KZ
Өскемен
+24°
ясно жел 1 м/с, С
464.72 496.32 5.4

Талғат Кеңесбаев ГАУҺАР (повесть)

15.11.2012, 18:00 644


Толған айды төңкеріп тастап, Ертістің тоңазыған бетіне қып-қызыл қына шашып, күндіз-түні қаланың қара түтінін үн-түнсіз жұтып жатқан момын қарағайлардың басына шапшаң өрмелеп шыққан күннің шапағы еңселі үйдің үлкен-үлкен терезелеріне кірпіктерін жебедей қададық мамықтай үлпілдеген ақ жібек перденің сақина көздерінен тамып-тамып түскен ұсақ сәулелер түнемелдің бұрыш-бұрышына сынаптай сырғып, кең төсекте ұйықтап жатқан сұлу келіншектің бүлде жамылғысына жабысты да, буға айналып көтеріле берді...
Бөлме іші әп-сәтте ағараңдап бара жатты. Керілгенмен, көзін ашпаған келіншек сүйрік саусақтарын созып маңайын сипалай бастады. Есікті ақырын ашып, аяғын білдірмей басып келе жатқан күйеуі тізесін орындыққа соғып алды. Гауһар көзін ашты:
- Не болды?
- Ұйықта. Ұйықтай ғой, - жанына келіп отырған күйеуі құшақтап, аппақ тамағынан сүйіп, қап-қара шашын тарамдап қойды. – Ұйықта, жаным...
- ?
- Қазір мен жуынып алайын. Кофе ішесің бе, әлде шай ма?
- А, не ішсем екен? – деді Гауһар еркелеп.
- Демала ғой, мен қазір.
- Музыка қойшы.
Күйеуі бөлмеден шығып бара жатып музыка қосып кетті.
- Кофе, - деп жарты сағаттан кейін күйеуі келді. Сондай жұмсақ хош иіс бөлме ішін алып барады. Гауһар күйеуіне мейірлене күлді.
- Мен жұмысқа бара берейін, шетелдіктермен келіссөз жүргізуім керек. Кешке қонақасыдан кешікпессің.
Гауһар ақырын жымиып қойды.
- Терезені ашшы.
Күйеуі жатын бөлмеден шығып бара жатып үлкен терезелердің перделерін ысырды. Жап-жарық...
Гауһар киініп аулаға шықты.
- Қайырлы таң! – деді күтуші әйел.
- Рахмет!
- Таңғы асыңызды қай жерге апарайын?
- Бақшаға апарыңыз. Айтпақшы, Меруерт келуі керек еді.
Күтуші әйел тез басып кетіп қалды.
Гауһар бақшада. Меруерт келді.
- Апай, қайырлы таң!
- Келдің бе, жаным, жақсы болды, қазір таңғы асты бірге ішетін болдық.
- Құжаттарды қарай ма деп едім...
- Мен емес, ағаларың қараймын деген. Дұрысы, маған бірге қараңдар деп тапсырма берген.
Меруерт сөмкесінен шағын ноутбук алып шықты.
- Міне, электрондық нұсқалары.
Осы кезде күміс подносты толтырып күтуші әйел келді.
- Астарыңыз дәмді болсын!
- Сізге рахмет, шайды өзім құярмын.
Күтуші әйел тез басып кетіп қалды.
- Дәм ала отыр.
- Рахмет, апай, есеп-қисапты қарай отырасыз ба?
- Керегі не, саған сенеміз ғой...
Бағбан шал шөп шабатын агрегатты әрі-бері дырылдатып тоқтамай жүр.
Күтуші әйелді шақырды.
- Тыңдап тұрмын.
- Ақсақалға айтшы, біз шай ішіп алғанша қоя тұрсын.
- Мені тыңдағысы келмейді қырсық шал. Бүгін немересінің туған күні екен, ертерек қайтқым келіп тұр дейді. Жаңа бір тиінді ұстап алған екен немересіне, қайтарып жібердім.
- Маған конвертке салып үш жүз доллар әкеп беріңізші.
- Не, базарға бармақсыз ба? Алан Рахметович білсе, мені өлтіреді...
Гауһар күтуші әйелге еркелей қарады:
- Өтінемін, мен жоғарыға көтеріліп, сейфті ашпай-ақ қояйын.
Бағбан шал агрегатты қақалтып-шашалтып әрі-бері жүр. Оның аяғына киген резеңке етікті көріп, өзінің есіне...
- Апай, - деді Меруерт оның ойын бөліп, - таңғы шайыңызға рахмет, мен жұмысқа барайын.
- А, иә, айтпақшы, мен де бірге барайын. Тағы не шаруа бар?
- Келесі айда бауырым үйленуші еді, кредитке костюм-шалбар, қалыңдық көйлегін алсам деп едім...
- Өз дүкеніңнен өзің кредит аласың ба?
- Енді, апай...
- Дима, машинаны дайында, - деді.
- Қайсысын?
- Джипті.
Ұзын бойлы оққағар жігіт гаражға қарай кетті.
- Мен қазір, - Гауһар үйге кіріп кетті.
Меруерт сәкіде отыр. Күтуші әйел мен бағбан шаңқ-шұңқ етіп ұрысып алды. Шал қақпадан шығып бара жатып күтуші әйелді оңдырмай балағаттады:
- Старая карга...
Осы кезде үйден аяғына ақ кроссовка, бозғылт джинсы киген Гауһар шықты. Қап-қара көзәйнегін бір алып, бір киді.
- Дима, дайынсың ба?
«Lexus»-тің жанында тұрған Дима басын изеді.
- Гауһар Өмірзақовна, ана қақпастан жүз долларды қайтарып алдым. Оларға екі жүз де көп, алқаш, оңбаған! Ертең көресіз, арақ ішіп жұмысқа шықпайды...
- Немересіне сыйлық ретінде беріп едік қой...
- Ол қақпасқа...
- Енді мұндайды қайталамаңыз, сол ақшаны өзіңіз алыңыз...
- О не дегеніңіз, өтінемін, сіздің есебіңізге жазылған, міне, қайтарамын, - деп көк қағазды Гауһарға берді.
Күтуші әйелге Дима қабағын түйіп еді, маймаңдап қазандық жаққа қарай кетті.
- Дима, андағы рацияңды мен ұстай тұрайын, жаңа таңғы шай ішкен жерімде ұялы телефоным қалып қойыпты.
- Қазір.
- Тез машинаға отыр, - деді Меруертке.
- ?..
Өзі арбаңдап кетіп бара жатқан оққағарға қарап-қарап қойды. Дима үстелдің жанына келіп, айналасынан ұялы телефонды іздеп жатқанда Джип қақпадан шығып үлгерді.
- Осы үйден шықсам болды, өзімді сондай жақсы сезінемін. Ағаларың да мына оққағарды менің жаныма байлап қойды. Уһ, әрең дегенде құтылдық қой...
Аппақ Джип аспалы көпірдің үстімен ойнақтап, трамвай желісін бір кесіп өтті.
- Апай, ақырны жүріңізші, - деді Меруерт көзі бақырайып. – Неге сонша қатты жүргізесіз?
- Әлгіден қашқан түрім ғой. – Терезені ашты да, рацияны асфальтқа лақтырып жіберді. – Пәле болды ғой мынасы...
Олар үш қабатты сауда үйінің алдына келіп бір-ақ тоқтады.
- Ал, Мика, үшінші қабатқа ешкімнің көзіне түспей көтеріліп кетейік.
- Онда қызметтік лифтімен көтерілейік, менде кілті бар ғой, - деді Меруерт күліп.
- Айналайын! – Гауһар маржандай тістерін көрсетіп күлді. – Маған бір демалыс сыйлайтын болдың... Бауырың мен болашақ келініңді шақырып қойсаңшы, өздері таңдап алсын.
- Апай, мен тек кредитке ғана аламын.
- Мені ренжітпеші, айналайын. Айтпақшы, әлгі Дима бүкіл қаланы шулатып іздеп жатқан шығар, - деді Лифтіге кіріп жатып.
- Ағай ренжіп жүрмесе... – деді Меруерт.
- Ренжімейді, ағаларың күледі де қояды.
Олар үшінші қабаттағы жас жұбайларға арналған салонға келді. Келушілердің қарасы көп емес екен. Сатушы қыздармен Гауһар жылы амандасып жатыр.
- Халдерің қалай, қыздар?
- Жақсы, апай, - деді бәрі. - Өз халіңіз қалай?
- Рахмет!
- Қане, Мика, бауырыңа телефон шал, тезірек келсін.
Меруерт ұялы телефонын алып, бауырымен сөйлесе бастады.
- Апай, өткен айымыз табысты өтті, - деді әкімші қыз Айнұр. – Осы маусымда ғана елу жұпқа той киімдерін саттық. Тек мына тігінг цехына бір-екі машина алмасақ болмас, клиенттеріміздің шалбарларының балағын, көйлегінің жеңін қысқартуға үлгірмей жатырмыз. Алан Рахметовичке жазбаша хабарлама салғанмын.
- Ағаларыңның қолы тие бермейді, маған айтқандарың жақсы болды. Қане, Италиядан әкелген костюмдерді көрсетші? Ел алып жатыр ма?
- Әрине, түрік өнімдеріне қарағанда сұраныс бағасының қымбаттығына байланысты сәл аздау.
- Айнұр, осы сені кімге ұқсайды десем, әнші Мақпал Жүнісовадан аумайсың ғой, - деп әзілдеді.
- Бәрі солай дейді, - деп Айнұр күлді.
- Сен өзің қай жерден едің?
- Үржардан.
- Осы сіңлім неткен сұлу десем, бал мен алма жеп өскен екен ғой, - деп күлді.
- Рахмет, Гауһар Өмірзақовна, сіз де сондай әдемісіз.
«Сатушы, мұнда келіңізші» деген әйелдің дауысы шықты. Айнұрдың топ-модельдер сияқты жүрісіне қарап: «Нағыз сұлулық этикасы, біздің қазақтың қыздарының бәрі жүріс-тұрысы, мінездері осындай болса ғой» деп ойлады Гауһар.
- Сіздерде ерекше қымбат екен.
- Бізде эксклюзивті тауарлар.
- Бабламыз үйленетін еді. Қатарынан қалмасын деп едік, аздап болса да жеңілдік жасамайсыңдар ма?
- Мен бес пайыз төмендете аламын. Ал сіз біздің хозяйкамен сөйлесіңіз, ол кісі тамаша адам.
Гауһар олардың дауысын естіп тұұрғанымен, екі көзі орта бойлы, шашы бұйра жас жігітте. «Қайдан көрдім бұл баланы? Әлде біреуге ұқсаттым ба? Кімге... кімге?..»
- Өзіңіз сөйлесіп көріңіз, - Айнұрдың дауысы анық естілді.
- Сәлеметсіз бе? – деп жанына келді әйел.
- Сәлеметсіздер, - деген Гауһардың өне бойын ток соғып өткендей болды. Құлағы шыңылдап, сол шақта ештеңе естімегендей...
- Тыңдап тұрмын, - деді күлімсіреген болып.
- Баламыз үйленуші еді, - деп толықша келген келіншек жарқылдай күлді. – Сіздерде арнайы жеңілдіктер болмай ма, тым құрмаса жиырма пайыз дегендей...
«Кімге ұқсайды мына бала, кімге ұқсайды?»
- Гауһар, сен бе? – деген ер адамның дауысын естіп селк ете түсті.
- Иә, танымадым.
- Өмірзақовна, мені танымадың ба?
Гауһар шашы ағарып, көзінің алды қалталанған орта бойлы мығым жігітке таңырқай қарады.
- Қайратпын ғой...
- Не, не, ой, Қайрат, бұл сен бе? Қанша жыл болды ғой... Мектеп бітіргеннен бері көргенім осы, кешірерсің.
- Ұл міне, менің ұлым, жолдасым Алтын. Алғашқы қызығымыз ғой, дос бар, дұшпан бар дегендей... асылымның тойына дайындалып жатқан түріміз.
Толықша келіншек көзі шарасынан шыға ызаға булығып шыға келді.
- О, сенің ұлың болса, не керектеріңнің бәрін сыйға тартамын. Бала кезден бірге өскен досымсың ғой...
- Біз қайыршы емеспіз, кім деп жүрсіңдер... Мен бар-жоғы скидка сұрағаным ба?
- Кешірерсіз, апай, сіз өзіңіз кіммен сөйлесіп тұрғаныңызды білесіз бе? – деді Айнұр дауысын қаттырақ шығарып. – Ақырын сөйлеңіз.
- Білем, білем. Ал сендер кімнің кім екенін білмейсіңдер. Жүріңдер, - деп долданған әйел күйеуі мен баласын жұлқылап жүр.
- Кешірерсің, - деді Қайрат құлағына дейін қызарып.
- Охрананы шақырайын, - деп Айнұр қолын соза бастап еді, Гауһар оның білегінен ұстады:
- Қоя ғой...
- Не деген мәдениетсіз әйел!
- ?..
Гауһардың тамағына өксік тығылды.
Бұлардың жанына қайтадан келген Меруерт аң-таң боп қалды.
- Айнұр, не болды?
- Әй, бір жынды қатын...
- Бауырларың келе ме? – деді Гауһар бойын тез жинап. – Айнұр, менің атыма 2500 доллар тауар чегін жазарсың, ағаң екеуміздің жас жұбайларға сыйлығымыз болсын.
- Рахмет, апай! - деп Меруерт ұялыңқырап қалды.
- Апай, - деді Гауһардың жанына келген Асыл соңына бір қарап қойып. – Мамама ренжімеңізші, сіздерге салмақ салмайын дегені ғой.
- О не дегенің, айналайын. Папаңның денсаулығы қалай? – деп сұрап қалғанын өзі де білмей қалды.
- Өткен жылы бір инфарктен қалды, әйтеуір.
- ?..
- Сіз сондай әдемісіз, апай, бізге ренжімеңізші, - деп Асыл қоштасып кетіп қалды.
- Мынадай мәдениетті жігіттің шешесі ана көкбет әйел екеніне сене алмай тұрмын, - деді Айнұр оның соңынан қарап тұрып.
- Апай, дегенмен кредитке алсам дұрыс болар еді...
- Мика! – Гауһардың дауысы қатты шыққаны соншалық, екі қыз селк ете түсті. Айнұрдың көзі бақырайып кеткен.
- Апай, - деді екеуі қосарлана.
- Мені лифтімен төмен түсіріп жіберіңдер, кафеде отырамын. Біраздан соң келіңдер...
Меруерт қолдары дірілдеп карточканы құрбысына әрең берді.
Кафеге қызмет бөлмесі жағынан кірген кезде қыздар оны жапа-тармағай амандасып қарсы алды. Гауһар ас мәзірін сұрады да, шеткі орындыққа барып отырды.
- Не қалайсыз?
- Қызыл шарап, тәттілерден болса. Жо-жоқ, тұра тұр, жүзім болса.
Даяшы қыз оның шарап сұрағанына таңырқағанын білдірмей барға қарай бұрыллды.
Гауһар бір бөтелке француз шарабын әп-сәтте орталап тастады. «Қайрат, сенімен осылай кездесемін деп ойладым ба?»
- Сіздің мұныңыз не? Мен бәрін шефқа айтамын. – Дима төбесінен төніп тұр.
- Айтсаң айт, сенің қолыңнан одан басқа не келеді? Бар айт, содан бірдеңе шықса. Ал мен болсам, сенің маған екі жыл бойы бес мың долларды қайтармай жүргеніңді айтамын.
- Кеш-і-рі-ңіз, - деді Дима тұтығып. – Менің әйелім ауру ғой...
- Мен де аурумын, - деді Гауһар ызалана күліп.
- Сіз бе? – деді Дима таңырқап. – Мұндай сөзбен қалжыңдауға болмайды.
- Бар, Меруертті маған шақырып кел!
Телефон шырылдады.
- Алло.
- Жаным, - деді күйеуі, - бүгінгі күнді еркелікпен бастағаныңа ризамын. Кешкі банкетке кешікпесең болды. Сені сүйемін...
- ?..
Гауһар үндемеді. Күйеуі тағы да біраз жылы-жылы сөздерін айтып жатыр.
Тыңдағысы да, естігісі де келмейді.
Ол Қайратты ойлап отыр...
«Қайрат, қаншама жыл өткен соң осылай кездестік пе?..»
Барда жүрген қыз музыка қосты.
Күйеуі жылы-жылы сөздерін айтып жатыр. ол естіп тұрғанмен, ештеңе ұққан жоқ. тек Қайратты ойлап отыр. «Қайрат, қаншама жыл өткен соң кездескенімізде, әңгімеле де алмадық қой...»
Меруерт келді. Екі көзі қып-қызыл. Жылағаны көрініп тұр.
- Айнұр жұмыстан шыға алмады.
- Отыра ғ ой, айналайын, сен маған ренжіп қалдың ба?
- Жоға, - деді Меруерт жыламсырап, - сізге ренжімеймін. Келмей жатып әлден осындай, бізге қандай келін болмақ? Әке-шешесіне де киім-кешек алмақ, онымен қоймай «Бір бөлмелі пәтеріңізді бізге сыйға беретін шығарсыз» дейді. Ол айтпаса да ініме өзім де беретін едім, енді бермейтін болдым.
- Иә, қазіргі жастар...
- Бауырыммен бүгін жақсылап сөйлеспесем болмас. Әлден бұлай болса, бара-бара не болмақ?
- Қайтесің жастардың арасына түсіп, уақы өте келе бәрі орнына келеді...
- Сіз солай ойлайсыз ба? Алан Рахметович екеуіңіз үйленген кезде сіздерде осы дүниенің бәрі бар ма еді?
- Біз үйленгенде ме? – деп Гауһар терезеге қарап кетті. Есіне... есіне...
...Қолына дипломын алып сыртқа шықса, мұғалімі күтіп ұр екен. Қолында екі үлкен чемодан. Өзі сондай көңілді.
- Гауһаржан, дипломың құтты болсын! – деп бетінен сүйді. Өнебойын ток соғып өткендей болды. Төрт жыл бір үйде, бір бөлмеде тұрса да қолынан ұстап көрмеген ер адамның күтпеген жерден бетінен сүйгенін неге жорырға білмей, екі беті қып-қызыл боп кетті.
- Ағай...
- Айналайын, енді біз жалдап алған пәтерге бармаймыз.
- Енді қайда барамыз?
- Біздің, то есть сенің өз үйің болады.
- Қалай-қалай?
- Жүре ғой, - деді мұғалім күліп. – Баяғыда біреу айтыпты ғой «Лашық болса да өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп. Кеттік.
Олар жолай дүкеннен бір шампан, оны-мұны алып, трамвайға отырып қаланың шетіндегі Затон ауданына келді...
- Апай, апай! – деп Меруерт саусақтарын жазып, оның көз алдына шеңберлеп өтті. – ені естіп отырсыз ба?
- А, - деп Гауһар күлді. – Иә, иә, не айтып отыр едік?
- Сіздер үйленгенде...
- Ә, қу қыз, бәрін біліп алмақсың ғой. Оданда өзің қашан тұрмыс құрмақсың?
- О, апай! – Меруерт аппақ тістерін көрсетіп күлді. – Суретші жігітіміз әлі өзінің ұлы туындысын салып біткен жоқ.
- Иә, - деді Гауһар күліп, - Ақберен досым менің портретімді салып, жүзімнің жартысын қап-қара қылып қойып еді ғой... Ой, сонда ағаңның ақшасын төлеуін төлеп алып, сол күні-ақ отқа жағып жібергені...
Меруерт төмен қарады.
- Шарап ішемісің? – деді Гауһар оның ыңғайсызданып отырғанын байқап.
- Жоқ, апай, жұмыс көп менде. Сіз де ішпей-ақ қойыңыз, бастық білсе ұрсады. Ол кісінің ішкенін көрмеппіз...
- Микажан-ай, ағаларың алтын адам ғой. маған ешқашан ұрысқан емес. бірақ мен саған бір қызық айтайын ба? – деп Гауһар жан-жағына қарап алды.
- Айтыңыз, - деді Меруерт.
- Осы сауда үйін ашқан жылы болар, Мәрмәр теңізінде демалдық қой. Кешкісін ресторанда вискиден бір-екі ұрттап еді, «Гүзәл, Гүзәл» деп түріктің биші қызының артынан қалмай қоймасы бар ма!
- Қойыңызшы, апай, біздің бастықты мазақтамаңыз. Я вам не верю.
- Шын айтам, - деп күлді Гауһар. – Ертеңінде ағаларың менен ұялып тығылғанын көрсеңдер.
Меруерттің есіне дауыс көтеріп сөйлеген әйел түсті.
- Бағанағы клиенттерді түсінбей қалдым ғой...
Жаңа ғана жарқылдап күліп отырған Гауһардың өңі әп-сәтте бозарып кетті. Үн-түнсіз отырды да:
- Диманы шақыр, үйге қайтамын, - деді. Меруерт оның жүзін көріп шошып кетті.
- Қазір, апай, - деп орнынан тез көтерілді.
«Сол түн болмағанда...» - Гауһардың тынысы тарылды.
Ентігіп оққағары келді. Меруерттің көзі бақырайып, не болып қалғанын түсінбей тұр.
- Апай, мен артық бірдеңе айтып қойдым ба?
- Жоқ, - деді тынысы тарылып Гауһар. – Сол түн болмағанда ғой...
- Не дейсіз, сол түн? Ұқпадым.
Гауһар оған жауап берген жоқ.
- Мені үйге тез жеткіз, - деді оққағарға қарап.
Төсегіне құлап түсті. Өксіп-өксіп жылады. Ықылық атып жатып ұйықтап кетіпті.
Ояна алмай қиналды. Қиналды.
- Жаным, тұршы, саған не болды? – деді күйеуі.
«Сол түн болмағанда ғой...»
Ыстығы көтеріліп, күйіп-жанды.
- Қазір, қазір, дәрігер шақырамын.
«Сол түн болмағанда ғой...»
Дәрігер көп бөгелмеді. Шынысы қалың көзәйнегін алды да, жасаураған көзін сүртті.
- Жігітім, қорқынышты ештеңе жоқ. Жұбайыңыздың жүйкесі тозған, - деді.
- Не дейсіз, жүйкесі тозған?
- Жүйкесі тозған. Жақсылап тынықсын, бассейнге барсын, таза ауаға шықсын, тіпті моншаға түскенде қайың сыпыртқысын пайдаланғаны дұрыс.
- Сіз не айтып тұрсыз? – деді Алан түрін суытып. – Жүйкесі тозған деген не сөз? Сіз... сіз кімнің үйінде тұрғаныңызды білесіз бе? Бұл әйелдің жүйкесін тоздыратын не жағдай бар?..
- Бауырым, - деді, оңаша сөйлесейік дегендей қолтығынан ұстаған дәрігер түк басқан қабағын керіп. – Сіз білесіз бе?..
- Иә?
- Өмірде, - деді сыбырлап, - адам баласына дәріден де бір ауыз жылы сөз қажет болатын кездер болады. Сондықтан, жұбайыңызға анда-санда көңіл аударып қойыңыз.
- Авраам Исаевич, түк түсінсем бұйырмасын.
- Онда мен сізді түсіндім, - деді жасы келген дәрігер күоімсірей қарап. – Мен сізді түсіндім, ренжімесеңіз шығарып саласыз ба?
Қақпадан дәрігерді шығарып салып, ойланып тұрып қалды. Ойына келген сұраққа жауап іздегендей, еңселі үш қабатты үйіне қарады. Терезесі жарқырап тұр. Үнсіз сәкіге барып отырды. Ойланды. «Не жетпейді, жүйкесі тозғаны қалай? Әллде бір жері ауыра ма? Менен не жасырып жүр?..»
Тықыр-тықыр еткен аяқ дыбысына жалт қараса, Дима келе жатыр.
- Алан Рахметович, бағбан шал келіп тұр, ішке кіргізейін бе?
- Не боп қалды тағы екі кештің арасында, бұларда трәтіп бар ма өзі?.. Кіргіз.
Дима пультті басты. Есік ашылды. Бір себет алқызыл гүлдерді көтеріп бағбан шал келді.
- Мынау ненің құрметіне?
- Гауһар Өмірзақовна ауырып қалды деп естідім. Ем болсын дегенім...
Алан мырс етіп күлді. «Бар, өзің тапсыр» дегендей ишара білдірді.
Шал жоғары көтерілді.
Алан аулада қалғысы келмей үйге кірді.
- Ой, қандай әдемі гүлдер! – деді Гауһар.
- Қызым, өзіңе әдейі әкелдім, ертеңге қалдыруға шыдамадым, - деді Бағбан шал.
Олардың сөзін баспалдақпен көтеріліп келе жатып естіді. Бір бүйірден табағын көтеріп күтуші әйел шықты.
- Апай, байқаңыз, Вася досыңыз бар.
- Не дейді, құдайым-ау, екі кештің арасында ол қақпасқа бұл үйден не керек?
Күтуші әйелдің таңырқаған түрін көріп Аланның күлкісі келді. «Осы екі қарияға не жетпейді өзі?».
- Сіз шақырды дейді, - деп күлкісін әрең жасырды.
- Ол қақпасты ма, баяғы бір шөлмек дәметіп жүрген шығар.
- Жоқ, жылыжайдан келе жатыр екен.
Күтуші әйел есікті қақпастан ішке кірді.
- Гауһаржан...
Бір себет гүлді көріп таңырқап қалды да, бойын тез жинады.
- Сен бар, шыға тұр, Гауһаржанға ыстық сорпа әкелдім. Бөгет жасама...
- Апай, көрдіңіз бе, Вася ағай маған гүл әкелді, - деді Гауһар.
- Бұған ондай ақыл қайдан келсін, Дима айтқан шығар...
Бағбан шал миығынан бір күліп алды да:
- Гауһаржан, бұл апаңа өмірі ешкім гүл сыйламаған ғой, ілтипаттың не екенін қайдан білсін, - деді.
- Маған ба, маған гүл сыйламақ түгілі, би кешінде мен үшін жігіттер төбелесіп қалатын. Факстрот, твист деген билер бізден қалған, - деп етжеңді күтуші әйел ырғалып-ырғалып қойды. Гауһар күліп жіберді.
- Қане, қане, тағы билеші, - деді бағбан шал.
Осы кезде бөлмеге Алан кірді.
- Басеке, мына кемпірдің биін көріңізші, - деп бағбан шал ыржалақтады.
- Несі бар, жап-жақсы. Апай, жалғастыра беріңіз, - деді Алан күлімсіреп.
Күтуші әйел бетін бір шымшып, бөлмеден шығып кетті.
- Сізге рахмет, Вася ағай, гүлдеріңіз әдемі екен. Осы үйдің ауласында неге өсірмей жүрсіз?
- Бұл Алжир гүлдері, бес жыл болды, әрең жерсіндіріп келе жатырмын. Алла бұйыртса, оншақты көшетті осында әкелмекпін.
- Вася ағай, - деді Гауһар, - сонда қалай, біздің аулаға бірден отырғызса өспей ме?
- Қызым, бұл пияз емес қой. Бұл гүлдің ерекшелігі – адам бойындағы кеселді өзінің бойына сіңіреді. Өте нәзік гүл, бұлардың өз жүрегі бар...
Бағбан шалдың бір сөйлесе ұзаққа кететінін білетін Алан оны арқасынан қағып:
- Вася ағай, әлемде сіздей бағбан адам жоқ шығар. Ал қазір Гауһар Өмірзақовна демалсын, - деді.
- Иә, иә, жақсы, демалыңыз, тез сауығыңыз, - деп бағбан шал бөлмеден шығып кетті.
- Уһ! – деді Алан. – Осы сенің кемпір-шалдарыңнан әбден жалықтым. Сөздері көбейіп барады, мүмкін, бұлардың орнына басқа біреулерді аларсың...
- Жо-жоқ, олай демеші, онсыз да бүгін өле салғым келді... – деп, алақанымен аузын жаба қойды.
- Не?
- ?..
Алан келіншегінің жанына келіп отырды. Маңдайынан сипады. Бетінен сүйді.
- Жаным, өле салғаны несі?..
- Жай айта салғаным ғой, осы үлкен кісілерге бауыр басып қалдым...
- Ол әңгімені енді қозғамайық, - деп Алан күлді де, жамылғысынан шығып қалған келіншегінің бақайын бас салды. Гауһар аяғын тарта қойды. Күйеуіне еркелей қарады... Сол сәтте телефон шырылдады.
- Алло! – деді Алан. – Тыңдап тұрмын... Иә, иә, не дейсің, финпол? Неге, неге? Бірдеңесін бермедіңдер ме? Алмайды? Онда өзім барармын.
Гауһардың көзі бақырайып кетті.
- Алаңдама, - деді күйеуі. – Мен Курчатов қаласына барып келейін. Біздің вагондарды финполдың жігіттері жібермей тұр екен...
- Шаршадың ғой, ертең барсаңшы.
- Ертеңге қалдыруға келмей тұр ғой.
- Мен киімдеріңді дайындайын.
- Жо-жоқ, әуре болма, жаным. Күртешені алсам болды, Құдай бұйыртса тез қайтамын.
- Байқашы, сен үйден шығып кетсең алаңдаймын.
- ?..
Алан келіншегінің маңдайынан сипап, ернінен сүйді.
- Шашың ағарып барады ғой, жаным, - деді Гауһар оның шашын саусақтарымен салалап.
- Мен жүремін, сен алаңдамай ұйықта.
Гауһар күйеуінің иығын, білеу-білеу бұлшық еттерін сипалап қойды.
- Байқап жүрші...
- Алаңдама, - күйеуі бөлмеден асығыс шығып кетті.
Гауһар телефонның түймесін басты.
- Туна апай, басеке жол жүріп барады. екі термос шай, оны-мұны салыңызшы, - деп трубканы қойды да, орнынан тұрды.
Есік пен төрдей сүлік қара «Toyota-40» сырғып кеп есіктің алдына тоқтады. Димаға күйеуі бірдеңе айтып жатыр. гауһар екінші қабаттың терезесінен бәрін көріп тұр.
- Шеф, хозяйка терезеден...
Алан артына бұрылмады, Димаға ақырын сыбырлап сөйлей берді:
- Сен маған хозяйкаңның бүгін қайда барғанын, кіммен сөйлескенін анықтап бер.
Дима басын изеді.
«Жастық салу керек еді ғой, жол бойы ұйықтап барады ғой...»
Гауһар терезені ашқанша «Toyota» лып етіп қақпадан шығып кетті.
«Енді не істедім, «Hummer»-ге неге отырмады екен?..»
Күйеуіне телефон шалды. Ұз-а-ақ. Жауап жоқ. Тағы шалды.
- Не болды?
- Жаным...
- Біз қаладан шығып кеттік. Ұйықта! - Күйеуінің дауысы әмірлі шықты. – Шаршадым.
Гауһардың өнебойы мұздап кетті. «Ренжітіп алдым-ау».
Жарықты сөндіріп, төсегіне жатты. Кірпігі айқаспады. Ой, ой, ой. Көз алдына небір елестер келді.
«Сол бір түн болмағанда...»
Мың-мың мәрте қайталады. Ойланды.
Үн-түнсіз екі иығы селкілдеп жылады.
Кемсеңдеп жатып ұйықтап кетіпті.
- Қызым, тұра ғой, түс болды ғой, - деп күтуші әйел екінші қайталағанда көзін ашты. – Түс болды, қызым, сені оянды ма деп Аланжан үш рет қоңырау шалды.
Басы мең-зең. Орнынан тұрып, жуынатын бөлмеге қарай бара жатыр еді...
- Қызым, мынаны қара, - деді күтуші әйел. – Гүл емес, сыпыртқы ғой мынасы, қақпас шал-ай, Алжирдің гүлі деп қояды, жолдың шетінен жұлып алған шығар...
Гауһар таңғалды. Аппақ гүл қурап, қарайып жүдеген. Солған.
- Апыр-ай-ә! Вася ағай кеше кешкісін ғана әкеліп еді ғой...
- Осы гүл солғанша, Вася ағаңның екі аяғы көктен келмейді екен.
Гауһар басын шайқап күлді де, жуынатын бөлмеге кіріп кетті.
Көбік шашқан джакузи жанына барып отырды. Ұз-а-ақ ойланды. «Қайрат, сені ұмытып едім ғой... Жо-жоқ, ұмытқаның не, сені ұмытайын деп аласұрып жүрмін ғой... Іштей ойлап... қаншама күндер-түндер азап көргенімді білсең ғой...»
- Қызым, – деп дауыстап күтуші әйел есікті қақты, – өзің жақсы көретін
сүлгіңді әкелдім.
- Киім ілгішке іле салыңыз.
Есік ашылды да жабылды. Бүлк-бүлк еткен кең джакузиға бір сүңгіп алды. Айнаның бетін сүртіп еді, жалаңаш иығына қара шашы төгілген өз бейнесін көрді. Ұп-ұсақ тамшылар кірпігіне кірмей жатыр. Ұсақ-ұсақ тамшылар...
Гауһардың есіне ең алғашқы Затондағы лашық үйлері түсті.
...Табалдырықтан аттар-аттамастан жағымсыз иісті сезіп тұрып қалған.
- Гауһаржан, бұл үй сенің дипломыңа көрімдігім болсын... Жері де бар он сотық.
- Мұғалім, не ғой...
- Айналайын, сен енді бүгіннен бастап мені мұғалім деп айтпайтын боласың.
Гауһар буын-буыны дірілдеп, үндемей қалған...
Құс қомданар уақытта душ қабылдап шықты. Ақырын басып түнемелге бара жатқан оны күтуші әйел көріп қалып, жанына жетіп келді.
- Қане, қане, дастарханға жүр, тауықтың етін асып, кеспе көже жасап
қойдым.
- Киініп алайын.
- Халатпен жүрсің, ештеңе етпейді, екеуіміз ғанамыз ғой...
Каминнің жанындағы креслоға отырған оның бойы бірден жылынды. Бір шара кеспе көженің иісі бұрқырап, тәбетін ашып жіберді.
- Апай, рахмет.
- Қызым-ау, денсаулығыңды күтсеңші, - деп сөзін бастап келе жатты да,
есіне әлдене түсті ме, төменгі қабатқа кетті.
Шытыр-шытыр етіп жанған ағаштың жылуы мен ыстық тамақ жанын рахатқа бөледі. Әп-сәтте маңдайы терлеп, денесі бусанды. Күтуші әйел кешігіңкіреп барып шай мен тәттілерін көтеріп келді.
- Қалайсың, қызым?
- Өте дәмді болды, апай, рахмет сізге...
- Кел, шай ішейік, мына шайды арнайы демдедім. Жеті түрлі шайдан жеті
қасық және сонша қасық шөп бар.
Хош иісті ыстық шайдан бір ұрттаған Гауһар күліп жіберді.
- Шайларды Индиядан, шөптерді Вася ағайдан алған шығарсыз...
- Ой, жынды қыз-ай, таң атпай сен үшін әуре боп жүрсем, Вася қақпасты айтады ғой, – деп жорта бұртиды.
- Қайдан білейін, бағбан шалды аузыңыздан тастамайсыз...
- Қайтем ол қақпасты?
Күтуші әйел екеуі шайды әзілдесіп отырып ішті. Ыдыс-аяқты жинай қойғысы келмегендей әңгімесін жалғастырды.
- Қызым, - деді сәл күрсініп алып, – өзіңді ойласаңшы. Сен әйелсің, міне
отыздан асып кеттің. Бала көтеруің керек, құдайға шүкір, бәрі жеткілікті емес пе..
- Иә, апай, бар ғой...
- Өзгеріп барасың... Ішіңде не шер бар, қызым?.. Ақтарсаңшы. Керек
болса жылап ал. Бірақ, іштен тынба. Еркекке айтатын шындық та, айтпайтын шындық та болады, байқаймын, күйеуіңе айта алмай жүрген бір әңгімең бар сияқты...
- Сіз оны қайдан білесіз?
- Мен де әйелмін ғой, қызым, неге білмеймін? Өзіңді-өзің қинай бермей сырыңды ақтар, Аланжан түсінігі мол адам ғой...
- Күйеуім керемет адам, оны өзіңіз білесіз.
- Ал, қызым, сен басыңдағы бағыңды бағалай біл, еркек үшін әйелдің
адалдығы аздық етеді.
- Ой, Туна апай, сіз...
- Иә, иә, Туна апайың осал емес, солдаттан генерал жасаған қатын көп
шығар, ал мен прапорщиктен полковник жасадым, он жылдың ішінде, әттең өмірі қысқа болды. Әйтпесе, о дүниеге лампас киіп кетер еді.
- Ну, апайка, даёте, - деп күлді.
- Ал қазір сәл демалып ал да, төменге түс, күйеуіңе өз қолыңмен тамақ істе, түбін күйдірсең де ниетіңмен жасасаң еркектің жүрегін жаулайсың.
- Иә, иә.
Каминге мол қылып ағаш салып жібергенін өзі де білмей қалды. От жанып жатыр. Ойланды. «Сол түн болмағанда ғой, сол түн болмағанда ғой... Сол түн, қарғыс атқыр сол оқиға». Көзінен мөлт-мөлт еткен қос тамшыны оттың қызуы құрғатып жіберді.
Гауһар орнынан тұрды.
Баспалдақтан төмен түсіп келе жатқан оны көріп күтуші әйел күліп жіберді.
- Қызым-ау, мына киім киісіңді үйді қағып-сілкетін адамға ұқсатамын, -
деді таңырқап.
- Осы сізге Вася ағай екеуміз жақпай-ақ қойдық қой, а, Туна апай...
- Сенің бір тал шашыңнан садаға кетсін ол қақпас, ал, не істейміз, не
бұйырасың?..
- Маған бір тауық, үш-төрт алма, екі помидор, дәмдеуіштер, сарымсақ, төрт картоп, майонез беріңіз.
Күтуші әйел сұрағанының бәрін алдына қойды да, Гауһардың не істейтінін бақылап тұрды.
Бройлерді мүшелеп бұзып, барлығын жақсылап араластырды. Майонезді көп салды. Тұз-бұрышты да аямады. Фольгаға дәл қырық қабаттай қылып орады.
- Қызым-ау, мынауың ботқа болды ғой, енді не істемексің?
- Аулаға шығып от жағамын да, шоққа орап тастаймын.
- Жо-жоқ, атай көрме, дала суық, ауырып қаласың...
- Онда мен, – деді Гауһар күліп, – каминде пісіремін.
- О тоба, о заман да бұл заман каминге тамақ пісіргенді кім көрген?
- Мен дайындаймын.
Гауһар жоғарыға қырық қабат фольганы көтеріп кетті.
- Қой, кәрі кемпір жастармен жас болма, одан да тамақ әзірлеуге кірісейін,
– деп өзімен-өзі күбірлеп жүр еді, телефон шырылдады.
- Алло, Туна апай, бұл үйде мені ойлайтын адам бар ма өзі?!
- О не дегенің, Аланжан, саған алаңдап отырмыз... Иә, түсте тұрды. Ұйқысы
қанбаған ба, есіней береді, өзіңе арнап каминге тамақ пісіріп жатыр... Иә, иә, соны айтамын-ау, көрерміз не болатынын. Жо, о, не дегенің, мен емес, өзіңсің еркелетіп жіберген.
Гауһар фольгаға оралған тамақты шоққа көміп тастады. Қып-қызыл шоқтар. «Затондағы» үйдің ауласы есіне түседі.
От жағып, екеуі ұзақ әңгімелесетін.
- Айналайын, әлі көрерсің, өзіміздің керемет үйіміз, кәсібіміз болады.
- Сенбеймін, ескі үйдің ауласына мына үйді әрең салдық.
- Жаным, маған сенбеген адамды жек көремін, есіңде болсын...
Қып-қызыл шоқтар.
Көзі жасаурап отырып, қалғып кетіпті. Есік қағылды. Қараса, ыржиып Дима тұр. Күтуші әйел оны ішке кіргізді.
- Туна апай, то есть, мамаша золотая.
- Қарным ашты деші.
- Иә.
- Әй, оңбаған-ай, қолыңды жу да отыр, бастық келе жатыр.
- Білемін.
- Сенің білмейтінің болсашы, - деп күтуші әйел оған үлкен кесе кеспе көже
құйып берді.
- Туна апай, біздің шахиня, то есть хозяйка тамақ ішті ме?
- Әрине, оны қайтейін деп едің? Жап-жас болып осы сенің тіміскіленіп
жүретінің не осы...
- Жүз грамм ішті ме дегенім ғой, – деп өңшін сұқ саусағымен шертіп қалды.
- Не, не? - Күтуші әйелдің өңі өзгеріп кетті.
- Дәрі, сироп ішті ме дегенім ғой, - деп қулана күлді оққағар жігіт. - Әйтеуір, Вася ағай екеуіңе жақпай-ақ қойдым ғой, – деп жорта өкпеледі.
- Жарайды, жарайды, ана қақпасты ауыздарыңа алмасаңдар болмай ма? Мен жоғарыға барайын. Біздің қу қыз не істеп жатыр екен...
Күтуші әйел ентігіп жоғары көтеріліп бара жатқанда Дима ұялы телефонын қолына алды. «001-шеф» нөмірін терді...
- Уһ, Алла-ай! – деп екінші қабатқа көтерілген күтуші әйел сәл демін алды да: - Қызым, қайдасың? – деп дауыстады.
Үн жоқ. Креслода бүрісіп Гауһар ұйықтап жатыр. Күтуші әйел орнында тұрып қалды.
- Ұйықтап жатырсың ба, қарағым?..
- ?
- Әй, қызым-ай, - деп жамылғымен қымтап қойды. Көзі шоққа көмкерілген фольгаға түсті. Иіс. «Күйіп кетпесе мұнысы, тәтті ғой...»
Қою қара шаштары иығына төгіліп түскен, ұзын кірпіктері жұмылған Гауһар алаңсыз ұйқыға кеткен. Күтуші әйел оған қарап тұрып: «Шіркін-ай, бір шарана көтерсең ғой, уайым-қайғыңды ұмытар едің» деп ойлады іштей. Жарықты өшіріп, төмен түсіп келе жатыр еді, есіктің қоңырауы соғылды. «Қазір, қазір» дегенше, Дима жүгіріп барып есікті ашты. Қожайын келіпті.
- Жаным! - Көзін ашқан Гауһар күйеуінің мойнына асылды. - Аман-есен келдің бе? Алаңдадым ғой...
- Шаршадым, жуынып алайын, - деді күйеуі.
- Мен, мен...
- Аланжан, Гауһар Өмірзақовна өзіңе арнап күні бойы тамақ істеді.
- Көрініп тұр, күні бойы тамақ істеп шаршағаны, - деп қысқа қайырды.
Күтуші әйел оның дауысындағы салқындықты сезіп, не істерін білмей бір орында сілейіп тұрып қалды. «Ойбай, мұның мұндай мінезі жоқ еді ғой».
- Апай, не істейміз? – деп жанына Гауһар келді. – Осы каминнің жанында отырып тамақ ішсек...
- Өзің біл, қарағым, мен тұшпара дайындап қойғанмын. Жүр, бауырсақты тездетіп пісіріп жіберейік.
Ол жуынатын бөлмеден шыққанда журнал үстелінің үстін екі әйел жайнатып жіберді.
- О, дәмді тамақтың иісі мұрнымды жарып барады ғой... Қане көрейік.
Әйелдер бір-біріне қарап күліп қойды.
- Так, көрейік. Ыстық бауырсақ, о, сірне жасағансыңдар ма?
- Мен тұшпара жасадым, мына фольгадағы тамақты Гауһаржан жасады.
- О, керемет! – Алан екі алақанын шарт еткізіп бір-біріне соқты. – Қане, ас иесімен тәтті деген, келіңдер.
- Қалай екен? – деді күтуші әйел оның тамақты сүйсіне жеп отырғанына қарап.
- Керемет. Сіз неге дәм ауыз тимей отырсыз?
- Мен бүгін, рұқсат болса, үйге барсам.
- Әрине, әрине, - деді бармақтарын жалап қойып. – Қазір Дима сізді апарады.
- Өзім қайта берем ғой. Кезекші машина бар емес пе...
- Димо-ау, қайдасың?
Өңкілдеп жүгіріп оққағар жігіт келді.
- Слушаю вас, шеф.
- Димон, Туна апайды үйіне апарасың, өзің де бүгін демал. Ты заслужил сегодня отдохнуть.
Күтуші әйел рахмет айтып, кетіп бара жатып өз-өзінен күбірледі: «Құдайым, өзің сақтай гөр».
- Туна апай, - деді төменге түскен соң оққағар жігіт, - сіздің дәмді тұшпараңыздан келіншегіме ала барсам, әлде Вася ағайға қалдырдыңыз ба?
- Әй, оңбаған, аспен бірге оның атын атаушы болма!
- Қойдым, қойдым, - деп ыржалақтады оққағар. Күтуші әйел күңкілдеп жүріп банкіге тұшпара құйды да, Димаға берді.
- Үйге барған соң сәл-пәл қыздырып берерсің. Келіншегің қалай?
- Ептеп жүре бастады, бірақ әлі қайда... – деді оққағар күрсініп...
Тарс-тұрс есік жабылды.
- Туна апай үйін

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив