ШҚО шорт-трекшілерін қытайлық маман жаттықтыруы мүмкін
Шығысқазақстандық шорт-трекшілерді қытайлық маман жаттықтыратын болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтің Шынжаң Ұйғыр автономиялық районының орталығы Үрімжі қаласындағы қысқы спорт түрлері бойынша спорт кешеніне жасаған сапары барысында белгілі болды.
Аймақ басшысының мәлімдеуінше, бүгінде қытайлықтар аталған спорт түрінен әлемдегі алдыңғы орындардың біріне ие.
– Қытайлық шорт-трекшілердің, әсіресе қыздардың бәсі биік. Сіздерде Әлем және Олимпиада чемпиондары бар екенін білемін. Теледидардан халықаралық шорт-трек сайыстарын тамашалаған кезде қытайлық спортшыларға жанкүйер болатынымды жасырмаймын. Сол себепті, бүгін осы жерге арнайы келіп тұрмын. Біздің спортшыларды қытайлық мамандар жаттықтырса деймін. Егер бізге бапкер берсеңіздер, оған жұмыс істеуге барлық жағдай жасайтын боламыз. Сіздердің мамандарыңызбен спортшыларымыз шамамен бес жылдан кейін ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жететініне сенімім мол, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде қытайлық тарап Шығыс Қазақстанға білікті бапкерлерінің бірін жіберуге даяр екенін мәлім етті. Олар, сонымен қатар алдағы уақытта кәсіби шорт-трек клубын құрып, оған біздің жерлестерді мүше болуға шақырды.