KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
485.11 523.82 5.02

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған жеке тұрғын үйлерге де ипотекалық несие берілмек

25.05.2017, 18:00 110



«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған жеке тұрғын үйлерге де ипотекалық несие берілмек. Бұл істің Шығыс Қазақстанда қалай жүзеге асатынын «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова аймақ басшысы Даниал Ахметовпен бірге талқылады.

Аталмыш бағдарламаның бір бағыты алдағы 10 жылдың ішінде бүкіл ел аумағында 1,5 млн. жеке баспана тұрғызуды көздейді. Біздің облыста қазіргі күні 30 мыңнан астам адам жеке баспанаға зәру. Тек Семейдің өзінде ғана 24 мыңға жуық адам жер кезегінде тұр. «Нұрлы жердің» алғашқы толқынында Семей қаласы бойынша 3667 жер теліміне инфрақұрылым тарту көзделген. Пилоттық жоба аясында осы телімдерге «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» ауданы 80 шаршы метрден аспайтын, бірыңғай сәулеттегі үйлер тұрғызатын болады. Дәл осындай жұмыс облыс орталығы мен өзге қалаларда да жүзеге асуы тиіс.

Банк төрағасы Л.Ибрагимованың айтуынша, тұрғындардың бағдарламаға қызығушылығын арттыру үшін «Нұрлы жер» арқылы берілетін ипоткалық несиенің пайыздық ставкаларын төмендетіп, үйдің шаршы метріне шаққандағы бағасын арзандату қажет.

-Ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету жөнінде бағдарлама әкімшісіне ұсыныс жолдау керек. Біздің банк ұсынатын мөлшерлеме 8,5 пайыздың көлемінде болса, «Нұрлы жер» бағдарламасы бес пайыз деп көрсеткен. Осы екі арадан ортақ мөлшерлеме алыну қажет. Жергілікті әкімдік те өз тарапынан министрлікке тиісті ұсыныс білдірсе, дұрыс болар еді. Екінші мәселе жер үйлердің бағасына қатысты, - дейді Л. Ибрагимова.

Бағдарламада ипотекалық жер үйлердің әр шаршы метрі Астана мен Алматы қаласынан басқа өңірлер үшін 140-180 мың теңгенің арасында болады деп бекітілген. Ал ортақ жалақысы статистикалық дерек бойынша 105 мың теңге деп саналатын семейліктер үшін бұл өте жоғары баға. Оған банк төрағасы Семейге жасаған сапарында көз жеткізіпті.
Аймақ басшысы аталмыш банктың салымшысы ретінде баспана алу халық үшін ең тиімді жол болып тұрғанын айта келе, соңғы жылдары Шығысқа салған инвестицияның азайып бара жатқанына назар аударды.

-2015 жылы сіздің банк біздің облыс тұрғындарына 1600-ден астам несие ұсынса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1266-ға азайып кеткен. Бұл олқылықтың орнын біз облыстық бюджет есебінен толтыруға мәжбүрміз. Шығыстың тұрғын үй құрылысындағы әлеуеті банк тарапынан толықтай игерілмей тұр. Төлем қабілеті бізден әлдеқайда төмен облыстардың кейбіріне ауқымды инвестиция салыпсыздар. Осы мәселені қайта қарап, дұрыс қорытынды шығару қажет, - деді облыс әкімі.

Расымен де өңірдегі «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы сатылатын үйлердің құрылысы негізінен облыстық «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландырылуда. Л.Ибрагимова осы үйлерді ешқандай әрлеусіз кейіпте ұсынған жағдайда, бағасы бағдарламада көрсетілген сомадан арзанға түсетінін айтады. Алайда, Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттің қатысуымен салынған үйлердің барлығы толық әрленіп қана берілу керек деген талап қойып отыр.

Облыс басшысы Семей және Өскемен қалаларының төлем қабілеті екі түрлі болғандықтан, әрқайсына жеке-жеке пилоттық жоба арқылы келу керек деген ұсыныс айтты.

-Семейде жеке тұрғын үй кезегі 24 мыңға жеткенін айттық. Мұндай сұранысқа тиімді ұсыныс та болуы керек. Сол үшін Семейге жеке бір пилоттық жоба ұсынайық. Бұл жер үйлердің келбеті мен сәулеті еуропалық үлгіде болады. Семейліктер 12 түрлі жобаның ішінен өзіне ұнағанын таңдай алуы керек, - деді аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив