KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 2 м/с, В
480.5 534.22 5.18

«Торпедоның» аяқ алысы жаман емес

Фото: "Торпедо" ХК

Бүгін, 15:30 28 Нұржан Кенжеұлы


Өскеменнің «Торпедосы» үшін жаңа маусым сәтті басталды деуге болады. Қазақстанның Pro Hokei Ligasy аясында төрт кездесу өткізіп үлгерген жерлестеріміз оның үшеуінде жеңіске жетіп, біреуінде қарсыласына жол берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бір айта кетерлігі, өскемендік команда төрт ойынын да қонақта өткізді.

Алдымен Ақтөбе қаласында жергілікті аттас командамен шеберлік байқасқан өскемендік ұжым матчты 2:0 есебімен өз пайдасына аяқтады. Бұл ойында шабуылшылар Александр Панченко мен Андрей Лагуновтың қанжығалары майланды.

Ертесіне өткен қос ұжым арасындағы екінші кездесуде де «торпедолықтардың» мерейі үстем болды. 4:1 есебімен аяқталған бұл матчта «Торпедо» сапында Александр Архипов, Степан Александров, Алексей Зубов пен Захар Пархоменко көзге түсті.

Осылайша, Ақтөбе қаласындағы қос жеңісінен кейін өскемендік ұжым Рудный қаласына аттанды. Биыл жергілікті «Горняк» тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетуде. Жақында Өскеменде мәресіне жеткен Қазақстан кубогы үшін жарыста рудныйлықтар ойламаған жерден финалға шығып, тартысты кездесуде ел чемпионы Көкшетаудың «Арланына» жол берген-ді. Сондықтан «Торпедо» үшін алдағы ойындар оңай болмайтыны анық еді. Айтқандай-ақ, қарсыластар арасындағы бірінші кездесуде айдын иелері сенімді қимылдап, 1:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында «Торпедоның» жалғыз шайбасын шабуылшы Захар Пархоменко соқты.

Дегенмен, қарымта ойында жерлестеріміз қателікке бой алдырған жоқ. Кездесудің алғашқы секундтарынан ойын тізгінін өз қолдарына алған «торпедолықтар» қарсылас қақпасынан төрт мәрте саңылау тауып, маңызды жеңісін тойлады. Қорытынды есеп 4:1.
Осы жеңісінен кейін алты ұпай жинаған «Торпедо» турнир кестесінің үшінші сатысында орналасуда. Келесі ойындарын жерлестеріміз 28, 29 қыркүйек күндері өз айдынында «Ертіс» (Павлодар) командасымен өткізеді.

                                                                                                                                                     

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив