ШҚО-да су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіліп отыр
Бүгін экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің қатысуымен өткен арнайы кеңесте ШҚО-дағы ағымдағы су тасқыны жағдайы және оған қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО ТЖД мәліметі бойынша, өңірдегі гидрологиялық жағдай тұрақсыз, өйткені метеорологтар жаңбыр мен қар жауады деп болжауда. Аумақтың шамамен 55 пайызында қар жатыр, ал қар жамылғысының ылғалдылығы нормадан жоғары.
Мамандар тұрақты негізде мұзы белсенді түрде еріп жатқан өзендердің арналарына аэровизуалды тексерулер жүргізіп отыр. Еріген суларды өткізу мониторингі күшейтілді. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде.
Су басудың барлық жағдайлары бойынша құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар барлық қажетті шараларды жедел қабылдады. 10 мың текше метрден астам еріген қар су сорылып, қапшықтар төселді. Жұмысқа барлық құрылымдар қатысты.
Тәуекел аймағында Риддер қаласы, Алтай және Марқакөл аудандары, сондай-ақ Шемонаиха және Глубокое аудандары қалып отыр. Жағдайды бірнеше күн бойы жауын-шашынның көп түсуі қиындатуда.
Сонымен қатар Экология министрі тұрғындарды осы жұмысқа тартудың маңызын атап өтті. Әрбір елді мекенде бұрынғы жылдары су тасқыны қай уақытта, қай жерде болғанын білетін жергілікті азаматтарды тарту арқылы бастамашыл топтар құруға болады.
Бүгін экология және табиғи ресурстар министрі Глубокое және Шемонаиха аудандарына барады.
Естеріңізге сала кетейік, ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Алтай ауданының Соловьево ауылында жүр, онда Березовка өзенінің су деңгейі күрт көтеріліп, үй маңындағы аумақтарды су басқан. Су басу аймағында 24 үй бар, тұрғындар эвакуациядан бас тартып, туыстарына уақытша орналастырылды. ШҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, су деңгейі 10-15 сантиметрге төмендеген. ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың техниктері мен қызметкерлері сол жерде кезекшілік етеді, адамдар өз мүлкіне алаңдамауы үшін екі полиция бекеті орнатылған.