KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
480.55 533.75 5.36

Шығыс ауылын алаңдатқан мәселелер азайды

10.08.2013, 18:00 152


Шығыс ауылы ешқашан мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалған емес, ол жерде тұрып жатқан ағайындардың тағдыры да облыс басшылығының үнемі назарында. Жергілікті жұртты алаңдатқан проблемалар заңға сәйкес, жөн-жосығымен шешілуде. Кеше Өскеменнің іргесіндегі аталған ауылдың тұрғындарымен болған жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев осылай деді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Естеріңізге салсақ, бұдан бір жарым ай уақыт бұрын тарихи Отанына оралған ағайындарымыз қоныс тепкен Шығыс ауылында электр қуатына қарыз көбейіп кеткендіктен, «Шығысэнерготрейд» ЖШС жарықты қиып тастауына байланысты шу шығып, мұқым жұрт облыс басшысына шағымдарын айтып шық-қан болатын. Сол кезде тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап, мұң-мұқтаждарына құлақ түрген аймақ басшысы қордаланған проблемаларды шешу үшін тиісті саланың мамандарынан және сол ауылдың өкілдерінен құралған арнайы комиссия құрып, тексеру амалдарын жүргізетінін айтқан. Содан бергі уақытта комиссия мүшелері біршама жұмыстарды еңсеріп, түйткілдің түйінін табуға тырысты.

Бүгінгі күні тексеру шаралары әлі де жалғасып жатыр, дегенмен алдын ала белгілі болған мәліметтерге сүйене отырып, мәселенің күрмеуі қалай тарқатылып жатқанын ауыл адамдарына түсіндіріп, құлағдар ету үшін аймақ бірінші басшысы Шығыс елді мекеніне ат басын бұрып, жиын өткізді. Бұл жиынға облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов, облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Рашид Жақыпов, Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов және басқа да құрылыс, жұмыспен қамту, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік сияқты тиісті салалардың басшылары мен өкілдері қатысты.

Құрылыс барысындағы кемшіліктерді мердігер мекемелер түзетеді


Көпшілік алдына шығып баяндама жасаған Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов комиссия жұмысының нәтижесінде анықталған бірқатар деректерді мәлім етті. Оның айтуынша, құрылған үш жұмыс тобы елді мекенде тұратын әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын, баспаналардың сапасын тексеріп, коммуналдық төлемдерін есептеген.
Жүргізілген зерттеулер нәтижесі бойынша, Шығыста барлығы 1699 адам тұрады екен, оның 580-і тұрақты еңбекпен қамтылған, 178-і жеке кәсіппен айналысады. 233 отбасында бір, 125-інде екі, жиырма үшінде үш, жетеуінде төрт адамнан жұмыс істейді. 259 отбасы 50-60 мың теңге көлемінде жалақы алып отыр.

Апта сайын жұмыспен қамту жәрмеңкесі өткізіліп, жеті айдың ішінде 64 адам тұрақты еңбекке орналасқан.

– Үйлердің сапасына келсек, құрылыс барысында жіберілген кемшіліктер мердігер мекемелермен жөнделуде. Ауылды үш құрылыс компаниясы салған. Оның бірі – «Құмаров және К», екіншісі «777» және «Бытстрой». Алғашқы екі мекеме келісімшарт негізінде өздері салған үйлердің кем-кетіктерін қалпына келтіріп жатса, соңғысының үстінен қылмыстық іс қозғалған, – деген қала басшысы Темірбек Қасымжанов қанша үйге жөндеу жүргізілетінін де нақтылады.

Айталық, «Құмаров және К» компаниясы 65 үйдің жетеуінде жөндеу жүргізіп бітірген, 57 үйдің 17-сінде қазір жұмыстар жалғасуда, ал 41 үйдің жөндеуі 1 қарашаға дейін аяқталмақ.

«777» құрылыс компаниясы барлығы 100 үй тұрғызса, оның 51-і қазір дайын, 49-ы жөндеуді қажет етеді. Осы 49-дың бүгінгі күні 18-інде жөндеу жұмыстары қолға алынса, 30 үйдің шаруасы 1 қарашаға дейін тас түйін болмақ.

«Бытстрой» салған 298 тұрғын үйдің комиссия шешімі бойынша 72-сі күрделі жөндеуді талап етеді. Қазір лицензиясы бар компания өкілдері ол үйлердің сапасын тексеруде, содан кейін ғана 72 үйді жөндеу жұмыстары қалай жүргізілетіні туралы шешім қабылданбақ.

Сондай-ақ, тұрғындардың ұсыныс-тілекте-рін ескерген жергілікті билік баспаналарын жылыту үшін пеш салуға заңды түрде рұқсат берді.

Пайдаланылған электр қуатын төлеу мәселесіне тоқталсақ, жұмыс тобы әрбір шаңырақтың электр есептеуіш құралын тексере келе, 342-сі жарамды, 90-ы жөндеуді қажет ететіндігін анықтаған. Бұл есептегіш құралдарды жөндеуді ШҚ АЭК жүзеге асырады деп шешілген. Бүгінгі таңда 75 отбасының электр энергиясына қарызы жоқ, 168 түтін «Шығыс-энерготрейдпен» келісім жасасып, соның ішін-де жүзі қарыздарын төлей бастаған.

Бұған дейін 125 отбасының «Тұрғын-үйқұрылысжинақ банкінде» 18 миллион теңге қаражаттары бар болатын. Осы қаржыны иелерімен және банктермен келісіп, «Шығысэнерготрейд» компаниясының алдын-дағы қарыздар жабылуда. Дәлірек айтқанда, жалпы 47 миллион теңге қарыздың 3 миллион 100 мың теңгесін тұрғындар, төлесе 1,5 миллион теңгесі банктер арқылы төленген.
Жиын барысында кәсіпкерлік және бизнес саласында жүзеге асырылып жатқан міндеттер жайында да кеңінен ақпарат берілді. Мәселен, қала әкімінің келтірген деректеріне сүйенсек, Ұлан ауданынан 480 гектар жер бөлініп беріліп, қазір онда 71 отбасы еңбек етуде. Мұның ішін-де 36 отбасында 266 ірі қара мал, 18 отбасында 322 ұсақ мал өсірілуде. Жеміс-жидек егу мақсатында Новоявленка ауылының маңынан 60 гектар жер телімі бөлініп, ол жерде кооператив мүшелері бақташылықпен айналысып жа-тыр. Жалпы Шығыс ауылында кәсіпкерлікпен 45 адам шұғылданады. Олар дәмхана, шаштараз, аяқ киім жөндеу, тігін шеберханасы, кірпіш құятын цех, бильярд және фотосалон, шағын базар, азық-түлік дүкені сияқты жұмыс орындарын ашып, табыстарын тауып отыр.

Тұрғындардың сұрауы бойынша Герасимовка ауылының жанынан зиратқа орын берілді. Ауылды көгалдандыру, көріктендіру жұмыстары жақсы қолға алынған, балалар ойнайтын алаңдар да бар.

– Өткен жолы кездескенде сіздердің мұң-мұқтаждарыңызды тыңдап, оны шешуге барынша көмек берілетінін айтқанбыз. Міне, бүгін сол мақсатта атқарылып жатқан істермен сіздерді таныстыра кету үшін келдік. Қала әкімі баяндағандай, сіздердің ауылдағы проблемалармен жақсы таныспыз. Оларды түгел шешіп тастамасақ та, біртіндеп бір жағына шығарамыз. Бұл ретте бірігіп, жұмыла кірісуіміз керек. Жалпы, мемлекет өз азаматтарын ешқашан далада қалдырған емес, қолдан келгенше барлық жағдайды жасап отыр. Тек ерінбей еңбек етіп, тер төксеңіздер болғаны. Әсіресе, жерді игеріп, жерден өнім алуымыз керек. Төрт түліктің санын көбейтуіміз керек. Ол үшін біздің Шығыста мүмкіндік жетеді, – деген облыс кімі Бердібек Сапарбаев кездесу барысында жұртшылық-тың қойған сұрақтарына жауап қайтарды.

Енді үйлерін кәдімгі пешпен жылытады

Өткен жолғы кездесумен салыстыра қарағанда, бұл жолғы жиында бір байқа-ғанымыз, ауылдағы ағайындарды алаңдата-тын мәселелер азайғанға ұқсайды. Қойылған сауалдардың дені жәрдемақы алу, жұмыс-қа орналасу, кәсіп ашу секілді жеке басқа қатысты мәселелер. Ең бастысы, сапасыз салынған баспаналар үшін бас ауыртпайтын болды жұртшылық, өйткені оларды құрылыс жұмыстарын дұрыс жүргізбеген мердігер мекемелер жөндеп, қалпына келтіріп беретін болды. Ал теплофоннан қып-қызыл шығынға батқан отбасылар енді үйлерін кәдімгі пешпен жылыта алады.

– Иә, өткендегі кездесуден соң арнайы комиссия біздің ауылда тексерулер жүргізіп, бәрін зерттеп жатыр. Облыс басшысы қатаң бақылауына алғалы бері біраз мәселелер шешуін тауып, көмек көрсетілуде. Ол үшін үлкен рақмет сіздерге, ризамыз. Елім деп еңіреп келгенде құшақ ашып, қарсы алып, осындай ауыл салып бердіңіздер. Оны да ұмытқан жоқпыз. Құрылысшылардан кеткен қателік үшін басшыларды кінәлаудан аулақпыз. Енді сол кемшіліктерді бірлесіп қара күз түскенше ретке келтіреміз деп ойлаймын және соған үміт артамыз, – дейді ауыл тұрғыны Төлеген Құмар.

Бір қызығы, зерттеулер анықтаған дерекке көз жүгіртсек, Шығыс ауылындағы оралман ағайындарға берілген 58 баспанада мүлдем басқа біреулер қоныстанып алған екен. Оның ішінде 6 үй айына 10-15 мың теңгеден жалға беріліп қойыпты, ал олардың заңды қожайындары басқа қалаларда тұрып жатқан көрінеді.

– Біз, құқық қорғау орындары мердігер компанияларды қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Оларға өздері жіберген кемшілік-терді түзетуіне белгілі бір уақыт берілді. Егер осы уақыт ішінде тиісті міндеттерді орындамаса, мемлекеттен алған ақшаны қайтарып алып, өздерін жауапқа тартамыз. Бүгінде анау «Бытстрой» деген компанияның үстінен қылмыстық іс қозғалып, басшысына қамау санкциясы берілген. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ал сіздерге айтарым, сабырлылық керек. Ең бастысы – тәртіп. Бәріміз тәртіпке бағынып, елдің бірлігін сақтауға тырысайық. Қазақта жақсы сөз бар: «Бетеге кетсе жер қалар, азамат кетсе ел қалар, бірлігің кетсе нең қалар?» деген. Осыны естен шығармайық, – деп бәтуалы сөзін айтқан облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов қазақ елі сияқты құқықтық мемлекетте барлығы заңмен шешілетінін тағы да қадап тұрып түсіндірді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келесі кездесу қазан айында болатынын, комиссия жұмысының соңғы нүктесі сол кезде қойылатынын, ал құрылысқа, электр энергиясына қатысты және басқа да мәселелер бойынша тиісті шаруалар жалғаса беретінін жеткізді.


Серік Әбілхан


Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив