KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Ұлан ауданында Мамай батырға бюст қойылды

30.09.2012, 18:00 253


Ұлан ауданы, Мамай батыр ауылында дүркіреп той өтті. XVIII ғасырда ел мен жерін аттан түспей қорғаған Мамай батырға арнап ұрпақтары Марат Мұзапаров бастаған азаматтар ас беріп, бюст орнатты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

«Ер етікпен су кешкен, ат ауыздық-пен су ішкен» ақтабан шұбырынды заманда көкжарлы Барақ батыр, би Боранбай, Қабанбай, Дәулетбай, Ер Жәнібек сынды айтулы батырлармен тізе қосып ел қорғаған Мамай батырдың торқалы тойына облыс Әкі-мінің орынбасары Жомарт Мұратов, әйгілі балуан Дәулет Тұрлыханов сынды азаматтар қатысты.

Салтанатты тойдың шымылдығын ақтаңгер ақын Абаш Кәкенов жыр-шашуымен ашты. Бұдан кейін Со-циалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев бастаған өңірімізге белгілі қаламгер-лер ақ тілектерін арнап, ғасыр жасаған Шаймардан ақсақал бата берді. Мәртебелі қонақтар құттықтау сөз сөйледі.

– Құрметті ұландықтар, сіздерді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ атынан бүгінгі ашылып жатқан ескерткіштеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Елін қорғаған ерлерді ұлықтап жатқан азаматтарға алғысым-ды айтамын, – деді облыс Әкімінің орынбасары Жомарт Мұратов.

Айта кетейік, бұл батырға арнап беріліп жатқан екінші ас. Бұдан біраз жыл бұрын тағы да осындай айтулы ас беріліп, ауылдың «Васильевка» есімін қазақтың хас батырының атына ауыстырған болатын. Енді міне, ауылдың орталық алаңында бұрынғы күн көсемнің орнына қазақтың хас батыры орнады.

– Құрметті Мамай батыр ауылының тұрғындары, бүгін біз сіздермен бірге үлкен айтулы күннің куәгері болып отырмыз. Күні кеше ғана Тарбағатай өңірінде Қабанбай батыр бабамызға арнап үлкен ескерткіш ашылса, бүгін Мамай батырымыз ұлықталып жатыр. Бұл ұрпақтарға үлгі-өнеге болатыны сөзсіз. Қазақтың тарихын, дәстүрін, мәдениетін қайта түлетіп жүрген азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді Дәулет Тұрлыханов. Батырдың ұрпақтары тойға арнайы келген бұл азаматқа ат мінгізіп, шапан жапты.

Айтпақшы, осы тойдың ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары үшін орны бөлек болды. Алыс-жуықтан келген мәртебелі қонақтар мен ауыл тұрғындарына Ұлан ауданының өнерлі қыз-жігіттері ән-жырдан шашу ұсынса, астың құрметті қонағы, бүгінгі дәуірдің баһадүрі Дәулет Тұрлыханов аталмыш ауылдың мектебінде оқушыларға арнап ашық сабақ өткізді.

Осы айтулы шараға орай Сағди Қапасұлының авторлығымен шыққан «Ел қорғаған ер Мамай» атты кітабы көпшілікке таратылды.

Асқа халық көп жиылды. Олар тек батыр мүсінінің ашылуына куә болып, құран-хатымға қол жаюға ғана келген жоқ. Батырды ұлықтау үшін өтіп жатқан аламанға үкілеген үмітті жүйріктерін әкелді. Көбінің арманы бас бәйгені қанжығаға байлау. Өйткені, бас жүлдеге темір тұлпар тігіліпті. Сондай-ақ жүрегінде түгі бар сом білекті балуандар мен адуынды аттар мінген көкпаршылар тойдың сәнін кіргізсе, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, волейбол сынды спорттық ойындардың да көрігі қызды бұл тойда.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив