KZ
Өскемен
-5°
небольшой снег жел 1 м/с, С
523.54 546.47 4.99

«Айғақтарды сақтау» институты енгізілді

фото: zakon.ru

29.03.2024, 15:49 149

Қылмыстық процесті оңайлату, оңтайлы құқықтық тетіктерді енгізу мақсатында еліміздің жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексінде «айғақтарды сақтау» институты енгізілді. Бұл – жәбірленуші мен куәгердің айғақтарын жазбаша түрде бекіту.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өтінішке жәбірленуші мен куәгердің айғақтарын сақтаудың қажеттігін растайтын қылмыстық іс материалдарын қоса береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Тергеу судьясы өтінішхатты материал тіркелген кезден бастап 24 сағат ішінде қарайды және нәтижелері бойынша өтінішхатты қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы дәлелді қаулы шығарады. Кәмелетке толмаған жәбірленушіден, куәгерден жауап алу туралы өтініш міндетті түрде қанағаттандырылуға тиіс. Өтініш қанағаттандырылған жағдайда тергеу судьясы жауап алудың уақыты мен күнін белгілейді. Сот отырысының хатшысы тараптардың қатысушыларына сот отырысын тағайындау туралы дереу хабарлайды.

Кәмелетке толмаған жәбірленушіден, куәгерден жауап алу кезінде сот отырысы жабық өткізіледі. Жабық сот отырысы прокурордың, күдіктінің адвокатының, жәбірленушінің (куәгер) адвокатының, психологтың, педагогтың, жәбірленушінің (куәгердің) заңды өкілінің қатысуымен өтеді. 14 жасқа дейінгі жәбірленушіден немесе куәгерден жауап алуға қатысу үшін және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қалауы бойынша 14 жастан 18 жасқа дейінгі жауап алуға қатысу үшін жауап алуға педагог пен психолог шақырылады. Егер күдіктінің жауап алуға қатысуы жәбірленушінің (куәгердің) қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, күдікті жауап алуға шақырылмайды. Себебі, күдіктінің қатысуы жәбірленушінің (куәгердің) дәл емес айғақтарына әсер етуі мүмкін.

Кәмелетке толмаған жәбірленушінің немесе куәгердің айғақтарын сақтаудың артықшылығы – кәмелетке толмаған жәбірленушіден немесе куәгерден кейінгі жауап алудың қажеттілігін жояды. Бұл өз кезегінде кәмелетке толмаған жәбірленуші немесе куәгердің психотравматикалық соққы алуының алдын алады.

Тергеу судьясы сақталған жауап алынатын адамның айғақтары жазылған сот отырысының хаттамасына судья мен сот отырысының хатшысы қол қояды. Айғақтарды сақтау кезінде қатысушылар сот отырысының хаттамасын алуға және 5 тәулік ішінде өз ескертулерін айтуға құқылы. Сот отырысының хаттамасына қатысушылардан ескертулер келіп түскен жағдайда, айғақтарды сақтау кезінде бұл ескертулерді тергеу судьясы қарап, оларды қабылдау не қабылдамау туралы қаулы қабылдайды. Осы ретте, ескертулер келіп түскен күні қаралатынын айту керек. Осыдан кейін сот отырысының хаттамасы мен тергеу судьясының қаулысы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органға жіберіледі және қылмыстық істің материалдарына қоса тіркеледі.

 

А.Т.Қуашпаева

Өскемен қаласының мамандандырылған
тергеу соты сот отырысының бас маман-хатшысы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу