Шығыс Қазақстанға Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев, сондай-ақ, еліміздегі Еуропалық қайта құру және даму банкі өкілдігінің директоры Джанет Хэкман арнайы іссапармен келді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Кездесуде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан өңірі үшін Еуропалық банктің инвестицияларын тарту маңызды екенін ерекше атап өтті. Әсіресе, бұл жылдар бойы жылу мәселесі қордаланып, лайықты шешімін таппай келген Семей қаласына қатысты. Оны өңірімізге арнайы келген ЕҚҚДБ-ның басшысы Джанет Хэкман да тілге тиек етті.
– Біздің банктің Қазақстандағы шағын және орта бизнес нысандарын қолдауға бағытталған бағдарламасы 2001 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде біз 1200 кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсеттік. Бұл көмегіміз негізінен кәсіпорындардағы маркетинг саласын дамытуға, сондай-ақ, олардың ноу-хау бастамаларын қолдауға бағытталған. Қазіргі уақытта Өскеменде банкіміздің кеңсесі жұмыс істеп тұрғанын атап өткім келеді. Біздің мамандар «Даму» қорымен және облыстағы кәсіпкерлер палатасымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бағдарлама аясында облыстағы барлығы 189 кәсіпорынға қолдау көрсетіп үлгердік. Биыл Өскемендегі 20, ал облыстағы 35 кәсіпорынға қаржылай көмегімізді ұсынбақпыз, – деді Джанет Хэкман.
Бұдан кейін сөз алған банктің тағы бір өкілі, Қазақстан, Орталық Азия мен Моңғолия бойынша шағын және орта бизнесті қолдау тобының жетекшісі Хольгер Вифель жиынға қатысушыларға бағдарламаны таныстырып өтті. Ол өз сөзінде банктің Өскемен мен Семейге қатысты жобалары көп екенін айтып, биыл атқарылуы тиіс жұмыс көлемінің 15 пайызы әзір екенін жеткізді.
– Қазірде елдеріңіз бойынша мұнай және газ секторларын есепке алмағанда ең ірі инвестор болып біздің банк саналуда. Жалпы, ЕҚҚДБ-мен әлемнің 64 елі тығыз қарым-қатынас орнатып, қаржылай көмегіне жүгініп отырғанын назарға алғым келеді. Сол мемлекеттердің ішінде сіздердің елдеріңіз де ерекше маңызды орын алуда. Өткен аптада Астанада ұйымдастырылған экономикалық форумда Қазақстанға банкімізден 500 млрд. теңге көлеміндегі қаражат бөлінгені туралы мәлімделгенін жақсы білесіздер. Мұндай соманың бір ғана елдің экономикасына бөлінуі өте сирек кездесетін жағдай. Мұның себебі де түсінікті, біз Қазақстан экономикасының қарқынды дамуын көріп келеміз, сондай-ақ оның шағын және орта бизнес саласына жұмсалған қаражатты тез арада қайтара алатынына сеніміміз мол, – деді Хольгер Вифель мырза.
Ол, сонымен қатар, жоғарыда аталған 500 млрд. теңгенің негізгі бөлігі аймақтардағы муниципалдық инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталатынын жеткізді. Оның ішінде, әсіресе, сапалы ауыз сумен, сондай-ақ, жылумен қамту мәселелеріне ден қойылмақ. Қазір бағдарламаның қанатқақты жобалары еліміздің үш өңірінде жүзеге асырылуда екен. Енді Атырау, Қызылорда және Тараздың қатарына төртінші болып Семей қаласы енгізілгелі отыр. Осыған қатысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолға алынатын жұмыстың маңыздылығына ерекше мән берді.
– Өздеріңіз білесіздер, 2017 жылы Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткізілетін болады. Ал онда қаузалатын ең басты тақырып жасыл экономикаға, жалпы энергия үнемділігіне, оның сапасына қатысты болмақ. Сондықтан, біз бұл мәселені негізге ала отырып жұмыс жасауымыз қажет. Семей қаласының жылдан-жылға қайталанып келетін бас ауруы жылумен қамтуға қатысты екені белгілі. Енді осы мәселені 2017 жылға дейін шешуіміз қажет. Ал ол үшін қажетті қаражат бөлініп, қала жылу жүйелерінің кем дегенде үштен бір бөлігі қалпына келтірілуі тиіс. Бұл жағынан сіздердің қолдауларыңызға ерекше сенім артамыз, – деген аймақ басшысы жылумен, сумен қамту, оны үнемдеу жағынан Шымкент қаласының тәжірибесіне назар аудару қажеттігін ескертті.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері ұсынып отырған жоба қолдауға ие болатын кәсіпорын жұмысын барынша тиімді етуге бағытталған. Семейдегі №1 жылу-энергия орталығын жаңарту жобасы оны ең бірінші техникалық тұрғыда жаңалауды көздейді. Жоба бойынша, банк несие қаржыны 13 жылға береді, қарызды компания тек үш жылдан соң ғана өтей бастайды. Банк қала тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәсіпорынның басқару және қаржылық есеп беру жүйелерін жаңартпақ. Яғни, қаржылық институт кеңесшілері кәсіпорын басшылығымен тікелей жұмыс істейтін болады. Нәтижесінде, жылу-энергия орталығының көмір мен электр қуатын тұтыну мөлшері қысқарып, ол қалыпты жағдайда, табысты жұмыс істей бастайды. Банк мамандары жылу орталығының тұрақты дамуы үшін келер жылы жылуға қатысты тарифтерді 25 пайызға, ал 2016 жылы 20 пайызға өсіру қажет деп санайды. Жалпы, банк қағидаты бойынша жылуға төленетін ақы тұрғындардың айлық кірісінің 10 пайызынан аспауы тиіс. Ал есептеулер тарифтер өскен жағдайдың өзінде ол ең кедей отбасы табысының ары кеткенде 8 пайызын ғана құрайтынын көрсетуде.
Банк өкілдерінің айтуынша, жобаның жүзеге асуы арқасында Семейдегі жылу жүйелерінің үштен бірі жаңартылмақ. Жылу орталығының су тұтыну көлемі азаяды. Ең бастысы, оның жергілікті бюджетке аударатын салықтық төлемдері артады. Жобаны дайындау кезінде тұрғындардан жылу үшін ақы жинау мәселесі де назардан тыс қалмаған екен. Жоба кәсіпорындағы тәртіпті күшейту, тұрғындар арасында насихат жұмыстарын жүргізу сынды жұмыстарды да қамтиды. Қысқасы, Еуропалық қайта құру және даму банкі аталмыш жоба бойынша келісімге қол қоюға әзір.
Жиында сөз алған еліміздің өңірлік даму министрі Болат Жәмішев бұл жобаның Үкімет отырысында жан-жақты қарастырылғанын жеткізді. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде ірі қалалардағы жылумен қамту жүйесі мемлекет тарапынан мықты қолдау көріп отыр, ондағы мақсат – тарифтердің өсуіне жол бермеу, қарапайым тұрғындардың қалтасына жүк салмау. Әрине, аталған саланы бірыңғай тұтынушылар төлемі арқылы, не болмаса тек қана мемлекет бюджеті есебінен қаржыландыру мүмкін емес. Сондықтан, бұл ретте ортақ әрі өзара тиімді байлам қажет. Банк ұсынып отырған кешенді жоба осы мәселені түбегейлі шешпек.
– Жоба автоматты жылу бекеттерін орнатуды да міндеттейді. Еліміздегі жылумен қамту желілерін жаңарту үшін бізге қосымша қаржы, займ керек. Оны Еуропалық қайта құру және даму банкі беріп отыр. Бұл – кешенді және толыққанды жоба. Ол жүзеге асқан жағдайда біздегі жылу орталықтары қазіргідей апаттық режимде жұмыс істеуді доғарады, – деп атап өтті өңірлік даму министрі.
Енді банктің, үкіметтің және облыс әкімідігінің мамандары алдағы уақытта осы жобаның әрбір тармағын пысықтаумен шұғылданатын болады.
Жиынды түйіндеген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев ең алдымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы кез келген кәсіпорынның шығынсыз жұмыс істегенін қалайтынын қадап айтты. Ол, сондай-ақ, банк әзірлеген жобаны жалпы қолдайтынын, алайда оның бүге-шігесін, әсересе тарифтерге қатысты тұсын әлі де зерделеу керектігін ескертті.
– Бізге керегі – тұтынушыларға сапалы қызметтің көрсетілуі, яғни қысқы маусым кезінде үйлерге жылудың толық берілуі. Бұл орайда Семей қаласының әкіміне тұрғындармен коммуналдық ақының қайтарылымы бойынша жұмыс жүргізу керек, – деген аймақ басшысы жобаның алдағы бір-екі күннің ішінде түрлі сала мамандарымен қарастырылуын жүктеді, бұл жұмыстарға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Текешов басшылық жасайтын болады.
Облыс әкімі, сонымен қатар, банктің шағын және орта бизнес нысандарына көрсетіп отырған қаржылай әрі маркетингтік көмектеріне өз алғысын білдірді. Бүгінге шекті банк облыстағы 35 кәсіпорынға қолдау білдірген, олар енді бұл санды елуге дейін жеткізбек ойда.
– Біз өңірдегі кәсіпкерлік нысандары санының өскенін, олардың табысты жұмыс істегенін қалаймыз. Еуропалық қайта құру және даму банкі – үкімет кепілінсіз мол қаржы ұсынатын бірден-бір қаржылық институт. Біз аталған банкпен алдағы уақытта да өзара тиімді жобалар бойынша жұмыс істеуге әзірміз, – деп қорытындылады өз ойын облыс әкімі.