Өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы алғаш рет 72 сағаттық қашықтықтан оқыту семинарын өткізді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«Дарын» орталығының білім беру сайты арқылы жүзеге асырылған «Дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру» атты семинарға Семей, Риддер қалалары мен Көкпекті, Зайсан, Катонқарағай, Шемонайха, Аягөз, Зырян, Жарма, Бородулиха аудандарынан 83 білім беру мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Семинарға қатысушыларға дарынды оқушыларды айқындау және олардың талантын ұштау мәселелері бойынша лекциялар мен бақылау тапсырмалары ұсынылып, оқыту соңында арнайы тест-сынақ ұйымдастырылды.
Білім беру сапасын көтеру, дарынды балалармен жұмысты жандандыру және мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында өткен семинарға қатысушы білім беру саласының өкілдерінің бәріне арнайы сертификаттар тапсырылды.