Өскеменде Үлбі өзенінің жағалауы нығайтылып, су тасқынының екінші кезеңіне дайындық қызу жүріп жатыр. ШҚО-ға іссапармен келген экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қарғын суға қарсы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ведомство басшысы облыс орталығының Бабкина мельница ауданындағы Үлбі көпірінің аумағында жүргізіліп жұмыстарды көрді.
– Біз қазір Бабкина мельница ауданындағы Үлбі көпірінің шеткі тіректерінің түбін су шайып кетпеу үшін өзен арнасына бөген салып, шетін биіктетіп жатырмыз. Сондай-ақ өзеннің жағалауы нығайтылып, қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Өйткені еріген қар суы мен жаңбыр суы қосылғанда таулы аймақтан келетін Үлбі өзенінің деңгейі көтеріліп, ағысы күшейеді, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.
Ертіс пен Үлбінің түйіскен тұсында орналасқан Өскемен шаһарында қарғын су жайылуы ықтимал учаскелер бар. Бүгінде осы учаскелерде тасқынның екінші толқынына әзірлік жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың барысын Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар баян етті.
– Қарғын судың алдын алу жұмыстары су тасқынына қарсы іс-шаралардың қалалық жоспары аясында іске асырылып жатыр. Қыс бойы жауған қарды қаладан шығарып, барлық су өткізуі құрылысы, арықтар мен каналдар тазаланды. Қазір Үлбі өзенінің үш учаскесінде жағалау нығайтылып, 27 мың текше метр құм-топырақ, шағыл тастар төгілді. Қажет болған жағдайда уақытша орналастыру үшін жиыны 1240 адамды қабылдай алатын «Үлбі» орталығы мен үш қонақ үйде, сегіз мектепте арнайы орындар дайындалды. Тамақтануды ұйымдастыруға 44 ниет-шарт жасалған, – деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.
Көпір аумағындағы тасқынға қарсы жұмыстарға бес техника, төрт тіркеме және 20 портативті мотопомпа, 120 адам жұмылдырылған.