KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Мереке қарсаңында баспаналы болды

24.10.2024, 18:00 112 Төлеуғазы Жансая

Айна Ескенқызы


Еліміздің басты Ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында Өскемен қаласындағы «Нұрлы жол» шағын ауданында көп жылдар бойы кезекте тұрған санаттағы азаматтарға  жаңа пәтердің кілттері табысталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Баспаналы болған тұрғындарды облыс әкімі Ермек Көшербаевтың атынан орынбасары Бақытжан Байахметов қоныс тойымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.


-Республика күні қарсаңында үлкен қуанышты шараның куәгері болып отырмыз. Азаматтарымыздың мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болып жатқаны ел экономикасының даму үстінде екенін көрсетеді. Бүгін баспаналы болған жандардың барлығын қоныс тойымен құттықтап, үйлеріңіз берекеге толсын дегім келеді, - деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.

Жібек жолы көшесінің бойында көтерілген жаңа үйлер «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында салынған. 

 –Биыл  облыс орталығының №28  шағын ауданында 58 жер үй пайдалануға берілді. Қазір осы «Нұрлы жол» шағын ауданында 50 пәтер берілді, олардың барлығы жалдамалы баспана. Алайда пәтер иелері бұл баспаны кейін жекешелендіре алады, - деді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Бақыт Амантай. 

Пәтер алғандардың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, Чернобыль апатының  зардабын жоюға қатысқандар да бар.
Бүгін баспаналы болған жандардың барлығы үй кезегін 17-25 жыл тосып, үміттері үзіле бастаған кезде аяқ астынан пәтер кілтін алғандарына қуаныштарын жасыра алмады.

Өскемен қаласының тұрғыны Райхан Байдулина ұзақ жылдар бойы сіңілісі Сауле Манапованы қамқорлығына алып келіпті. Екінші топтағы мүгедектігі бар сіңілісі баспана кезегінде он жеті жыл тұрған.

-Өте қуаныштымыз. Үй кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдап, мереке қарсаңында баспана беріп жатқандарыңызға рахмет! Осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрдық. Қолымызда жетпістен асқан әкеміз бар,- дейді Райхан Байдулина.

Нұргүл Нұрғазықызы болса әскери қызметші, өмірін Отанымызды қорғауға арнап келеді.

-Үй кезегінде 2007 жылдан тұрмын, көптен күткен арманым орындалды. Ұзақ жылдар бойы әскери қызметте жүрмін, үйдің бетін көрмей істеген жұмысымның зая кетпегеніне, баспаналы болып жатқаныма қуаныштымын.  Осындай қуаныш әр қазағымда болсын!- деген тілегін жеткізді Нұргүл Нұрғазықызы.

Пәтер иелері баспаналарының сапасына, ішіне жасалған жөндеу жұмыстарына дән риза. Бөлмелері кең әрі жарық, ыстық-суық суы тартылған, сантехникалары орнатылған. Ауласы да абаттандырылып, көлік тұрақтары жасалған, балалардың алаңы бар.  
Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Бақыт Амантайдың айтуынша, қазір барлығы 174 пәтер сатып алынған, жыл соңына дейін тағы 40 пәтер сатып алу көзделген.








Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу