KZ
Өскемен
+5°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
486.44 534.31 5.06

« Тарбағатай жазуы» мыстан құйылған екен

6.04.2012, 18:00 181


Тарбағатай тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қорында елімізде аса сирек кездесетін жәдігерлер баршылық. Олардың көпшілігі мұражай мамандары тарапынан ғылыми зерттеуден өткен.

Осы жәдігерлердің бірі – «Тарбағатай жазуы» аталып, сом мыстан құйылған қанжар. Аталмыш қанжардағы руникалық жазуды мұражай басшысы Қонысбек Ақжасар Астанадағы Еуразия университетінің «Түркі әлемі» ғылыми-зерттеу орталығына арнайы іссапармен барып, халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі, түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлына оқытып әкелді.

Бұл көне жәдігерге ойып жазылған руникалық жазу ғылыми айналымға сенсациялық жаңалық ретінде еніп отыр. Өйткені, түркітанушы маманның анықтауы бойынша, оның Алтай-Тарбағатай өңірінде Орқын-Енисай жазуынан ерте жазылғандығы белгілі болды. Жазу біздің жыл санауымыздан бұрынғы дәуірде жазылған. Уақыты ІІІ-IV ғасырларға сәйкес келеді. Қанжар «Ғұн империясы қағанының осы өңірдің билеушісіне тапсырған куәлігі іспеттес зат болуы тиіс» деп шамаланып отыр. Тарбағатай тауының Ойшілік өңірінен табылған қанжардың салмағы 1,290 келі. Ұзындығы – 27,5 см., тұтқа тұсы – 5,8 см., тұтқа асты – 3,2 см. Жалпақтығы – 3 см., ұшы – 2,4 см., қалыңдығы – 1,7 см., ұшы – 1 см. Мәтіні: транскрипциясы: buncuk tas.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының әдебиет және өнер институты сирек қолжазбалар бөлімінің мамандарына көне араб қарпімен басылған Қоқаш қажы Есенгелдіұлының «Дүние үшін ғибратнәме» кітабының мәтінін аударуға тапсырыс берілді. Ұрпаққа ұлағат ретінде жазылған бұл еңбек 1907 жылы Қазандағы баспаханадан шыққан. Түпнұсқасы Ұлттық Ғылым академиясының сирек кітаптар қорында (қ.7825) сақталған. Кітапқа «Ғибратнәме» және «Мінәжат» деп аталатын екі тарау енген. Алғашқысы 712, ал екіншісі 42 жолдан тұратын өсиет-өлеңдер.

Шежіреші Қоқаш қажының өлеңдерінде ғұмырнамалық тарихи деректер, біліми және діни ғибраттық уағыздар көп орын алады. Бұл жәдігерлердің өлке тарихының зерттелуіне жаңа бетбұрыстар әкелері сөзсіз.

Мәлімет көзі Altaynews




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив