Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов шаһардың Затон аумағындағы Сәтбаев көшесі, 186 үйдің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындардың алдағы қысқа алаңдаушылық білдіруіне түрткі болып тұрған жайт- бес қабатты баспананың қабырғасына жапсарласа салынған иесіз ескі киім дүкені, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Дүкеннің әйнекті қабырғасының кейбір тұсы шағылып, саңылауларынан қыста суық сумаңдайтыны аздай, қаңғыбастардың жан сақтайтын мекеніне айналып кеткені кімді болсын, қынжылтары анық. 5 қабатты үйдегі 80 пәтер соның салдарынан толықтай жылу ала алмайды. Анығын айтқанда, бірінші және үшінші қабат аралығындағы пәтерлерде тұратындар жылдың қатаң мезгілінен сырт киімдерін шешпестен шығуға мәжбүр.
Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, кеңестік кезеңде атағы дүркіреген дүкеннің тоқсаныншы жылдардың тоқырауында басынан бағы тая бастаған. Дегенмен, 2003 жылы бизнеспен айналысуды көздеген бір азамат дүкенді өз меншігіне алғанымен, жағдай жақсарып кете қоймаған. Керісінше, иесі сол күйі қаңырап қалған дүкенді не халық игілігіне жаратпастан, не басқа пайдалы нысанға айналдырмастан сол күйі ғайып болған екен. Осындағы пәтерлердің бірінде тұратын Хасан Янгузаровтың айтуынша, «сайда саны, құмда ізі жоқ» сол «кәсіпкердің» шалағай ісінің салдарынан тұрғындардың жылуға келгенде тауы шағылып отырған жайы бар. Қаншалықты сабылып іздесе де дүкен иесі таптыратын емес. Ал, қыс болса тағы да жақындап келе жатыр. Жылдағы қалтыратқан жағдай тағы да қайталанатыны өз алдына, үй астындағы дүкен іші қоқыс үйіндісіне толып, тұрғындардың қаңыраған нысанның кесірінен қыста қалтырап шығуы әбден мүмкін. Бәрінен де берілген жылудың бей-берекет кететіні аздай, мұндағы отбасылар қыстағы аяздың қарып өтер ызғарынан қалай құтыларын білмей дал.
Сәтбаев көшесіндегі 186 үй тұрғындарының мәселесіне мұқият көз жеткізген Айбек Мүталапханұлы дүкенді келешекте қажетті әлеуметтік нысанға айналдыру жөніндегі ойын да айтты. Бірақ, алдымен халықты әуре-сарсаңға түсірген дүкен иесін табуды полиция қызметкерлеріне шегелей тапсырды.
Жалпы, қазіргі уақытта Затон аумағындағы көпқабатты үйлердің қысқа дайындығы мәз емес. Семей қалалық ТҮКШ бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Дюсуповтың БАҚ өкілдеріне берген мәліметіне сүйенсек, мұндағы жылу маусымына дайындығы жөніндегі паспортын алған тұрғын үйлер 30 пайыз шамасында ғана. Жергілікті ПИК басқармаларының тұрғындардың жылуға берешегін жинау жұмыстары әлсіз жүруде.
- РК-3 жылу орталығына тиесілі 37 тұрғын үй бойынша 11 ПИК бар, - дейді қалалық ТҮКШ бастығының міндетін атқарушы. - Кооператив қызметкерлері тұрғындардың жылуға қарызын қайтарту мақсатында кездесулер ұйымдастырып жатыр. «Теплокоммунэнерго» мекемесі қарызы қалыңдаған тұрғындармен сот орындаушылары арқылы сөйлесуіне тура келіп отырған жағдай да бар. Биылғы жылу маусымында уақытында жылуға байланысты техникалық паспортын дайындамаған, берешегін төлемеген үйлерді жылудан ажырату шараларын қолдануға дейін баратын боламыз.
Сәтжан Қасымжанұлы