Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің базасында «Ғылымда, техника мен білімдегі есептеуіш және ақпараттық технологиялар – 2013» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Аталмыш конференцияға алыс және жақын шет елдерден: Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Германия, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Швеция, Сербия ғалымдары қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Барлығымызға белгілі, «Қазақтелеком» АҚ Қазақстан Республикасында IT-технологиялар мен телекоммуникация саласындағы компания болып табылады. Осы мақсатта, Шығыс Қазақстан облыстық телекоммуникациялар дирекциясы жаңа ақпараттық технологияларды енгізу және жаңа байланыс қызмет түрлері бойынша көрме ұйымдастырды.
Облыстық дирекцияның бас директоры Эрнест Еспенбетовтың айтуынша, дирекция аталмыш бағытта үлкен жұмыс атқаруда. Әр жыл сайын жаңа технологиялар енгізіліп, ұсынылатын қызметтердің сапасы жоғарылатылуда. Қоғам секунд сайын дамуда, сондықтан да телекоммуникация саласында ақпараттық технологияны дамыту өте маңызды .
Қазір ШҚ ОТД негізгі мақсаты тұрғындарды интернетпен қамту деңгейін көтеру болып табылады. Зырян, Күршім, Ақсуат, Риддер, Қалбатау, Үлкен Владимировка, Бородулиха, Шемонаиха, Глубокое, Қ. Қайсенов аудан орталықтарына дейін ішкіаймақтық талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы аяқталды. 2013 жылдың аяғына дейін Үржарда, Зайсанда, Мақаншыда талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысын аяқтау жоспарлануда және барлық аудан орталықтарына дейін ішкі желілерді жаңғырту аяқталады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «2010-2014 жылғы индустриализациялау картасы туралы» өкімі аясында «Қазақтелеком» АҚ Шығыс Қазақстанда тұрғын үйлерге талшықты-оптикалық желілерді тарту бойынша жобаны жүзеге асыруда.
2015 жылға қарай Өскемен және Семей қалаларында талшықты-оптикалық желілерді тарту бойынша жұмысты аяқтау жоспарлануда. Ол жаңа цифрлық теледидар, Sip-телефоны, Интернет желісіне кең жолақпен жоғары жылдамдықта қатынау қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді.