А.С.Пушкин атындағы ШҚ облыстық кітапханасында орыс тілі орталығы ашылды. Оның ашылу салтанатына Ресей Федерациясы Консулдығы, жергілікті атқарушы билік өкілдері мен шығармашылық әрі ғылыми зиялы қауым қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі кітапхананың баспасөз мәліметіне сілтеме жасап.
Орыс тілі орталығының ашылуы А. С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылған орыс мәдениеті фестивалімен сәйкес келді. Фестиваль аясында 20-26 қараша аралығында «Все о русском языке» әдебиеттер және «Радужное диво» орыс қолданбалы өнер көрмелері жұмыс істейді. «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің мүшелері – жергілікті ақындар шешендік өнерлерін «Поэтический ринг» бағдарламасында сынайды. Күндізгі киносеанстар орыс классикалық шығармаларын экраннан тамашалауға шақырады. Ал, көркем сурет пен музыка жанрын қалайтындарды «Узор стихами говорит…» мастер-класы мен «Под звуки русского романса» музыкалық салоны күтеді.
«Асыл сөз қазынасын сақтаушы, ұлы орыс ақыны А.С.Пушкиннің есімін алып жүрген кітапханада Орыс тілі орталығының ашылуы орынды деп білеміз. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Әлемдік алты тілдің бірі ретінде елімізде орыс тілін де сақтауымыз керек... Ата-бабаларымыздан келе жатқан мәңгілік достығымыз бар, оны сақтап қалу – бізге парыз», – деген болатын. Сол себепті Орталықтың ашылуы маңызды миссия болып саналады», деп өз ойымен бөлісті шараның үлестірушісі Ирина Налетова.