Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Серік Ахметов бүгін жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстанда болып, бірқатар өндірістік нысандардың жұмыстарымен танысып, кәсіпкерлермен кездесіп, Шығыс Қазақстан облысы дамуының өзекті мәселелерін талқылайтын кеңеске қатысады деп хабарлайды Altaynews.kz ақпараттық порталының тілшісі.
Жұмыс сапарын Семейден бастаған Премьер-министр қаладағы 1-жылу энергия орталығында, «Фирма «Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, онда алдағы жылдары салынатын «Сәт Транс» ЖШС үй құрылысы комбинатының жобасымен танысты. «Тұрғын үй-20» бағдарламасы аясында салынатын бұл комбинат іске қосылғанда жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй салатын болады.
Семейлік кәсіпкерлермен кездесуде өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласының өзекті мәселелері талқыланды.
Түстен кейін Үкімет басшысы «Казцинк» серіктестігінің Зырян қаласындағы байыту фабрикасының, сондай-ақ осы қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмыстарымен танысты.
Кешке Премьер-министр Глубокое ауданындағы «Бобровка» серіктестігінде, Өскемендегі «Востокмашзавод» акционерлік қоғамында болып, Шығыс Қазақстан облысы дамуының өзекті мәселелері талқыланатын облыс активінің кеңесіне қатысады деп күтілуде.
Мәлімет көзі Altaynews.kz