 3 түлегі мен қорғаншылықтағы 12 балаға Шемонаиха, Зайсан қалалары мен Шүлбі кентінен 7 пәтер бөлінді. Сондай-ақ, 8 бала мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алса, демеушілердің қаржысы есебінен Зайсан қаласында ағалы-інілі 6 балаға 1 пәтер және Семей қаласында балалар үйінің 1 түлегіне пәтер берілді.
Облыстық мәслихаттың 2011 жылғы 27 қыркүйектегі № 32/388-IV шешімімен 2011-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2015 жылға дейін 204 жетім жәна ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға тұрғын үй бөлу қарастырылған.

Сонымен қатар, биыл Өскеменде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жатақхана салынуда.

Рабиға САРМОЛДАЕВА, Глубокое ауданы:
- Біздің облысымызда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қанша бала бар?

- Қазір облыс бойынша 3835 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала өмір сүруде.
Жүргізілген талдау облыстың жергілікті атқарушы органдарымен жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санының кемуіне қол жеткізуге мүмкіндік бергенін көрсетеді.
Мәселен, егер 2010 жылы бұл көрсеткіш 4269 баланы құраса, соңғы үш жылда ол 10 пайызға, (оның ішінде әлеуметтік жетімдік 13 пайызға азайды. Отбасыларда 2235 бала тәрбиеленуде. Ал 2010 жылмен салыстырғанда патронаттық отбасыларында тәрбиеленетін балалар саны 62 пайызға өсіп, 121 баланы құрады.

Айгерім НАЗАРБЕК, Өскемен:
- Жетім балаларды қолдау жөнінде облысымызда қабылданған бағдарламаның мақсат-міндеттері қандай?

- Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қоғамға бейімделуіне тең дәрежелі жағдай жасау мақсатында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен өңірімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша 2011-2015 жылдарға арналған кешенді ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Өмірлік қиын жағдайда қалған балалар үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие, мазмұны мен міндеті жағынан ерекше болып табылатын жобаны жүзеге асыруда Шығыс Қазақстан облысы бастаушы және пилоттық аймақ болып табылады.
Кешенді жоспардың негізгі мақсаты – жетім балаларға көмек көрсетіп, кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналастыру және «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның жинақтау жүйесі арқылы балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге көмек көрсету арқылы оларға әлеуметтік саты құру.

Кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында жасөспірімдер үйлерін, жатақханалар мен жалдамалы үйлер салу, жетімдер үйлерінде тәрбиеленушілері мен түлектерге қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй бөлу қарастырылған.

Қайдар, Серебрянка қаласы:
- Кешенді жоспарды жүзеге асыруға қай аудандар белсенді қатысуда?

- Кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында биыл «Мейірім» қайырымдылық акциясы өткізіліп, оның барысында 904 ірі кәсіпорын мен компания, шағын және орта бизнес құрылымы, бюджеттік мекемелер мен шаруа қожалықтары балалар үйлерінің 952 тәрбиеленушісін өз қамқорлықтарына алып, олардың есеп шоттарына 64 млн. теңге аударды. Қазір отбасындағы 663 жетім балаға 670 патронаттық ұйым бекітілді және ол балалардың есеп шоттарына 11 млн. теңгеден астам қаржы аударылды.

Жетім балалардың тағдырына мемлекеттік көзқарастың нағыз үлгісін Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдин көрсетуде. Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында алты балаға пәтер кілтін табыс етсе, Жаңа жыл қарсаңында тағы алты балаға пәтер берді. Бесқарағай ауданында акция кезінде 677 мың 300 теңге жиналып, ол қорғаншылықтағы баланың бүйрегіне ота жасатуы үшін оның есепшотына аударылды. Бұл шара барысында Тарбағатай мен Көкпекті аудандары да ерекше көзге түскенін айта аламын.

Айдын СҰРАНШИЕВ, Зайсан ауданы:
- Жетім балалар үшін тұрғын үй мәселесі өмірлік аса маңызды мәселе болып табылады. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы қалай жүргізілуде?

- «Мейірім» акциясы кезіңде тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша барлығы 1615 жетім баланың шоттарына 75 млн. теңгеден астам қаржы салынды, 15 жетім мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға 7 пәтер берілді. Атап айтқанда, «Арматура зауыты» АҚ жастар үйінің 5 түлегіне биыл тұрғын үй сатып алу үшін, әрқайсысына 1,5 млн. теңгеден қаржы салды. Сонымен қатар меценаттармен келісім жасалып, Аягөз ауданында 2 пәтерлі, Шүлбі кентінде бір пәтерлі үйдің құрылысы басталмақ. «Казцинк» компаниясы балалар үйлерінің 48 түлегін кәсіби бағдар беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамсыз ету бойынша міндеттемелер алып отыр. Зырян қаласында алпыс пәтерлі үйден жетім балалар үшін 8 пәтер бөлінсе, Семейде салынып жатқан шағын отбасылы жатақханадан балалар үйлерінің түлектеріне 3 пәтер берілетін болады, ал Өскеменде жұмыс істейтін жастарға, соның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жатақхана беру жоспарлануда.

Бақыт КЕҢШІЛІК, Бородулиха ауданы:
- Балалар үйінен шыққаннан кейін жетім балалар қайда баратынын және ары қарай қалай өмір сүретіндерін білмейтін жағдайлар көп кездеседі. Балалар үйінен шыққан түлектердің ары қарайғы тағдырын жоспарлау бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

- Қазірде балалардың құқықтарын қорғау департаменті «Қазцинк» ЖШС-мен бірлесіп, «Балалар үйлері түлектерінің өмірі мен еңбек жолын жоспарлау» атты қанатқақты жобаны жүзеге асырыла бастады. «Үміт» балалар үйінің 28 тәрбиеленушісінің келешек тағдырын жоспарлау сызбасы дайындалды.

Аталған компанияға жұмысқа орналасуға ниет білдірген түлектер «Казцинк» ЖШС-ның оқу орталығындағы 3-6 айлық курстарға қабылданып, жұмысшы мамандығын алып шығады да, «Қазцинкке» жұмысқа орналасады.

«Үміт» балалар үйінің кіші және орта жастағы 37 тәрбиеленушісінің «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-дағы жеке шоттарына «Казцинк» ЖШС 3,7 млн. теңге аударған.

Жандос БАТЫРБЕКОВ, Тарбағатай ауданы:
- Бізде әсіресе, шетелдіктердің бала асырап алу жайы қалай?

- 1999 жылдан 2012 жылға дейінгі аралықта Қазақстан азаматтары үш мыңнан астам бала асырап алған. Ал 2010-2012 жылдары шетел азаматтары тарапынан бала асырап алу саны күрт тоқтаған. 2010 жылы шетелдіктер 21 бала, 2011 жылы 15 бала асырап алса, өткен жылы ол мүлде болмады.

Айшагүл ҚУАНЫШ, Катонқарағай ауданы:
- Газеттен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері республика көлеміндегі және шетелдік түрлі конкурстарға қатысатынын оқыдым. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің бос уақытын ұйымдастырудың тағы қандай түрлері бар?

- Мәселен, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері 2012 жылдың мамыр айында «Жан Жылуы» атты республикалық фестивальге, ал балалар ауылы мен Шүлбі кентіндегі облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері «Таң Шолпан» республикалық конкурсына қатысып қайтты. «Үміттіктер» Түркияның Фетхие қаласында өткен «Алтын күн» халықаралық фестиваль-конкурсында 4-орынды иеленді. Олар жақында Түркияға, шілде айында Францияға бармақ.

Жалпы жазғы уақытта жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде, демалыс базаларында демалып, сауығады, туыстарында демалады.

Ж.ӘДІЛБЕКОВА, Өскемен:
- Өмірдің ауыр кезеңіне тап болған отбасылар мен балалар қай жерден көмек пен кеңес ала алады?

- Облыс бойынша 2 отбасын және балаларды қолдау, 2 дағдарыс және 2 жастардың денсаулық орталығы мен Өскемен және Семей қалаларында «Отбасы орталығы» қоғамдық ұйымы жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық қала мен аудандардағы білім бөлімдерінде сенім телефондары мен балалардың қоғамдық қабылдаулары жұмыс істейді. Мұнда қиын жағдайға тап болған адамдардың, азаматтардың өз-өзіне қол салу, балалардың еңбегін заңсыз пайдалану, балаларға қатысты қатыгездік бойынша хабарлауларына болады. Өскемендегі отбасын және балаларды қолдау орталығының сенім телефоны 26-78-22, Семейде 56-06-30, ал облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің сенім телефоны 26-46-36.

Рада ОТЧЕСКАЯ, Риддер қаласы:
- Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бойынша қандай шаралар жасалуда?

- Департаменттің жүргізген талдауы көрсеткендей, 2011 жылмен салыстырғанда өткен жылы суицидке ұрыну 38 пайызға артқаны, ал суицидтің орын алуы 35 пайызға азайғаны белгілі болып отыр. Суицидке ұмтылғандардың 48 пайызы қолайсыз отбасыларының, ал 52 пайызы орнықты отбасылардың балалары.

Облыс әкімдігі мен БҰҰ (ЮНИСЕФ) Балалар қоры арасында жасалған келісім аясында өңірде 2012 жылдың ақпан айынан бастап кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша жоба жүзеге асырылуда және облыстық жұмыс тобы қызмет етеді. Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша БҰҰ (ЮНИСЕФ) Балалар қоры мен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жобасы бойынша пилоттық бағдарлама жүзеге асырылуда. Өскемен және Риддер қалаларында, Ұлан мен Глубокое аудандарында суицидтің алдын алу бағдарламасын сынақтан өткізу мен енгізу бойынша шебер тренерлерді оқыту мен дайындау үшін денсаулық сақтау жүйесіндегі психологтар мен психиатрлардың, білім беру мен интернаттық ұйымдардың қызметкерлерінің арасынан 60 адамның тізімі бекітілген, ары қарай бұл мамандар жобаны аталған аудандарда енгізіп, алдағы уақытта облыс бойынша тарататын болады.

Сонымен қатар, ШҚО бойынша біліктілікті арттыру институтымен институттың профессор мен оқытушылар құрамы үшін әдістемелік көмек көрсету аясында кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша дөңгелек үстел өткізіліп, мұнда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суидцидтің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында қызмет ететін оқытушылардың біліктіліктерін арттыру курстарына аталған бағытта жұмыс жасайтын мамандарды шақыра отырып қосымша сағаттар мен дәрістерді қосу қажеттілігі аталып өтілді.

Ғафура Сәрсенбайқызы
Суретті түсірген Е.Орынбаев

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив