Болашақ кәсіпкерлер мемлекеттік грант ала алады
Өскемендегі түрлі оқу орындарында біліп алып жүрген елуден астам болашақ кәсіпкер кәсіпкерлік негіздері бойынша тегін оқып, арнайы сертификаттар алды. «Жас техниктер станциясы» ғимаратында орналасқан «Авангард плюс» мектебінде бесінші оқыту маусымы аяқталды.
«Авангард плюс» кәсіпкерлер мектебі – жастарға кәсіпкерлік негіздерін кешенді түрде тегін үйрететін еліміздегі алғашқы әрі жалғыз әлеуметтік-білім беру жобасы. Мұнда білім алушылар жылына екі рет – көктем мен күзде қабылданады.
Сабақ барысында тәжірибелі кәсіпкерлер, түрлі сала мамандары, мемлекеттік қызметшілер мен «Авангард плюс» мектебінің түлектері өздерінің бай тәжірибелерімен бөлісіп, тыңдаушыларды мемлекетіміздің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауы және осы салаға қатысты заңнамалар жайлы хабардар етеді.
Мәресіне жетіп отырған бесінші маусымда 51 адам оқуын аяқтады. Оқу барысында маркетинг, PR және жарнама, іскерлік байланыс этикасы, сияқты 13 пәннен білім-біліктерін жетілдірді. Сонымен қатар кәсіпкерлік нысандарында болып, алған білімдерін тәжірибемен ұштастырды. Тыңдаушылардың сұранысына орай оқу бағдарламасы шамалы өзгеріп тұрады.
«Авангард плюс» мектебінің ашылғанына екі жыл болды. Әр курс үш айдан тұрады. Ерекшелігі сол - тыңдаушылардың жас шамасына шектеу қойылмайды. Яғни мұнда студенттерден бастап өз кәсібін ашқысы келетін зейнеткерлер де оқи алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әуел баста бұл жоба кәсіпкер әйелдерге арналып ашылған. Алайда, оқуға ниет білдірушілердің сұранысына қарай жобаны кеңейтіп, бәріне бірдей қолжетімді еткен. Кәсіпкерлік мектебін тәмамдап, сертификат алған 443 адамның үштен бір бөлігі өз кәсібін ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Жас Отан» жастар қанатының кеңесшісі Шолпан Мұсабаеваның айтуынша, кәсіпкерлік мектебін бітіріп, сертификат алған жастарға бизнес-жобалар жәрмеңкесіне қатысып, «Бизнестің жол картасы» аясында мемлекеттік гранттар жеңіп алуына мүмкіндік туады.
-Кәсіпкерлік мектебінде алғам білім болашақ идеямызды дамытуға көмектеседі. Кәсіпкерлік саласында қандай қателіктерге жол бермеу керектігін үйрендім. Өңірімізде қандай кәсіп ашу тиімді екендігін білдім. Мәселен, Өскеменде ойын-сауық орталықтарын ашу сұранысқа ие кәсіптердің бірі,-дейді «Авангард плюс» мектебінің түлегі Дина Социалова.
Кәсіпкерлік мектебіне жаңа тыңдаушыларды қабылдау алдағы қаңтар айында жүргізіліп, оқу ақпанда басталады. Жобаны іске асырып отырған – Елена Березинская -Абилова басшылық ететін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық іскер әйелдер кеңесі.