Күршім ауданы төтенше жағдай бөлімінің басшысы кәсіпкерлерді заңсыз тексеруге жол бергені анықталды. ШҚ облыстық прокуратурасының тексеруі кезінде бөлім басшысының тексеру жоспары Бас прокуратураның сайтында жарияланған жоспарға сәйкес еместігі әшкереленді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
"Яғни, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсында бір жоспар жарияланса, бөлім басшысы Е.Б. Мұхтарханов басқа тексеру жоспарын бекіткен. Бөлім басшысы бекіткен жоспарға интернет ресурста жарияланған тізімде жоқ жеке кәсіпкерлік субъектілер енгізілген, демек ағымдағы жылда аталған кәсіпкерлік субъектілері жоспарлы тексеруге заңсыз тартылған.
ТЖБ басшысының жоғарыдағы жоспарына барлығы 15 кәсіпкерлік субъектісі заңсыз енгізілген", деп түсіндірді ведомство қызметкерлері.