Абай ауданының Қарауыл ауылында «Қосымша білім беру арқылы оқушылардың ақындық қабілетін дамыту» атты өңірлік семинар өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Облыстық білім басқармасына қарасты «Шығыс» орталығының ұйымдастыруымен өткен семинарға Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті, Жарма, Аягөз өңірлерінен «Өнер мектебі» және «Тәрбие жұмысы» орталығының мамандары қатысты.
"Біз алдымен 20 жылдан бері Қарауыл гимназиясында игілікті шаруа атқарып келе жатқан Мерғали Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі, ақын Төлеген Жанғалиевтың шығармашылығына куә болдық. Осы орайда гимназия мұғалімдері мен оқушылары да өрелі өнер көрсетіп, қонақтардың жанын жадыратқанын да айта кеткім келеді. Болмысы бөлек шара барысында ұлылар еліндегі ұлағатты істерге тебіренген зайсандық Қазбек ақын домбырамен арнау айтты. Ал семинарға қатысушылар болса, өресі биік ұрпақ тәрбиелеп, өнегелі жұмыс істеп жатқан ұлылар еліне алғыстарын жаудырып аттанды" деді «Өнер мектебі» ақындар сыныбының жетекшісі Жұмабақыт Рахметова.