Шынар БҮРКІТБАЕВА, «Нұр Отан» ХДП Үржар аудандық филиалы төраға-сының бірінші орынбасары:
– Акция сатып алу пайда беруі де, бермеуі де мүмкін. Бірақ «Халықтық ІРО» бағдарламасы халықты қаржы-лық-инвестициялық мәмілелерге араластырып, жағдайын жақсартудың жолдарын іздестіруге бірден-бір қолайлы мүмкіндік беріп отыр .
Біздің партия мүшелері халықпен қоян-қолтық араласып жүргендіктен, жұртшылықты елдегі жаңалық, жақсылық атаулыдан хабардар етіп отыру – біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі болып келеді. Ауданымызда акция сатып алудың жай-жапсарын білгісі келетіндер қатары аз емес. Өткен аптада Мақаншы, Қарабұлақ ауылдарына арнайы барып, халықпен кездесіп, акция сатып алуға байланысты тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға жауап бердік. Ауылдағылар бұл жаңалықты тосырқап отырған жоқ. Қайта қызығушылық танытып отыр. Әркімнің өз еркі ғой. Өзім де осы бағдарламаға қатысуды ойлас-тырып жүрмін.
Дана СЕРІКБЕК, дәрігер-гине-колог, Өскемен қаласы:
– «Халықтық ІРО» бағдарлама-сының жүзеге асырылып жатқаны туралы өздеріңіздің газеттеріңізден оқып, білдім. Акция төрт жыл бойы сатылады екен. Оның үстіне еліміздегі ең танымал, табысы жоғары компаниялардың акциялары сатылмақ көрінеді. Меніңше, бұл – біздің елімізде қолға алынып отырған сәтті бастамалардың, жобалардың бірі. Сондықтан одан тыс қалғым келмейді. Көп мөлшерде алмасам да сенімді деген бір-екі компанияның он, он бес акциясын сатып алсам деген ойым бар. Бұл шара халықты аз да болса құнттылыққа үйретіп, оны көбейтудің негіздерін үйрете ме деген де ойдамын.
Әділ ЖАРАС, кәсіпкер, Глубокое ауданы:
– Ұлттық компаниялардың акциялары сатылатыны туралы естідім. Бірақ олар бәлендей пайда әкеле қояды деп ойламаймын. Олардан дивиденд түсіп отыруы мүмкін шығар, бірақ оның қаншалықты табыс көзі бола алатыны тағы белгісіздеу. Әсіресе, қазіргідей дағдарыстың екінші толқыны әлемді жайлап тұрған шақта оның салқыны қазақстандық ірі кәсіпорындарға әсер етпеуі екіталай. Өйткені, мұның алдында Ресейде де осындай акциялар сатылып, ресейліктердің біразы ақшасын желге шашқан болатын. Мен артық ақшамды көрпенің астына да тықпаймын, жылына берілетін жеті пайызға бола банкке депозитке де салмаймын, айналымға жіберемін. Ақша жұмыс істеуі керек, текке жатпай.