KZ
Өскемен
+13°
переменная облачность жел 2 м/с, З
480.5 534.22 5.18

Компьютер ойындарының балаға зияны туралы

5.06.2016, 18:00 334



Пайда болғанына алпыс жылдан асқан компьютерлік ойындарға құмар жастардың саны күннен-күнге артып келеді. Солардың бірі бүгінгі күні кәсіби іске айналған – киберспорт.

Қазірде республикамызда спорттық секцияларға қарағанда, компьютерлік клубтардың саны көбірек. Аталған клубтарда жас ойыншылар виртуалды әлемге сапар жасап, күнделікті өмірін ұмытып та кетеді. Статистика бойынша, ойыншылардың 10% - ында компьютерлік ойындарға деген тәуелділік байқалатын көрінеді. Сонда да, олардың көпшілігі мұны жоққа шығаруда.

- Өз басым компьютерлік ойындарды он екі жастан бері ойнап келемін. Counter Strike, Dota, Fifa сияқты ойындарды ойнағанды ұнатамын. Күніне ойынға тек 1-2 сағат арнаймын, сондықтан бұл менің спортпен айналысуыма және білім алуыма кедергі жасайды деп ойламаймын, - дейді студент Жандос Қожанов.

Ойынға деген тәуелділік – видео ойындар мен компьютерлік ойындарға деген шектен тыс қызығушылықпен сипатталатын психологиялық тәуелділік. Сондай-ақ, көбінде тәуелділікті желілік ойындар тудырады деп есептеледі. Кейбір ғалымдардың айтуынша мұндай ойындарға деген тәуелділік алкоголь, нашақорлық деген сияқты заттармен бірдей деңгейде. Тіпті Facebook-тың 250 миллион пайдаланушыларының 19%-ы ойынға деген тәуелділікті сезінеміз деген.

- Сегіз жасымда ең алғашқы ойнаған ойным Warcraft еді. Мектеп кезінде таңертең отырып күні бойы ойнайтынмын. Жазда 6 сағат ойнасам, қазір орта есеппен 3 сағаттай ойнаймын. Компьютер алдында ең ұзақ дегенде екі күнімді қатарынан өткіздім, бірақ, ол кезде турнир болған. Қазір сүйікті ойыным Dota. Осы ойында әр түрлі мемлекеттердің адамдары бір-бірімен еркін сөйлесе алады, әрі, ондағы достарым көп. Бұрын шыныменде ойынмен көп уақытымды өткізетінмін, енді белсенді студенттік өмірдің қызығын көріп ол әдетімді қойдым, - деді студент Әлішер Мұхамедғалиев.

Айта кетсек, Өскемен қаласында ондаған компьютерлік клуб пен видео ойындар ойнауға болатын орындар бар.

- Кафемізде playstation ойындарын ойнауға болады. Бірақ, біз жақында ғана ашылғандықтан келушілер саны онша көп емес. Мұнда көліктер жарысынан бастап, атыс, қанға толы, агрессивті ойындардың түр түрі бар. Ойнағысы келгендерге уақыт немесе жас бойынша ешқандай шек қоймаймыз. Егер бала таңертеңнен түнге дейін ойнаймын десе, оның ондай мүмкіндігі бар. Сонда да бізге күні бойы ойнаймын деп келгендер болмады. Әдетте келушілер орта есеппен 2-3 сағаттай қана ойнайды, - деді «61 minutes» тайм-кафесінің администраторы Дидар Рысбеков.

Психологтардың зерттеуінше, компьютерлік ойынды ойнаған кезде адамның ойлау қабілеті төмендейді де, тек көру қабілеті мен рефлекстері жұмыс істейді. Виртуалды әлемге жіпсіз байланғандардың көбі күнделікті өмірде іс-қимыл траекториясын есептеуде қателіктер жіберетін көрінеді. Ойын нәтижесінде физикалық іс-әрекетке тек адам саусақтары түседі де, адам тендонит - қол саусақтары сіңірлеріне шамадан тыс күш түсіру дертіне шалдығады. Әлемде компьютермен жұмыс жасайтын әрбір екінші адам осы аурумен ауырады екен.

- Егер жасөспірім сабақтан тыс секцияларға, ұйымдарға қатысатын болса, онда оның компьютерді ойнауына да уақыты болмайтын еді. Бірақ компьютерлік тәуелділікке беріліп кеткендер қазіргі кезде аз емес. Мұның бір себебі, атыс ойындардың балалар агрессиясын тудыруы. Сонымен қатар, мұндай ойындар белгілі бір деңгейлер бойынша жалғаса беретіндіктен, ойыншы басқа деңгейге өтпесе, онда өзіне деген қанағаттанбаушылық сезімі пайда болады. Осыған байланысты ойыншылардың ойы тек ойында болғандықтан, оның оқу үлгерімі де, басқа адамдармен қарым-қатынасы нашарлайды. Нәтижесінде бала виртуалды әлемге мүлде беріліп кетуі мүмкін, - деді Өскемендегі №6 орта мектептің психологы Маржан Жұртбаева.

Демек, кез келген ата-ана балаларына компьютерлік ойындарды ойнатпас бұрын оның зияны туралы да ескертуі қажет. Жалпы, шамадан тыс компьютер алдында отыру балаға ғана емес, үлкенге де кері әсерін тигізеді. Осыған жол бермеу үшін атыс ойындарға қарағанда ұлттық ойындарды ойнаған әлде қайда дұрыс.

Гүлжан Естаева




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив