KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, СБ
489.36 533.45 4.99

Бас қаланың туған күніне балғындар да үн қосты

5.07.2013, 18:00 147


Бүгін - қазақтың Елордасы 15 жасқа толып отыр. Астанамыздың мерейтойына арналған мерекелік шаралардың бірі Ұлан ауданына қарасты «Болашақ» лагерінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Тайынтының табиғаты тамылжыған тамаша жерінде орналасқан «Болашақ» жазғы сауықтыру лагерінде тынығып жатқан балалар үшін бұл күн нағыз мейрамға айналды десе де болғандай. Үш топқа бөлінген балалардың бұл күнгі салған әні де, ұраны да – Астана болды. Бір қызығы, үш топтың аттары да қызық. Бірі – «Мега», екіншісі – «Сарыарқа», үшінші топ «Город счастья» деген атты таңдапты. Үш топтағы балалардың барлығы да он саусағынан өнер тамған шебер, әнші, биші екен. Ең алды-мен «Астана – арман қала» атты сурет көрмесін тамашаладық.

Бір қызығы, жас суретшілердің барлығы да өздерінің салған шығармаларында «Бәйтеректі» бейнелеуге тырысқан екен. Бұл түсінікті де. Астана мен «Бәйтеректің» бір-бірінен ажырамас ұғымдарға айналып кеткені қашан. Табиғи материалдардан әзірленген шеберлер көрмесінен де біз қамыстан жасалған «Бәйтеректі» ұшыраттық.

Міне, жазғы лагерьде тынығушы балалардың өздері ұйымдастырған әдеби-музыкалық концерт еліміздің Әнұранымен басталды. Қолдарын жүрегіне қойып, «Менің елім, менің жерім» деп Әнұранды шырқаған бүлдіршіндердің жүзіне қарап, жүрегіңді қуаныш кернейді екен.

Осынау мерекелік шарада облыстық білім басқармасының атынан аталған мекеменің бас-пасөз хатшысы Жанболат Санияз сөз сөйлеп, балдырғандарды еліміздегі айтулы мерекелердің бірі – Астана күнімен құттықтады.

Бір байқағанымыз, балдырғандардың барлығы дерлік болашақта Астанада оқуды, Астанада тұруды арман етеді.
– Мен Астананы әлі көрген жоқпын. Бірақ Астанаға баруды армандаймын. Болашақта әнші болып, Астана жайындағы ән-дерді сахнада шырқасам деймін, – дейді М.Ломоносов атындағы мектептің 5-ші сынып оқушысы Жұлдыз Баян.

Шынында да, Жұлдыз болашағынан көп үміт күттіретін өнерлі бала көрінеді. Әсіресе, оның Әлихан атты баламен бірігіп шырқаған «Көк тудың желбірегені» атты әні шараға қатысушыларға қатты ұнады.

Жалпы, «Болашақ» жазғы сауықтыру лагерінде бір маусымда 60 бала тынығады екен. Ал жаз бойы барлығы 365 бала демалатын көрінеді.

– Лагерьдің екінші маусымындағы іс-шаралардың барлығы да негізінен Астананың 15 жылдығына арналып жатыр. Міне, өздеріңіз көргендей түрлі көрмелер ұйымдастырдық, сонымен қатар, «Жеңісімді Астананың 15 жылдығына арнаймын» деген атпен атты волейболдан жарыс болды, лагерьде өткен «Астана аруы» мен «Жігіттер сайысын» да Астанамыздың мерейтойына арнадық, – дейді жазғы сауықтыру лагерінің басшысы Бибигүл Қасымова.

Мейрамтай Иманғали

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив