Өскемен қаласындағы Әл-Фараби, 28 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындары ауланың жағдайына қатысты шағым айтып отыр. Балалар ойнайтын алаңда екі әткеншек пен сырғанауға арналған төбешік, бір карусель ғана орналастырылған, жобада көрсетілген футбол алаңынының орны қаңырап бос тұр дейді тұрғындар.
Ауладағы абаттандыру жұмыстарына жауапты мердігер берген кепілдіктің уақыты биыл желтоқсан айында аяқталады екен, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Тұрғындар кепілдік уақыты аяқталмас бұрын мердігер жобада көрсетілген нысандарды салып берсін деген талап қойып отыр. Аула жобасында футбол алаңының орны, сырғанауға арналған төбешік, өрмелеуге арналған нысан, карусель, әткеншек және өзге дүниелер белгіленген. Тұрғындар өткен жылы ауланың жағдайына қатысты Өскемен қаласының әкімдігіне өтініш жазып, ұсыныс тастаған. Тұрғындар өтініште футбол алаңына көгал төсеп, футбол қақпасын орнатуды, құмды алаңның құмын ауыстыруды өтінген. Одан өзге, тұрғындар қажет деп тапқан насындардың арасында тағы бір қосымша әткеншек, тенниске арналған үстел, жаңбырдан қорғайтын, балалар ойнайтын кішігірім үй, 2-4 орынға шақталған серіппелі әткеншек, волейбол қақпасы, тренажерларды көрсеткен. Сонымен қатар, жаңбардан қорғайтын жабық құрылым орнатуды, аумаққа көшет отырғызуды сұраған.
– Біздің осы үйде тұрып жатқанымызға екі жарым жыл болды. Біздің балалар алаңында бір сырғанауға арналған төбешік, бір әткеншек тұр. Футбол алаңы жобада көрсетілген, алайда ол жерде ештеңе жоқ. Біздің үйде көпбалалы 27 отбасы тұрады. Оның әрқайсысында кемінде 4 бала бар. Осы жылдың қараша айында аулаға жауапты мердігер берген кепілдіктің уақыты бітеді. Сол кезге дейін біздің ауланы қалыпқа келтіріп берсе екен, – дейді аталған үйдің тұрғыны Алуа Қаламқанова. – Тұрғындар мына төбешік пен әткеншектерді көрші үйден уақытша әкеліп қойған деп айтады, сол беті осы жерде қалды. Сырғанауға арналған төбешікте сырғанау үшін балалар кезек күтеді. Ерекше қажеттілігі бар балалар бар, олар сыртқа шыққанда күн сәулесінен, жаңбырдан қорғайтын ештеңе жоқ. Бір жыл бұрын қалалық әкімдікке өтініш жазғанбыз, алайда оған жауап келмеді. Абаттандыру жұмысына 95 млн теңге кеткен. Сол ақшаның қайда жұмсалғаны туралы есеп берсін. Мердігер бұл жерге жасанды көгал төселеді деген. Екі жыл болды, ештеңе дұрыс өспейді. Аулаға қарайтын адам бар. Шырша еккен, алайда оның бәрі қурап қалды. Мердігер басқасын әкеліп отырғызамыз деген. Бірақ әкелмеді деді.
Тұрғындар балалар алаңының маңында тау-төбе болып үйіліп жатқан құрылыс қалдықтарына да алаңдаулы.
– Құрылыс бөлімі басшысының орынбасарына құрылыстан шыққан қоқысқа қатысты өтініш айтып, жүгіндік. Ол осы жерге бірнеше мәрте келді. Алайда қоқыс сол күйі қалды. Бетон араластырғыштан аққан материалды шетке итеріп тастаған, оны да ақыры сол күйі тастап кеткен. Құрылыс қалдықтары қабымен шашылып жатыр. Бұл - үйден шыққан қоқыс. Кейде жел соққанда қоқыс ұшып, аулаға түседі, балалар да сүйреп әкеледі. Балалар жарақат алып қалуы да мүмкін, – деді МИБ төрағасы Татьяна Литвинова.
Тұрғындар атынан тағайындалған өкілдің айтуынша, олар үйді алар кезде ауланың жобасын көрмеген. Тек биыл 14 тамызда қала әкімдігіне барып, түсініктеме талап еткенде ғана жобаны берген.
– Біздің үйдің ауласын абаттандыруға барлығы 95 млн теңге бөлінген деп айтты. Қоқысты шығарған кезде шығын көбейгендіктен, олар жобадағы кейбір бөліктерді қысқартып тастаған екен. Алайда бастапқыда сырғанауға арналған төбешік, өзге нысандар бір данадан болған. Біздің өтінішімізге қатысты өткен жылы «Хабар» телеарнасын шақырған едік. Одан кейін әкімдік бізге көмектесуге уәде берген. Арматураларды алып тастады, кейбір жерлерді тазалады, құм әкеліп төкті. Енді тек ауланы абаттандыру бағдарламасына қатыса аламыз. Алайда өтінішті 2024 жылы ғана бере аламыз. Ал жұмыс 2025 жылы жүргіледі. Немесе инвесторлар есебінен істеуге тура келеді. Басында бізге ешкім ештеңе түсіндірмеді. Біз жобаны көрсетуді сұрағанда, оны бірден көрсетпеді, – дейді Татьяна Литвинова.
Өскемен қалалық құрылыс бөлімі осы мәселеге қатысты түсініктеме беріп, мән-жайды түсіндірді. Үйдің құнын арзандату үшін абаттандыру жұмыстарының бірқатары алынып тасталған екен.
– 2014 жылы өткен мемлекеттік сатып алу нәтижесінде үйдің және ауланың жобалық-сметалық құжаттамасын «Versal Engineering » ЖШС-нің проектілік ұжымы жасады. Осы ұжым 2015 жылы жобаны толықтай дайындады, 2016 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұл үйлер 19-шағын аудандағы 60А нысаны бойынша салынған. Жергілікті атқарушы органда үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған несиелік бағдарлама бойынша салынды. Үйдің құнын неғұрлым төмендету үшін ауланы абаттандыру жұмысының көлемі азайтылды. Соның ішінде архитектуралық кішігірім формалар орналастырылды. 95 млн қаражат жұмсалған жұмыстардың қатарында осы 108 пәтерлі 9 қабатты үйге инженерлік желі тарту да бар. Оның ішінде 767 метр электр желісі, 257 метр сумен қамту желісі, 150 метр кәріз желісі, 150 метр жылу желісі тартылды. Сонымен қатар, осы жоба бойынша 3400 шаршы метр алаңға асфальт, 1400 шаршы метр жерге брусчатка төселген. Жобада қандай жұмыс көрсетілсе, сол толық орындалды, – дейді құрылыс бөлімінің техникалық өндіріс секторының меңгерушісі Мадияр Әбілханов.
Оның айтуынша, ауланы қолданысқа бермес бұрын құзырлы органдар тексеру жүргізген.
– «Диа-Тех» ЖШС мемлекеттік сатып алу конкурсын ұтып алып, жоба жұмысын 2017 жылы бастап, 2022 жылы толық аяқтады. Жұмыс барысында авторлық және техникалық қадағалау сарапшылары бақылау жүргізді. Құрылыс сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі заңына сай жүргізілген. Бүкіл жұмыс тексерілді, құзыретті органдар аталған жұмыстарды қайта қарастырды. Құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін Ішкі мемлекеттік аудит, ревизиялық комиссия тексеріп, жобаға сай екені көрсетілді, – дейді Мадияр Әбілханов.
Ауланы абаттандыруға қатысты мәселені шешудің өзге жолы да ұсынылып отыр. Тұрғындар «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім беріп, қажетті құрылым, нысандарды көрсете алады. Сайтта дауыс беру кезеңінде көп дауыс жинаған тұрғын үйге абаттандыру жұмысы жүргізіледі.
– 2022 жылы Өскемен қаласының құрылыс бөліміне қарасты жер телімінің қаулысы жойылып, әкімшілік қаулысы қабылданды. Ол бойынша аталған үйдің меншік иелері бірлестігін (МИБ) заңдастыру жұмыстары 2022 жылы қыркүйек айында ұйымдастырылды. Сол кезде тұрғындарға «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына қатысуға болатыны айтылды. Ол үшін тұрғындар қажетті құжаттарды жинап, дауыс беру арқылы өз аулаларына осы жұмыстардың қажет екенін көрсетеді. Әкімшіліктің сайтында ол бағдарлама туралы ақпарат бар, – деп түсіндірді әкімдік өкілі.
Ал үй маңындағы қоқыс үйіндісіне қатысты әкімдіктің өз жоспары бар екен.
– Әл-Фараби, 28 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің маңындағы құрылыс қалдықтарын әкімшілік кейін біртіндеп алып тастайды. Жоспар бойынша ол жерде де үй салынады, – дейді Мадияр Әбілханов.