KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

«Аяулы жас келін 2018» байқауының бас жүлдесін Зайсанның келіні жеңіп алды

1.06.2018, 03:45 222

Абай ауданының 90 жылдығы қарсаңында аудан орталығында  «Аяулы жас келін 2018» атты облыстық сайыс өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Сайыс  Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы мен  Шәкәрім Құдабердіұлының 160 жылдығы құрметіне арналды. Байқауға облыстың әр ауданынан келген 13 келін қатысты. Жиынды аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров ашып, қазақтың салт-дәстүрлері осылай керемет насихатталып жатқанына ерекше ризашылығын білдірді. Сайыстың бас ұйымдастырушы Шығыс Қазақстан облыстық Жастар ресурстық Орталығының директоры Арайлым Есімбекова қатысушыларға қойылатын талаптарды түсіндіріп, әділ-қазылар алқасының мүшелерімен таныстырды.


Облыстық байқаудың  бірінші бөлімі «Ас адамның арқауы» деп аталғандықтан,  келіндерімізге арнап далада қос ақшаңқан киіз үй тігілді. Аулада қазан ошақ пен 13 самаурын  тізіліп қойылды. Қос киіз үйдің бірінде келіндер үйден пісіріп әкелген қазақтың ұлттық тағамдарынан дастархан әзірледі. Бұның бағасын әділқазылар анықтап жатты. Екінші киіз үйде ыстық бауырсақ пісіріп, өнерлерін көрсету үшін келіндер іске кірісті. Самаурыннан қазақша сүт қосқан шәй демдеп, құйып беру де, оны ізетпен ұсыну да келіндердің мойнына түскен бір сын болды. Бауырсақты  пісіруден алғашқы боп,  Зайсан ауданынан келген Айнұр  Какеева алға озып шықты. Бұдан соң әр келін  өз қолдарынан шыққан ұлттық тағамдарды таныстырды.


-Әр елдің салты басқа демекші, келіндер барлығы бір облыстан  болса да, тіпті аудандардың ішінде ұмытылып бара жатқан әсіп, быламық, жонқуырдақ сияқты көптеген   ұлттық тағамдарды керемет дайындайтындығымен  таңдай қақтырды,-деді ШҚО мәслихаты  депутатының қоғамдық қабылдау бөлімінің жетекшісі  Бұлбұл Бакинова,-сонымен бірге, қоспа, балқаймақ, тары, құрт, ірімшік сүт өнімдері де әрбір дастарханда молынан тұрды.


Бұдан соң сайыс Мәдениет үйінің концерт залына жалғасты. Бұл бөлімде келіндер  бойындағы ақыл ой, парасаттылығын дәлелдеп көрсетті. Сонымен «Облыстық Жас келін-2018» байқауы мәресіне жетіп, барлық қатысушы келінге  Абай ауданының әкімінің жеке атаулы сыйлығы табысталды. Қосымша электрлі ет тартқыш машинасы сыйға тартылды. «Семей мебель» компаниясының директоры, жеке кәсіпкер Анархан Темірболатқызы  Ұландық Рабиға Сержанқызына үй жиһазының сертификатын табыс етті. Арнайы дипломмен  Курчатов қаласынан келген келін Айдана Жұмағұлова марапатталды.  Үшінші орынды Абай ауданынан Айжан Үркімбаева  иеленді, оған  50 мың теңге сыйлығы табыс етілді. Екінші орын Өскемен қаласынан келген  Әйгерім Бекқызына бұйырды. Ал Бас жүлде «Аяулы жас келін - 2018»  атағын Зайсан ауданына Айнұр  Какеева  жеңіп алып, 100 000 теңге  қаржылай марапатқа ие болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив