KZ
Өскемен
+14°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Аударыспақтан чемпионат Шығыс Қазақстанда өтті

22.07.2014, 18:00 185



Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Алғабас ауылында аударыспақтан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Жәпішевтің ұйымдастыруымен аударыспақтан бірінші облыстық чемпионат өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл жарыс Астанадағы «Қазанат» ипподромында тұңғыш рет аударыспақтан І ашық Азия чемпионатында Азия чемпионы атағын жеңіп алған Қазақстанның 8 дүркін чемпионы Ермек Жұмабекұлы Жәпішевтің құрметіне арналды.

Жарыста 40-50-60-70 келіге дейін және 70 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша жүлделер сарапқа салынып, жүлде алған балуандар абсолютті чемпион атағына таласты. Аударыспақ басталмас бұрын Алғабас ауылының ақсақалы Қадес Абсейітов балуандарға жүрекжарды тілегін арнап, ақ батасын берді. Чемпионатта әр ауданнан келген жастар сынға түсті.

Сөйтіп, 40 келі салмақ дәрежесінде Асхат Канафин І орынды (Жарма ауданы), ІІ орынды Ерасыл Сайлаубеков (Ұлан ауданы), ІІІ орынды Серік Жанғазинов (Жарма ауданы) иеленді. 50 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды Мадияр Сапанов (Жарма ауданы), ІІ орынды Жанарбек Құсманов (Ұлан ауданы), ІІІ орынды Ержан Серіков (Тарбағатай ауданы) жеңіп алды. 60 келі салмақта І орынды Ақжол Әбуғалиев (Ұлан ауданы), ІІ орынды Қуаныш Қайратов, ІІІ орынды Елтай Әділбеков (екеуі де Жарма ауданы) қанжығасына байлады. 70 келі салмақта Жәнібек Сайлаубеков І орынға (Ұлан ауданы), ІІ орынға Айдар Алтынғазин (Тарбағатай ауданы), ІІІ орынға Айдос Оразғалиев (Бородулиха ауданы) ие болды.

Бәсекеде жерлестеріміз Шамсыхан Масалим 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде І орынды иеленіп, абсолютті чемпион атанып, алтын медальға ие болса, Жәнібек Сайлаубеков ІІ орынды қанжығасына байлап, күміс жүлдегер атанды. Азия чемпионы Ермек Жәпішевтің құрметіне өткізілген облыстық чемпионатта Ұлан ауданының командасы аудан әкімінің кубогына ие болып, алғыс хатпен марапатталды.

Жарыс жеңімпаздары облыстық мамандандырылған ұлттық ат спорты түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құрмет грамоталарымен марапатталып, медальдар табыс етілді. Сондай-ақ, ұлттық дәрежедегі төреші Жұмабек Жәпішев барлық жеңімпаздарға өз атынан бағалы сыйлықтар ұсынды. Жарыстың ең кішкентай қатысушылары - тарбағатайлық Мәди Жүнісбеков пен жармалық Әділет Сатыбалды да ынталандыру сыйлығына ие болып, мадақтама қағазымен марапатталды.

- Аударыспақ - бұл ат үстіндегі күрес және ат пен адам арасындағы тамаша үйлесім. Жердегі күрестен екі есе қиын. Мұнда, ең бірінші, ат мықты болуы керек. Қорықпайтын, тайсалмайтын, табандап тұра білетін жылқы ғана балуанға жеңіс алып береді, - дейді абсолютті чемпион атанған Шамсыхан Масалим.

Алғабас ауылында алғаш рет ұйымдастырылып отырған аударыспақтан бірінші облыстық чемпионат қызыққа толы әрі тартысты болды.

Эльмира Ахметова
Суретті түсірген Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив