Шығыс Қазақстанға инвестиция тартумен «ҚазақИнвестің» өкілідігі арнайы шұғылданбақ
Бұдан былай Шығыс Қазақстан облысына инвестиция тартумен, әлеуетті аймағымызға әлеуетті инвестор іздеумен арнайы компания айналыспақ. Анығырақ айтсақ, «Қазақ инвест» Ұлттық компаниясы» АҚ ның облыстағы өкілдігі. Енді Шығысқа келген шетелдік қалталы бизнесмендер, компаниялар сабылып, сарылып Астанаға бармай-ақ, облыста жаңа өндіріс, жаңа қызмет көрсетуге қатысты барлық мәселелерін Өскеменде отырып шешеді.
Қазақстан Президентінің тапсырмасына орай 2017-жылдың наурызында елімізде Үкімет қаулысымен «KaznexInvest» компаниясы негізінде «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы құрылған болатын. Маусымнан бастап барлық облыстар мен Астана, Алматы қаласында компанияның аймақтық өкілдіктері өз жұмыстарына кірісті.
Облысқа келіп, кешеден бері шығыстың инвестициялық әлеуетімен, инвестициялық инфрақұрылымдарымен, кәсіпкерлер палатасының жұмысымен танысып, кәсіпорындарда болған, өңірдегі кәсіпкерлермен кездескен «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Біржан Қанешев бүгін ішкі істер басқармасынан бастап барлық басқарма, департамент, ведомостволық органдар басшыларымен бірге кеңес өткізді. «Қазақ Инвестің» Өскемендегі өкілдігінің директоры Мақпал Байсалбаевамен таныстырды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен кеңесте «Қазақ Инвест» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары елге, облысқа инвестор тартып, қаржы әкелу, өндіріс ашу, әлеуметтік нысандар салу арқылы экономиканы өркендетуге орай Елбасының тапсырмасымен арнайы құрылып отырған ұлттық компанияның жұмысына –аймаққа инвестор әкелуге өңірдегі әр басқарма, ведомостволық орган мүдделі болып, ортақ міндетті орындауда бірлесе қимылдап, күш салуы қажеттігін атап айтты.
«Қазақ Инвест» компаниясының қызметімен, мақсатымен таныстырған Біржан Қанешев компанияның Өскемендегі өкілдігі облысқа келетін, келген шетелдік инвесторға тиімді, сапалы қызмет көрсете алуы үшін облыстағы қызмет көрсету нысандары, мемлекеттік органдар, кәсіпкерлерге, халыққа қызмет көрсету орталықтары, инвестициялық рәсімдерге қатысы бар өзге де қызметтердің жұмысы жоғары деңгейде жүргізілуі тиістігін, соның ішінде, облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызмет көрсету жүйесін автоматтандыру қажеттігіне назар аудартты.