Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, білім бөлімдерінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты қалалық тіл фестивалі нағыз тіл жанашырларын жинады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Тіл фестиваліне қала басшылары, зиялылары, жексенбілік мектеп өкілдері, қалалық қоғамдық бірлестіктердің белсенді жастары және қала мектептерінен 1000 астам оқушы қатысты.
«Бүгінгі фестивальға қаланың барлық мектептерінің оқушылары, сондай-ақ бала-бақша тәрбиеленушілері де белсене қатысып отыр. Біздің болашағымыз – қазіргі жас ұрпақ. Сондықтан да 2025 жылы бүкіл Қазақстан халқы мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі үшін біз мақсатты бағытталған жұмыстарды мектептен бастауымыз қажет. Бұл тұрғыда бүгінгі өткізіліп отырған іс-шара өте маңызды», - деп атап өтті қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Берік Көпбаев фестивальдің ашылу салтанатында.
Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандарының айтуынша, фестиваль барысында оқушылар мемлекеттік тілді меңгеру бойынша тапсырмаларды орындады. Дұрыс жауаптар үшін оқушыларға фишкалар таратылды, ол фишкаларды оқушылар сыйлықтарға – кеңсе және мектеп тауарларына айырбастап алды.
Қалалық тіл фестивалінде белсенділік тпанытқандар Алғыс хаттармен марапатталды.