KZ
Өскемен
-9°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО: Тасқынның екінші толқынына дайындық жүріп жатыр

11.04.2024, 15:48 214 Нұржан Кенжеұлы

Еліміздің экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Глубокое ауданында болып, Каменный Карьер және Таулы Үлбі ауылдарындағы су тасқыны жағдайымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, Каменный Карьердегі 21 үйге су басу қаупі төніп тұр. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін төрт ұйыммен меморандумдар жасалды.

Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашиновтың айтуынша, қазір Үлбі өзеніндегі су деңгейі 304-310 сантиметрге жетіп отыр. Бұл ретте, қатерлі деңгей 380 сантиметр шамасында екенін айту керек. Аудандағы жағдай тұрақты. Бұл, бірінші кезекте, уақтылы ұйымдастырылған апаттың алдын алу жұмыстарының арқасында, деп хабарлайды әкімдіктен.

Сапары барысында Экология министрі жергілікті тұрғындармен кездесіп, халықтың пікірі мен тәжірибесі су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық кезінде ескерілуі керек екенін атап өтті.

«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалының директоры Ләззат Болатқанның айтуынша, өңірде жауын-шашын мен температураның көтерілуі күтілуде.

– Алдағы күндері облыс аумағының басым бөлігінде жауын-шашынды ауа райы сақталады. Әсіресе, өңірдің шығыс бөлігінде қатты жауын-шашын күтілуде, – деп мәлім етті Ләззат Болатқан. – Сәуірдің 14-нен бастап ауа температурасы көтеріледі. Түнгі температура 7 градус шамасында болса, күндіз сынап бағаны 20 градусқа дейін жетеді.

Мамандар жақында Шығыс Қазақстанға су тасқынының екінші толқыны келеді деп болжап отыр. Осыған байланысты барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп, облыстың қалалары мен аудандарындағы жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу