KZ
Өскемен
+7°
пасмурно жел 2 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Аймақ басшысы глубокоеліктерге егінді ысырап етпей, жинап алуды тапсырды

18.08.2013, 18:00 282


Глубокое ауданындағы шаруа қожалықтарының жетекшілерімен егістік басында кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бітік шыққан егінді ысырап етпей, жинап алуға бар күшті салу қажеттігін ескертті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Күзгі жиын-теріннің «бісмілләсі» басталғанымен, қолайсыз ауа райы диқандардың еркін көсілуіне мүмкіндік берер емес. Осыған дейін алқаптың үш пайыздайы ғана жиналып үлгеріпті. Дегенмен, өнім жаман емес, гектарынан 30-дан 45 центнерге дейін дәнді дақылдар алуда.

– Астықты кептіретін құрылғылардың қажеттігіне біз бұдан үш жыл бұрын көз жеткізгенбіз. Өнімнің молдығы егістіктің бітік шығуымен емес, оның қамбаға жиналған қорымен өлшенеді. Сол себепті биылғы жауын-шашынды ауа райында өнімдерімізді шірітіп, жарамсыз күйде қалдырмай, жинап алуымыз керек. Оны кептіруді де мықтап қолға алған дұрыс. Ағымдағы жылы біздің өңірде астық жақсы шықты, енді соны ысырап етпей, жинап алуға бар күшімізді салуымыз қажет, – деген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев шаруаларға дәнді-дақылдардың түрлерін көбейтуді, сондай-ақ, мал өсірумен айналысуды тапсырды.

Жақында Астанада өткен Үкімет жиынында Ауыл шаруашылық министрі Асылбек Мамытбеков облыстарды әлеуетіне қарай мамандандыру мәселесін көтерген-ді. Өңір басшысы аталған мәселеге қатысты шаруа қожалықтары иелеріне өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдіруді айтты. Айталық, «Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылық саласында қандай бағытқа басымдық беруі керек?» деген секілді. Осы орайда біздің Шығыс сапалы балымен, асыл тұқымды малымен, өзгеде жоқ пантысымен мақтана алатынын және бұл салаларды өркендетуге жергілікті атқарушы билік барлық жағдайды жасап отырғанын ұмытпауымыз керек. Дегенмен, облыс әкімі глубокоелық шаруаларға тек егіншілікті ғана кәсіп етпей, мал шаруашылығымен де шұғылдануды, соның ішінде асыл тұқымды мал басын көбейтіп, ет, сүт, тері-жүн өңдеуді қолға алу қажеттігіне баса тоқталды.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив