Пай-пай, қазақтың келіндері-ай! Әдемі де әдепті, инабатты да ибалы келіндерімізбен қалай мақтансақ та жарасымды. Ұлтымыздың салт-дәстүрінің ұлықтаушысы да, тіліміздің тірегі де осы келіндер. Халқымызда «Келіні жақсы үйдің - керегесі алтын» деген де дана сөз бар. Осы орайда Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Өскеменде «Аяулы жас келін» атты облыстық байқау өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Осымен екінші рет өтіп отырған байқаудың ұрпаққа берер ұлағаты қай жағынан болса да мол болды. Өңіріміздің аудандары мен қалаларынан келген он бір келіннің бәрі де «Па, шіркін, қазақтың келіндері осындай-ақ болсайшы» дейтіндей бірінен-бірі өткен сұлу да көркем, он саусағынан өнер тамған шебер, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеген жандар екен.
Байқаудың «Ас – адамның арқауы» атты алғашқы бөлімі қаладағы «Сұлтан» мейрамханасында өтті. Бұл бөлімде келіндеріміз халқымыздың ұлттық тағамдарын жасаудан өзара сайысқа түсті. Қазылар алқасы келіндеріміздің қолынан шыққан ұлттық тағам түрлерінің тіл үйірерлік дәмді болуына ғана емес, келіннің қонақты күту мәдениетіне, өзін-өзі ұстауы мен ширақтығына, сөз саптауына да ерекше мән берді. Міне, сайыстың осы түрінде Курчатов қаласынан келген келін Арайлым Рахымбердіқызы қазылардың ыстық ықыласына ие болды. Ақылды ана мен кемеңгер ененің тәлім-тәрбиесін көрген бұл келіннің әрбір сөзі мен қимылының өзінен-ақ тектіліктің табы білініп тұрды. Қазылар алқасының «қарағым, атаңның аты кім?» деген сауалына Арайлым жауап бере алмай қысылып қалды. Сөйтіп, «атамның атын айтып жіберіңдерші» деп қайныларының бірін шақырды.
Өскемен қаласының келіндерінің намысын қорғаған, КТК телеарнасының өңірдегі тілшісі Әсем Қайратбектің ас мәзірі де қазылар алқасының көңілінен шықты. «Осынау келіндер байқауы үшін арнайы мал сойдырдым» деген Әсемге қазылар алқасының мүшесі, облыстық мұсылман әйелдері қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбарам Етекбаева «Сойған малдың неше тұяғын астың?» деген сауал қойды. Сөйтті де бұл сауалға өзі: «Қазақ сойған малдың тұяғының бәрін бірдей аспайды. Артында тұяғы жоқ, ұрпағы жоқ адам өмірден қайтқан кезде ғана бәрін асады» деп жауап берді.
Сайыстың бұл түрінде қазақтың ұлттық тағамын емес, өзге ұлттың тағамын әзірлегендер де кезікті. Мысалы, ұландық келін Лаура Серікқызы жаппасай деп аталатын өзбек тағамын ұсынды. Сондай-ақ, бесқарағайлық келін «Қимай», катонқарағайлық келін «Көңіл күй», шемонайхалық келін «Бал қуырдақ» жасап, қазылардың көңілінен шығуға тырысты.
Келіндердің өнеріне риза болған әжелеріміз оларға ақ батасын берді.
– Сендер қашан да қазақтың келіндері екендіктеріңді ұмытпаңдар! Барған жерге балдай батып, судай сіңу, сол әулеттің өзіне тән ережесі мен қағидасын орындап жүру – келіндердің басты парызы. Бүгін сол әулеттің ақ отауы болсаңдар, келешекте сол әулеттің ақ ордасы атанасыңдар. Өздеріңнен кейінгілерді тәрбиелейсіңдер. Осындай халқымыздың Мәңгілік ел болып қалуына үлес қосатын келін-дердің барын көріп, көңілім марқайып отыр, – деді қазылар алқасының мүшесі, «Руханият» зиялы ардагерлер клубының жетекшісі Зейнеп Мәжікенова.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың акт залында өткен байқаудың екінші кезеңі келіндердің өзін-өзі таныстыруымен басталды. Абай ауданының келіні Тоғжан Исанова сахнаға шашулата көтерілді. Жалпы, шашудың мәні – жақсылық, молшылық, кұт-береке тілеу ғой. Бұл да болсын ұлылар мекенінен келген келіннің көрегендігі десек артық айтпаспыз.
Ал аңыздар мен абыздар елі атанған Аягөз ауданынан келген Айжан атты келініміз сахнаға басына кимешек киіп шықты. Өзін таныстыра отырып, Айжан келін залда жиналған қауымға қазақ келіншектерінің жүзіне иман ұялатып, шырай беретін киелі кимешек жайында да біраз мағлұмат берді.
Сөйтіп, келіндердің ой-өрісін, білім деңгейі мен біліктілігін бағамдайтын интеллектуалдық сайысқа да кезек келді. Байқағанымыз, келіндерге қойылған сауалдардың дені қарапайым. Мысалы, «Үш арсыз. Біздің өңірде махаббаттары аңызға айналып, қосыла алмай кеткен ғашықтарды ата? Отқа су құйма, түкірме деген сөздің мағынасын қалай түсінесің?» деген сынды өзіне қойылған сауалдарға бірінші нөмірлі Абай ауданының келіні мүдірмей-ақ жауап берді.
Десе де келіндердің арасында қазақ әдебиетінің үш бәйтерегін білмей сүрінгендер де кездесті.
Ал кезек өнер сайысына келгенде келіндердің ешқайсысы да аянып қалмады. Келіндердің бірі мың бұрала би билесе, екіншісі әуелете ән салды, ал үшіншілері мәнерлеп өлең оқыса, тағы бірі пьесадан үзінді көрсетті.
Осылайша қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді» анықтаудың қиын болғаны рас. Нәтижесінде, «Аяулы жас келін» байқауында бірінші орынды абайлық келін Тоғжан Исанова (жоғарыдағы суретте) қанжығасына байласа, Өскемен қаласының келіндерінің намысын қорғаған, журналист әріптесіміз Әсем Қайратбек екінші, ал шемонайхалық Рысжан Екібасова үшінші орынды иеленді.