Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің Ресей, Орталық Азия елдеріндегі инфрақұрылым бойынша директоры Екатерина Мирошник арасындағы кездесу барысында Семей қаласындағы сумен қамту жүйесін жаңғырту сияқты өңірімізге қатысты бірқатар инвестициялық жоба кеңінен талқыланып, маңызды келісімдерге қол қойылды.
Кездесуде белгілі болғандай, аталмыш қаржы ұйымы Семейдегі сумен қамту жүйесін қалпына келтіру мақсатына 2,6 миллиард теңге бөлуге әзір. Жалпы, шаһардағы екі ірі жобаны жүзеге асыруға Еуропалық банктің тарапынан 11 миллиард теңге бөлінбек. Бұл инвестиция «Семей су арнасы» мен «Жылукоммунэнерго» кәсіпорындарының жұмысын жаңғыртуға, атап айтқанда, сорғы стансаларын жаңалап, жылу және су желілерін қалпына келтіруге, заманауи құрал-жабдықтар мен автоматтандырылған басқару жүйелерін сатып алуға жұмсалады деп жоспарлануда. Сол сияқты, есептеу аспаптарын орнату жұмыстары да лайықты жалғасын таппақ.
– Біздің банк үшін энергетика мен ресурстарды тиімді қолдану сияқты бағыттар ең маңызды болып саналады. Осы орайда, сіздердің елдеріңізбен «жасыл экономика» жобалары бойынша тығыз байланыс орнатқанымызды айтқым келеді. Сондай жобалардың ішінде Семей қаласындағы сумен және жылумен қамту жүйелерін жаңғырту мәселелері де бар. Бұл жобалар шаһарда энергия мен суды үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді кездесу кезінде Екатерина Мирошник.
Осы орайда айта кетер жайт, келер жылдың бірінші жартыжылдығында тараптар арасында 5,9 миллиард теңгені құрайтын тағы үш жобаға қол қойылады деп күтілуде. Олардың ішінде Өскемен қаласында 1,9 миллиард теңгеге және Семейде 800 миллион теңгеге көше құралдарын энергия үнемдеуіш шамдарға ауыстыру жобалары бар. Сонымен қатар, құны 3,2 миллиард теңгені құрайтын Өскемен қаласындағы сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту жобасы да – облысымыз үшін аса ірі инвестициялық жобалардың бірі.
Кездесу барысында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Еуропалық банк өкілдерін аймағымызға қатысты тағы бірнеше жобамен жақынырақ таныстырды.
– Бұл жобалардың біразы инфрақұрылым қалыптастыруға қатысты. Мысалы, біздің өңір үшін ең өзекті проблема деп Бұқтырма су қоймасы үстінен көпір салу мәселесін айтуға болады. Облыс жұртшылығы бұл көпірді 40 жыл бойы күтумен келеді. Егер Бұқтырманың екі жағасын жалғайтын көпір салынса, бұл халықтың ары-бері қатынауын анағұрлым жеңілдетіп қана қоймай, су қоймасының ар жағында орналасқан мыс кен орнын игеріп, пайдалы қазбаны үздіксіз тасымалдауға да мүмкіндік берер еді, – деген облыс әкімі қаржы ұйымының өкілдерін Ертіс өзені үстінен өтетін көпір құрылысы жобасымен де таныстырды. Бұл жобаның құны шамамен 40 миллиард теңгені құрамақ.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Еуропалық банктің Шығыс Қазақстандағы жұмысын одан әрі жетілдіру үшін облысымызда қаржы ұйымының кеңсесін ашу жөнінде ұсыныс жасады. Себебі, алдағы уақытта бірлесіп атқарар шаруа аз емес. Атап айтқанда, Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржысы есебінен 2018 жылға дейін облысымызда 154 миллиард теңгенің 124 жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың дені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты екенін айта кеткен жөн.
Нұржан Кенжеұлы