KZ
Өскемен
-2°
туман Штиль
478.96 533.03 5.22

Шаңғышы Алексей Полторанин Әлем кубогының кезеңдерінде екі жүлдеге қол жеткізді

11.01.2015, 18:00 225



Апеннин түбегінде өтіп жатқан «Тур де Ски» аясындағы Әлем кубогының кезеңдерінде ел намысын қорғап жүрген жерлесіміз Алексей Полторанин екі бірдей жүлдеге қол жеткізді. Оның бірі - алтын, екіншісі - күміс.

Алдымен риддерлік шаңғышы Италияның Тоблах қаласында өткізілген бәсекеде топ жарды. Ол 10 шақырымдық қашықтықты классикалық стильде жүгіруден алдына жан салмады. Мәре сызығын бірінші кесіп өткен Алексей белгіленген жарыс жолын 22 минут 51,8 секундта бағындырды. Екінші орын отандасымыздан жарты секундқа қалып қойған ресейлік шаңғышы Евгений Беловқа бұйырды. Ал шаңғымен жүгіргенде «шашасына шаң жұқтырмайтын» Норвегия елінің жүйрігі Мартин Сундбю бар-жоғы үшінші орынды қанағат тұтты, ол отандасымыздан 4,2 секундқа кеш келді.

Күміс медальды Алексей Полторанин қаңтардың 10-ы күні Италияның тағы бір қаласы - Валь-ди-Фьеммеде иеленді. Арақашықтығы 15 шақырымды құраған классикалық стильдегі масс-старт жарысында отандасымыз мәреге екінші болып келді. Бұл сында ол неміс шаңғышысы Тим Чарнкеге есе жіберіп алды. Онда да жеңімпазды анықтау үшін төрешілер алқасына фотомәренің көмегіне жүгінуге тура келді. Ал осы жарыстың қола медалі швейцариялық әйгілі шаңғышы Дарио Колоньяның еншісіне жазылды.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив