Семейлік Жұлдыз Аманбаева Екібастұз қаласында өткен таэквондодан Қазақстан чемпионатында алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының дене шынықтыру факультетінде дәріс алып жүрген Жұлдыз Аманбаева еліміздің түкпір-түкпірінен ең мықтылар жиналған жарыста өзін лайықты көрсете білді. Маусым айында София қаласында спорттың осы түрінен өтетін 18-ші Әлем чемпионатында өнер көрсететін Қазақстан құрама командасына іріктеу жүргізілген сайыстарда Жұлдыздың айы оңынан туды.
Жұлдыз бірінші орынды спарринг бағдарламасы бойынша 69 кг салмақ дәрежесінде ұтып алды. Жерлесіміздің рух биіктігі, тамаша техника шеберлігі оның жеңіске жетуіне себепші болды. Жұлдыз қазір үлкен әпкесі, 3 данның қара белдік иесі бапкер Майсар Аманбаевада алдағы турнирге дайындық үстінде.
Әсел Шайхынова
Мәлімет көзі:Altaynews.kz.