KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 9 м/с, Ю
492.14 528.85 5.01

Зайсан ауданының мақтанышы Зәмзәгүл Файзолланова туған жеріне тағзым етті

8.10.2024, 16:00 123 Төлеуғазы Жансая

«Alash Pride» 100 мерейтойлық турнирінің тұңғыш әйел чемпионы, дзюдо және қазақ күресі бойынша спорт шебері Зәмзәгүл Файзолланова туған жеріне келіп, Зайсан қаласында жас спортшылармен кездесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 
Зәмзәгүл Файзолланова Дзюдо және қазақша күресінен спорт шебері, MMA-ның кәсіби күрескері, ALASH PRIDE белбеуінің бірінші чемпионы әрі иегері. Туған жеріне келіп, ауданның өскелең спортшыларымен кездесіп, білікті спортшы ретінде ақыл-кеңесін айтты. 

«Кез келген спортта жеңіс те, жеңіліс те болады. Сондықтан жеңіліске мойымай, жеңіске желікпей, күнделікті жаттығуларыңды тоқтатпай, еңбектену керек», - деп атап өтті Зәмзәгүл Файзолланова

Спортшы оқушылармен әңгімелесіп, спорт жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, жетістікке жету үшін талмай еңбек етудің маңыздылығына назар аударды. 
Сонымен қатар, Зәмзәгүл туған ауылы Жаңатұрмысқа барып, өзі оқыған мектепке келіп, ұстаздарымен және оқушылармен жүздесті. Қолына қалам ұстатқан мұғалімдеріне ризашылығын білдіріп, бүгінгі оқушыларға үлкен армандарға ұмтылып, спорт пен білімде биік белестерді бағындыруға тілектестік білдірді.
Зәмзәгүлдің туған жеріне келуі жас ұрпаққа үлкен шабыт берді.   

«Зәмзагүл, Сізге алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз! Спорттағы жетістіктеріңіз көбейіп, үлкен белестерді бағындыра беріңіз. Біз Сіздің әрбір жеңісіңізге қуанамыз және мақтан тұтамыз!», - деді аудан жастары. 

Шетел аралап, аты төрткүл дүниеге танымал Зәмзәгүлді аудан әкімшілігі де абыроймен қарсы алып, қазақтың қызына жеті қазынаның бірі – жүйрік ат мінгізді. 
Айта кету керек, Зайсан ауданында балалар мен жасөспірімдер спорты да, бұқаралық спорт та қарқынды дамуда. Қазіргі таңда ауданда 105 спорт нысаны бар. Аудан тұрғындарының 32,8 пайызы бұқаралық спортпен белсенді түрде шұғылданады. Бұл дегеніміз 1000-ға жуық адам күнделікті жұмыстан тыс уақытта спорттық үйірмелерге барып, салауатты өмір салтын ұстануда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив