KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 2 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Оны қатты аяп кетті...

7.01.2013, 18:00 209


Жұмысқа келіп, киімін шешіп, енді жайғасқаны сол, есіктен Жұпаргүлдің де сұлбасы көрінді. Аслан ішінен тағы да біраз жұмысының кейінге шегеріліп қалатынын ойлады. Жылдың соңында атқарылатын шаруа да шаш етектен өзі. Енді, міне, Жұпаргүлдің әңгімесіне құлақ салып біраз отыруы керек.

Әңгіме болғанда, Жұпаргүлі не айта қойсын. Сол баяғы қатын өсек. Қазір ол жұмыстағы қатындарды тағы да түгендеп шығады. Қай қатынның қасынан қайқаңдап қалай өткенін, қай қатынның қайқы кірпігін қайтіп қаққанына дейін келістіріп тұрып, майын тамызып баяндап береді. Оның айтқандарының бұл үшін бәлендей мәні жоқ болса да тыңдайды. Кейбір жерін құптаған болып, ыржияды. Әйтпесе, Жұпаргүлдің бұл кабинеттен оңайлықпен шыға қоймайтынын да жақсы біледі. Ұсақ сөздің кейде уақытын ұзақ алатыны да бар. Ондайда Аслан жөткірініп, Жұпаргүлге әңгімеңді қысқарт дегендей белгі береді. Жұпаргүл де соншалықты ақымақ әйел емес қой, айтарын айтып болып, ішін тазартып алған соң, бір жымиып алып, біраз уақытқа жөніне кетеді.

Міне, Асланның әрбір жұмыс күні осылай басталады. Қазір Аслан Жұпаргүлдің арқасында жұмыстағы қатындардың бәрін бес саусағындай жақсы біледі. Жұмыстағы өзге еркектерге қарағанда мұның бақыты бес елі. Өйткені, жұмыста қай қатынның жүкті екеніне дейін, қай уақытта ұл не қыз табатынын басқа еркектерден бұрын естиді. Шынын айту керек, кейде Жұпаргүлдің әңгімесінен шаршайды, мезі болады. Сол Жұпаргүлді көргісі келмей, одан қайда қашып құтылсам деп қиналған сәттері де көп. Пәлеге қалғанда осы бір келіншектен қалды емес пе? Құдды бір көлеңкесі секілді өзінің. Оның үстіне бірге жұмыс істейтін қызметтестердің бәрі бұ-лар жайында жақсы ойламайтыны айдан анық. Кейде жұмыстағы жас жігіттердің: «Жұпаргүл сіздің кіміңіз болады?» деп төбеден түскендей етіп қойып қалатыны бар. Олардың алдында ақталып отырудың өзі ұят.

...Жұпаргүлдің бұл жолғы әңгімесі Асланды тез жалықтырып жіберді. Құдай ау, жұмыста өзі құралпы қаншама әйелдер тұрғанда осының бәрін маған несіне айтады екен деп ойлады бір сәт. Өзімен көрші кабинетте отыратын анау Сәлимаға да барып айтса болады ғой. Жоқ, оған бармай, ішіндегісінің бәрін маған келіп ақтарады. Осы әйелдер қызық... Әйелдің жанын әйел түсінбегеннен кейін еркектер қайдан ұқсын. Аслан қолындағы сағатына қарады. Жұпаргүл де әңгімесін аяқтап кетуге ыңғайланды.

...Есіктен шығып бара жатқан Жұпаргүлді Аслан неге екені белгісіз, қатты аяп кетті...

Мейрамтай Иманғали
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив