KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,8 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Үкімет басшысының Шығыс Қазақстан облысына сапары

11.01.2013, 18:00 137



Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарын Семей қаласынан бастаған ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов кеше
осындағы «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының 1- жылу энергия орталығының қысқы кезеңдегі жұмысымен және даму перспективасымен танысты, деп хабарлайды Altaynews.kz. тілшісі. Оған қоса, қаланың және «Самұрық-Энерго» АҚ басшылығымен болған кездесулер барысында Семей қаласының 3-ЖЭО-ны салу жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Премьер-Министр сондай-ақ, тауарлы бетон шығарумен айналысатын «Азия» фирмасы» ЖШС кәсіпорнында болды..
Темір-бетонды бұйымдардың өндірісін кеңейту және тұрғын үй-құрылысы бағдарламасын іске асыру аясында Семей қаласында үй құрылысы комбинатын салу жоспарлануда. Премьер-Министрге осы комбинаттың жобасы да таныстырылды.

Үкімет басшысы сапар барысында сондай-ақ Семей кәсіпкерлерімен кездесіп, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Кеңеске орталық және жергілікті атқарушы органдардың, бизнес-қауымдастықтардың басшылары қатысты. ШҚО әкімі Б.Сапарбаев, «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндамалар жасады

Серік Ахметов сондай-ақ, Семейде «Атамекен» Одағы» палатасының филиалын ашу туралы А.Мырзахметовтің ұсынысына қолдау білдірді.
Ол сондай-ақ облыс әкіміне, ағымдағы жылы Семей қаласында Кәсіпкерлерді қолдау орталығы пен Инвесторларға қызмет көрсету орталығын құру туралы тапсырма берді.

Семейден кейін Зырянға ұшып келген үкіметтік делегация облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және «Қазмырыш» АҚ басқарма төрағасы Никола Поповичпен бірге Зырян тау-кен байыту фабрикасының өндірістік алаңында болып, ондағы «Коллизей» кәсіпорнымен танысты. 200 адам жұмыс істейтін бұл кәсіпорынның жыл сайынғы тапсырыс айналымы 1 млрд. теңгені құрайды. «Коллизей» кәсіпорнының негізгі әріптесі - «Қазмырыш» АҚ. Осы кәсіпорын үшін «Коллизей» Зырянда, Риддерде, Өскеменде құрылыс, жөндеу және нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша тапсырыстарды атқарады.

Онымен бірге бүгін Зырянда ҚР Министрлер кабинетінің мүшелеріне таныстырылған бірегей кәсіпорын - «Қазақстан-Тексти-Лайн» фирмасы. «Қазмырыш» аталмыш кәсіпорынға арнайы киімдерді тігуге арналған арнайы мақсаттағы тігін машиналарын сатып алуда пайызсыз несие берді. Компания «Қазмырыш» АҚ-мен әріптестіктің төрт жылында тігін индустриясының экспорттаушысына айналды.

Үкімет басшысы моноқалаларды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасындағы басымдықтардың бірі ретінде Зырянда шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамыту мен қолдаудың маңызын атап көрсетті. Премьер-Министр қала құраушы кәсіпорындардың бірі болып табылатын «Қазмырыш» ЖШС байыту фабрикасында болды. Фабриканың негізгі өндірістік қызметі полиметалл рудаларын өңдеу және әртүрлі концентраттар шығару.
Глубокое ауданының Бобровка ауылында С.Ахметов «Бобровка+» ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасында болды. Кәсіпорын өткен жылы тамыз айында пайдалануға берілген. Ферма сауын табынды жыл бойы байлап бағуды қамтамасыз етіп, автоматтандырылған басқару жүйесін пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жарақтанған.

Премьер-Министрге өңірдің агроөндірістік кешенінің дамуы және бірқатар перспективалы жобалардың іске асырылуы жөнінде баяндалды.
Өскеменде Үкімет басшысы «Шығысмашзауыт» АҚ-да болып, жаңа шойын балқыту цехын аралады. С. Ахметов өндірістің технологиясымен, өндірістік бағдарламаның іске асырылу барысымен және зауытты дамыту перспективасымен танысты.

Премьер-министр С. Ахметовтың жұмыс сапарының қорытындысы облыс орталығы Өскеменде өткізілген Шығыс Қазақстан дамуының өзекті мәселелерін тақылаған кеңес болды. Онда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс дамуының өткен жылғы қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Әкім өз баяндамасында өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы туралы, «Ақбұлақ», «Балапан», «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламаларының орындалуы туралы, туристік бизнесті дамытуда қолбайлау болып тұрған жол мәселесі, атап айтқанда Осинов асуы жолын қауіпсіз жерден салуда Үкіметтен көмек болса деген тілегін де айтып өтті.

Мәжілісте талқыланған мәселелер бойынша С. Ахметов тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді

Мәлімет көзі Altaynews.kz.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив