KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 0,7 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Семей қаласындағы Қызыл Жарты ай ауруханасына екінші тәулік бойы нан жеткізу мүмкін болмай отыр

24.01.2013, 18:00 163


Семей қаласындағы Қызыл Жарты ай ауруханасына екінші тәулік бойы нан жеткізу мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бүгін әкімшілікте өткен ТЖ бойынша комиссияның отырысында ҚР Қызыл Жарты ай қоғамы Семей филиалының төрағасы Еркін Қожахметов қала басшылығына ауруханада орын алған төтенше жағдай жайында хабарлады. Жолды сулы қар қоймалжыңы басып қалғандықтан, нан таситын көлік аурухананың маңайына жете алмайды.

- Екінші тәулік бойы бізге нан жеткізілген жоқ, - деді Е.Қожахметов. – Біз нанды орталық әмбебап дүкеннің қасынан түсіріп алып, ауруханаға дейін көтеріп, жаяу апаруға мәжбүрміз. Бұл дегеніңіз 40-50 бөлке нан. Ол аздай, ғимаратқа жедел жәрдем көлігі де жете алмайды. Бұл орталық әмбебап дүкені орналасқан Уәлиханов көшесі, МАИ ғимаратына дейін көліктер кептеліп тұр. Аталмыш көшені шұғыл қардан тазарту керек.

Еркін Қожахметов сонымен қатар емдеу мекемесінің жанында қараусыз қалған жеке меншік құрылыстың кесірінен көктемде су басып кету қаупі барын да ескертті. Өйткені қалың түскен қарды ешкім де тазалап жатқан жоқ.

Қала әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков ҚР Қызыл Жарты ай қоғамы Семей филиалының төрағасы Еркін Қожахметовтің өтінішіне құлақ салып, тиісті орындарға дереу шара қолдану жөнінде тапсырма берді.

Осы жиында Семейде төтенше жағдай орнағаны туралы хабарланды. Соңғы күндері қалада түскен қардың мөлшері нормадан 2,5 есе артып кеткен. Қазіргі уақытта қаладағы барлық қызметтер ТЖ салдарын жоюға жұмылдырылған.

Раушан Мусина

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив