KZ
Өскемен
+14°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Үржардағы мектептердің құрылысы уақытынан тым кешігіп жатыр

17.05.2012, 18:00 162


Үржар ауданындағы бірқатар ауылдарда жаңадан салынып жатқан орта мектептер құрылысымен танысқан облыс Әкімі олардың барлығы дерлік іске берілу уақытынан тым кешігіп қалғандықтарын сынға алды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Мәселен, Алтыншоқы ауылдық округінің Айтпай ауылындағы 130 орындық орта мектептің құрылысы келісім бойынша 2012 жылдың наурыз айында тапсырылуы керек болған. Қазір 50 пайыз да жұмыс атқарылмаған. Оның үстіне мектеп сусыз жерге салыныпты. Енді мектепке қажетті су тасылып отырылмақ. Мердігер «Үржар ПМК-1»

ЖШС ШҚО бойынша мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау және лицензиялау департаментімен келісілген міндеттемелерін орындамағаны үшін 300 АЕК мөлшерінде айыппұл тартқан.

Құрылыс барысымен танысқан облыс Әкімі бұл айыппұл оларға тым аз екенін, тағы да салу керектігін айтып, мұндағы құрылысшылар санын көбейтуді, айналасын абаттандыру жұмыстарын қатар жүргізуді, мектепке алынған құрал-жабдықтарды, пән кабинеттерін мұқият тексеруді, мектеп директорына күнде келіп бақылау жасауды және нысан жаңа оқу жылында берілу керектігін қатаң тапсырды.

Лайбұлақ ауылында салынып жатқан 80 орындық орта мектептің құрылысы мүлде сын көтермейді. Биылғы наурызда іске қосылуға тиісті білім ордасының тек іргетасы ғана қаланыпты. Маңайында жүрген құрылысшылар қарасы тым аз. Мердігер «Топи Проект» ЖШС-не де 500 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Мемлекет қаржысын уақытымен ала оты-рып, мұншама жауапсыздық танытқан мердігердің өкілдерін облыс Әкімі жергілікті жиналған жұрттың алдында сынға алды.

– Төрт айдың ішінде тағанын ғана құйдыңдар. Енді қашан бітіресіңдер? Ақшаларың бар, енді не отырыс. Бұл болмайды. Сендерге тағы да екі-үш рет айыппұл салу керек. Тез арада бұл құрылыс мекемесіне қатысты шара қолданып, шешім қабылдау қажет. Қолынан келмесе, басқалар айналыса-тын болады, – деді облыс Әкімі.

Сонымен бірге, осы мәселені тез шешуге, бұған құқық қорғау, сот органдарын жұмылдырып, құжаттарын толық тексеруге байланысты орынбасарына, құрылыс басқармасының бастығына, аудан басшысына шұғыл тапсырма берді.

Үржардағы мектептердің құрылысы уақытынан тым кешігіп жатырЖанай ауылында салынып жатқан 120 орындық орта мектептің жайы да жетісіп тұрған жоқ. Бұл нысанға да оқушылар наурыз айында кіруге тиіс болған. 100 АЕК көлеміндегі айыппұлын алып, бұлар да кешігіп жатыр. Мұнда да құрылысшы аз, құрылыс қарқыны баяу. Бір мектептің құрылысында небәрі 30 шақты адам жүр. Тендерге қатысарда уәдені үйіп-төгіп беретін, ақшаны алғасын құрылысты жүргізуге шамасы жетпейтін мұндай мекемелерді келесі тендерлерге мүлде жолатпау керектігін тағы бір мәрте шегеледі өңір басшысы. Аталған мекеменің де құжаттарын тексеріп, заңдылығын анықтаумен құқық қорғау органдары шұғылданатын болады.

Мектептердің құрылысымен танысқан облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев ауданда құрылыс жүргізіп жатқан барлық мердігер мекемелер басшыларының басын қосып, кеңес өткізді. Онда әрбір компания өкілдерін жеке-жеке тұрғызып, сынға алды. Олардың бұл тірліктерін баспасөз арқылы барша жұртқа жариялау қажеттігін ескертті.

– Үржар ауданында мектептердің құрылысы мерзімінен кешігіп, нашар жүріп жатыр. Мен құрылыс басқармасы міндетті шаруаларын тиісінше атқармаған деген ойда отырмын. Құрылыстың сапасын бақылайтын техникалық бақылау мамандары қайда қарап отыр, қадағалайтын департамент не бітіруде? Бұларға тағы да айыппұл салу керек. Бұл шығын оларға түк те емес. Мектептерге ертең балаларымыз барады. Ал сабақ қарашада не қаңтарда емес, қыркүйекте басталады. Осыны неге ойламайсыздар? Барлық технадзорлар ауылдық округ әкіміне бағынып, жұмыс істейтін болсын. Ауыл әкімінің қолынсыз бірде-бір құжат өтпесін.

Қадағалау күшейтілсін. Барлық нысандар жаңа оқу жылы қарсаңында тапсырылатын болсын. Айтылған кемшіліктердің орындалуын аудан әкімі Бауыржан Жанақовтан сұрайтын боламын. Жауапсыз мекемелер ендігі құрылыстарға қатыстырылмасын, – деп қорытындылады сөзін аймақ басшысы.

Үржар ауылына келген облыс Әкімі аудандағы 27 мектепке шағын трак-торлардың кілтін салтанатты жағдайда табыстады. Бұл техникалар мектеп жанындағы қосалқы шаруашылықтарда пайдаланылады. 2009 жылы аудан мектептеріне 20 шағын трактор берілсе, енді міне, тағы 27 мектепке беріліп отыр.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив